Әлқисса, Олимпиада ойындары ең алғаш 1896 жылы Афиныда өткен. Күрес түрлері – содан бері төрт жылдық доданың бағдарламасында. Тек 1900 жылғы Олимпиада ғана күрессіз ұйымдастырылды демесеңіз, қалғандарының барлығы да балуандардың қатысуымен өткен. Тіпті 2004 жылдан бастап әйелдер күресі де Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген. Дегенмен жақында Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Атқару комитеті бүкіл әлемнің күрессүйер қауымын дүрліктірген шешім шығарып, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің арасына күресті қоспады. Бұған күрес мамандары мен балуандар аң-таң. «Бұл шешім ұлттық спортқа да кесірін тигізеді» дейді жанкүйерлер. Бірақ, керісінше, «күрес түрлерінің Олимпиада бағдарламасынан шет қалуы ұлттық спорттың тынысын ашады» деушілер де бар. Ендеше, көпшіліктің көкейінде жүрген осы мәселені білікті мамандардың ой-көкпарына салып көрелік.
Жаңаберген Қармандаев, Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы:
иә
– ХОК-тың бұл шешімі төбемізден қойып қалғандай күйге түсірді. Не айтып, не ойларымызды да білмей қалдық. Шыны керек, сең соққандай халде жүргеніміз жасырын емес. Ақылға сыймайтын шешім. Күрес түрлерін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастайды деген ой ешкімнің түсіне де кіріп шықпаған шығар. Олай дейтінім, күрессіз Олимпиаданың не қызығы қалады? Сонау бастан Олимпиада бағдарламасында бар. Тарихы тереңде жатыр. Ежелден келе жатқан өнер. Дегенмен Олимпиада бағдарламасынан шет қалса, онда, шыны керек, ұлттық спорт түрлеріне де кері әсер етуі мүмкін. Өйткені халық күрестің барлық түрін бірдей қабылдайды.
Негізі, Халықаралық Олимпиада комитеті мұндай шешім шығарар алдында спорт түрінің рейтингіне, көрермендерді тарту деңгейіне қарайды. Бірақ күрес додаларында залда көрермен толып отыратынын бәріміз білеміз. Жемқорлық жайлаған, жүлделер сатылады дейсіз бе? Ол да жай әңгіме деп ойлаймын. Өйткені боз кілемге шыққаннан кейін алдыңда бір-ақ қарсылас тұрады. Егер жауырынын жерге тигізсең, ешкім сенің жеңісіңді тартып ала алмайды. Жемқорлықпен басқа федерациялар секілді FILA да қарқынды күресіп келеді.
Күрес түрлерінің Олимпиада бағдарламасынан тыс қалуына жол берілмейді деп ойлаймын. Өйткені тарихын қаузамай-ақ, бүгінгі күннің жайын айтқанның өзінде FILA әлемде кеңінен қанат жайған. Әлемнің 177 елінің ұлттық федерациясы мүше. Біз де өз тарапымыздан қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Халықаралық Олимпиада комитетінің атына ресми хат дайындадық. Соны жолдаймыз. Хаттың мазмұнында күрестің әлемге берер жақсы жақтарының барлығы қамтылған. Тарихы сонау тереңде жатқанына да тоқталдық. Көне заманнан бері күрес кез келген доданың көркін қыздырып келе жатқанын да атап өттік. Халықаралық күрес түрлері федерациясы, яғни FILA-да қарап отырған жоқ. Жақында Тайландтың Паттайя қаласында FILA Атқару бюросының кеңесі өтеді. Оған Қазақстан тарапынан Дәулет Тұрлыханов та қатыспақ. Сол жерде күрес түрлерінің ережелері талқыланып, дамуына кесірін тигізіп отырған барлық мәселе қарастырылады. Соңы сәтті аяқталып, ХОК өз шешімін өзгертеді деп үміттенемін.
Енді әлгі мәселеге қайта тоқталайық. Егер күрес түрлері, шынымен де, Олимпиада бағдарламасынан шет қалса, онда ұлттық күреске қаншалықты қауіп төнетінін айту қиын. Алайда оның ішінде қазақ күресі өз алдына жеке дамып жатыр деп айтқанымызбен, кесірі тиюі де ғажап емес. Бәрі де мүмкін. Мұндай жағдайда әлемнің көзқарасы күрестің барлық түріне бірдей болып қалуы да мүмкін ғой. Ал қазақ күресі – екі-үш жылдан бері FILA-ға мүше.
Дегенмен мына нәрсемен келісуге әлі ерте. Күрес түрлері Олимпиада бағдарламасынан шет қалса, қазақ күресіне Олимпиада ойындарында жол ашылады дегенге сену қиын. Халықаралық Олимпиада комитетінің көптеген критерийі бар. Соның барлығына сәйкес келу керек. Ол үшін алдымен Азия деңгейінде барынша дамытып алған жөн болар. Рас, өзіміздің төл күресіміз Олимпиада бағдарламасынан орын алып жатса, оған тек қуанамыз ғой. Бірақ бұл жайлы ойлау әлі ертерек.
Елемес Әлімханұлы, Қазақтың спорт және туризм академиясының вице-президенті, қазақ күресінің жанашыры:
жоқ
– Жалпы, күрес түрлерін, бокс, дзюдо секілді спорт түрлерін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастау керек деген әңгіме бұрыннан айтылып келе жатыр ғой. Соңы қалай боларын кім білсін. Менің ойым, біреудің қайғысынан бақыт іздемей-ақ қоялық. Бәрі сәтті аяқталады деп үміттенейік. Дегенмен, шыны керек, егер Олимпиада ойындарының бағдарламасынан күрес түрлері алынып тасталынса, бұдан ұлттық спорт, оның ішінде ұлттық күрес ешқандай зиян шекпейді. Қайта тынысы кеңеюі әбден мүмкін. Қазақ күресін дамытуға да керемет мүмкіндіктер ашылар еді. Өрісі кеңейіп, бүкіл әлемге таратуға жағдай болар еді.
Өйткені ХОК, шынымен де, осындай шешім қабылдар болса, күрестің бір ғана түрін емес, Олимпиада бағдарламасынан барлық түрін алып тастайды. Ал күрессіз Олимпиада – Олимпиада емес. Осыны пайдаланып қазақ күресін төрт жылдық доданың бағдарламасына қосып жіберуге әбден болады. Себебі біздің күрес өте көркем, тартымды. Жанкүйерлерді өзіне тез баурап алады. Көрермендерді көптеп жинай алатын қасиеті бар. Ережесі де жақсы ойластырылған. Сондықтан болу керек, мәселен, Әлемдік дзюдо федерациясының басшылары соңғы кездері дзюдоға қазақ күресінің элементтерін қосып жүр. Осы орайда, біз дзюдо секілді басқа белдесу түрлеріне есе жіберіп қарап отырмай, олардың алдын орап кетуіміз керек. Сол үшін алдымен қазақ күресін Азия деңгейінде дамытып алсақ, кейін Олимпиада жайлы да ойлауға болады. Өздеріңіз де білетін боларсыздар, қазақ күресі қара құрлықта да қанатын жайып жатыр. Өте жақсы. Осылай жұмысты жалғастыра беру қажет.
Дегенмен, рас, ұлттық күрес бір ғана біздің елде емес, көптеген өзге ұлтта да бар ғой. Моңғолдар «бөх» дейді, молдовандар «трынта» деп атайды, гректердің панкратионы бар, осылай кете береді. ХОК-тың әлгі шешімін пайдаланып, барлығы да болашақта өздерінің ұлттық спортын Олимпиада бағдарламасына енгізуге тырысады. Өйткені күрессіз Олимпиаданың қызығы болмайтынын Халықаралық Олимпиада комитетінің өздері де түсінеді. Келешекте еркін күрес, грек-рим күресі болмаса да, әйтеуір күрестің бір түрін бағдарламаларына қосатын шығар. Сондықтан көзге түсу мақсатында көптеген ел ұлттық спортын одан әрмен дамытары сөзсіз. Солардың арасынан үздік шығу бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Жалпы, Халықаралық Олимпиада комитеті әлгіндей шешім шығарарда жайдан-жай спорт түрін Олимпиада бағдарламасынан алып тастай салмайды ғой. Себебі болуы тиіс. Яғни спорт түрінің коммерциялық рейтингіне, тартымдылығына, көрермендерді тарту деңгейіне қарайды. Меніңше, соңғы кездері ережесін жиі ауыстырған грек-рим күресі рейтингін біршама жоғалтып алған секілді. Еркін күрес те сол сияқты. Ережелерін бірізділікке түсіріп, дұрыстай алмай жүр. Олар тек орын алу, жүлде беру жағын ғана күйттеп кетті. Негізі, адамға берер пайдасы жағын, өскелең ұрпаққа тигізер септігі жағын ойлаулары керек еді. Қайта бұл тұрғыда қазақ күресінің бағыты дұрыс. Ережелері де жақсы бекітілген. Адамға берер пайдасы көп. Күнделікті өмірде қолданылатын айла-тәсілдер. Өзін-өзі қорғауға қажетті амалдардың барлығын қазақ күресінен табасыз. Айтпағымды түсінген боларсыз, көрермен күрестен өзіне керегін ала алған жағдайда ғана белдесулерді тамашалауға барады. Бізге тек грек-рим және еркін күрестің қателігін қайталамай, тек жақсарту, тартымды ету жағын ғана ойластыру қажет.
Сонымен, ХОК күрес түрлерін Олимпиада бағдарламасынан алып тастар болса, бұл ұлттық спортқа еш кесірін тигізбейді. Керісінше барлық ел грек-рим мен еркін күрестің орнын басуға тырысып, өздерінің ұлттық күрестерін дамыта түседі.
Түйін
Негізі, Олимпиада бағдарламасынан шеттетілуі мүмкін спорт түрлерінің арасында үстел теннисі, таэквондо, көгалдағы хоккей және бадминтон болған екен. Күрес бұл тізімге соңғы болып енгенімен, ХОК-тың Атқару комитеті «қаһарын» күреске төгіп, енді неліктен мұндай шешім қабылдағандарын ресми түрде түсіндірмей отыр. Дегенмен, әрине, ұлттық спорт – өз алдына дамып жатқан жеке сала. ХОК-тың қандай да бір шешімі әр елдің төл күресіне қандай да бір кесірін тигізе қоймас. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, Қажымұқан, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандарды туғызған қазақ даласы да ХОК-тың әлгі шешіміне қарсы. Олай болса, әлі де жақсы жаңалықтан үміттіміз. Осыған байланысты ХОК-тың Атқару комитеті қыркүйек айында өтеді. Балуандарымыз айтпақшы, Олимпиада басшылары бұл жолы «бүйректен сирақ» шығармас.