Бүгінде еліміз бойынша перзенттерінің саны бестен асатын әйелдер көпбалалы аналар санатына қосылып, «Алтын алқа» «Күміс алқа» сынды азды-көпті марапаттарды иеленеді. Соңғы кездері көпбалалы аналардан бөлмей, әкелерді де марапаттау қажеттігі жиі айтылып жүр. Халық санының өсіміне тек аналардың ғана емес, әкелердің де үлесі зор деушілер көп баланы асырап отырған ер-азаматтарымыз да құрметтен тыс қалмауы керек дегенді алға тартады. Алайда әкелерді марапаттау арқылы олардың отбасындағы орнын, жауапкершілігін арттыра аламыз ба? Көпбалалы ана мен әкені қатар марапаттауды жөн көрмейтіндердің де өзіндік айтары бар. Осы тұрғыда көпшіліктің пікірі екіге жарылады. Ендеше, қарама-қайшы ой-пікірлерге назар салып көрелік.
Жарылғап Қалыбай, «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының редакторы:
Иә
–Көпбалалы әкелерге мемлекет тарапынан марапат тағайындау қажет. Біз көп бала дүниеге әкелген аналарымызды құрметтеп, марапаттаймыз. Бұл дұрыс. Адамзаттың барлық ұрпағын таратып келе жатқан – аналар. Бірақ әр отбасының жағдайы бар. Егер отбасындағы отағасының балаларын бағатындай жағдайы болмаса немесе әйелінің көп бала дүниеге әкелуіне оң көзбен қарамаса, қазақтың саны қайдан өссін? Өйткені адамдар баланы туғаннан кейін, оны өсіруді де ойлайды ғой. Ештеңеге қарамастан көп баланы туып, бағып отырған батыр аналарымыздың ар жағында батыр әкелеріміз ылғи да көрінбей, тасада қалып қойып жатады.
Әрине, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы аналарды ардақтасын, атақ-абыройын асқақтатсын, жәрдемақы тағайындасын, бірақ әкелер де ұмыт қалмауы тиіс, ең болмағанда оларға аздаған марапат қажет-ақ. Әкелерге бір медаль беру қымбат нәрсе емес шығар. Аналарымыздың күміс, алтын алқа тағынғаны тәрізді көпбалалы әкелерді марапаттаудың өркениетті бір жолын ойластыру керек.
Отбасында әр бала туылған сайын жәрдемақы көлемі де ұлғайтылып, олардың таршылық көрмеуіне жағдай жасалса, елімізде көпбалалы отбасылар саны көбейер еді. Қазіргі кезде көпбалалы отбасылар өте сирек, қалалық жерлерде тіпті жоқтың қасы. Жалпы, көпбалалы ата-ананы бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мен жақында екі балалы қалалық отбасының әңгімесін естіп қалдым. Әйелі үшінші баланы көтеріп, жүктілігі туралы күйеуіне айтқан екен, қуанған сыңай танытпаған көрінеді. Материалдық жағдайлары да мәз емес болғандықтан, әлгі әйел еріне баланы алдыртатынын айтады. Отағасы әйеліне баласын не қалдыр, не алдыр деп айта алмай, теріс қарап жатып қалады. Ертесі әйелі амалсыздан баланы алдыртып тастайды. Міне, мұндай ашық айтыла бермейтін оқиға екі отбасының бірінде болып жатады. Мұнымен айтайын дегенім, әйел адам өз қалауымен бала туа алмайды, еріне қарайлайды. Әкесінің келісімінсіз бала өз-өзінен дүниеге келе салмайды. «Өзім туып, өзім асыраймын» дейтін әйелдер өте сирек. Сондықтан көпбалалы ата-ананы қатар марапаттау керек. Отбасындағы әкенің рөлін көрсетіп, оны дәріптеп отырсақ, ер-азаматтар көпбалалы болуға мүдделі болады. Басқа көптеген халықпен салыстырғанда, біздің санымыз өте аз. Сондықтан басты міндетіміз демографиямызды көтеру болуға тиіс. Мүмкін болса, Үкімет ерлі-зайыптыларды көпбалалы отбасы болуға ынталандыруы тиіс.
Қарақат Әбілдина, әнші:
Жоқ
– Шариғатта да «жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп әйел адамға ерекше құрмет көрсетуді құптайды емес пе? Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, толғаққа төзіп, нәрестесін дүниеге әкелетін, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беретін нәзікжандылармен жағаластырып ер-азаматтарды марапаттауды өз басым онша дұрыс деп ойламаймын. Алтын құрсақты аналармен қатар қойып, «ардақты әке», «көпбалалы отағасы» деп ерлерді марапаттауды тіпті көзіме елестете алмаймын. Әкелердің де әкесі болады. Баланы тек туғызып қана қоймай, олардың аяғынан тік тұруына, өмірдегі өз орнын, даңғыл жолын табуына мұрындық болатын, бала тәрбиесіне атсалысатын азаматтар бар.
Әрине, мұндай әкелер үлкен құрметке лайық. Бірақ, меніңше, әкелердің қоғамдағы орнын, отбасындағы рөлін, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін оларды марапаттау арқылы арттырамыз дегенмен келіспеймін. Балаларды туғызып алып, оларды асырауға шамасы келмейтін, тәрбиесіне мән бермейтін, өз отбасының берекесін қашырып, шырқын бұзатын әкелер қаншама? Мұндайларды ешқандай марапат қызықтырмайды. Сондықтан, меніңше, болашақта өз балаларын мәпелеп өсіру үшін ер баланың тәрбиесіне жіті мән беру керек. Көпбалалы болғаны үшін әкелерді марапаттағанша, олардың еңбегін, азаматтық тұлғасын көрсетіп, мәртебесін көтеретіндей шаралар ұйымдастырғанымыз дұрыс. Егер отбасында әйел адам ерін құрметтеу арқылы оның абыройын көтере білсе, балалар әкесін тірек көріп, соған қарап ержетеді, әкенің де балаға деген жауапкершілігі артады. Әйелі сыйламайтын еркекті, баласы қайдан сыйласын? Сондай-ақ бала дүниеге келгеннен бастап оның өміріндегі маңызды сәттердің барлығына дерлік әкесін қатыстырып отыру да – әйелге артылған міндет. Егер баласы үлкен жетістікке жетіп, биіктерден көрініп жатса, «о, мынау пәленшенің баласы ғой» деп қашанда анасының емес, әкесінің аты аталып, мәртебесі жоғарылайды. Сонымен, ер-азаматтың атақ-абыройы, отбасындағы орны әйелге тікелей қатысты. Үйленгені үшін де, бала туғызғаны үшін де, оны асырағаны үшін де ерлерге алғыс айтып, марапаттау қисынға келмейтін секілді. Егер адамда аналық, әкелік сезім жоқ болса, оған «балаңды былай тәрбиеле» деп мәжбүрлей алмайсың. Ал, жалпы, қандай да бір марапатты көп баласы бар екен деп кез келген отбасына бере беруге де болмайды деп есептеймін..
Бейтарап пікір
Саят Әбсейітов, заңгер-адвокат:
– Бүгінгі таңда күйеуі «бала туып, үйде отырасың» десе де, бұған құлақ аспайтын әйелдер көп. Қызмет қуып, сән түзеп, өзін-өзі күтуге үйреніп қалған әйелдер бір-екі баладан артық тумайды. Әйеліне көпбалалы боламыз деп талап қоя алатын ер-азаматқа қазіргі заманда марапаттың көрсетілуі де дұрыс шығар. Ал, екінші жағынан, бірнеше баласын тастап, қара басының қамын ойлап кетемін деген ерлерге медаль да, басқа да кедергі бола алмайды. Заңгер ретінде балалары бола тұра, шаңырақтары ортасына түсіп жатқан отбасыларға куә болып жүрміз. Меніңше, осының бәрі еркек пен әйелдің өз орнын білмегендігі және бір-бірімен түсінісе алмауының салдары.