Колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы қолдайсыз ба?

Колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен  жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы қолдайсыз ба?

Еліміздегі колледждерде білім беру жүйесі ақысыз негізге көшуі мүмкін. Ақтөбе қаласына барған сапарында білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Алдағы уақытта Қазақстандағы колледждерде білім беру жүйесі жаппай ақысыз негізде болуы мүмкін. Бұдан бөлек, мектеп түлектерінің бірінші мамандықтарын тегін алулары жайлы да мәселе қарастырылып жатыр», – деп көпшілікті елең еткізді. Алайда министрдің бұл пікіріне қатысты көпшіліктің пікірі екіге жарылып отыр. Екі тараптың пікірін ой-көкпар айдарында тоғыстырып, артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік.


Нұрлан ЖАМАДІЛОВ, Алматы бағалау және құрылыс колледжінің директоры, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР білім беру ісінің үздігі:
иә
– Колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бас­таманы, әлбетте, қолдаймын. Жасы­ра­тыны жоқ, қазір елімізде қарапайым ма­ман­дық иелері табыла бермейді. Жұрттың бәрі жоғары оқу орнын бітіріп, экономист, заңгер, елші, әйтеуір бір жоғары білімді маман болғысы келеді. Колледж бітіріп, кәсіби білім алып, токарь, слесарь, есепші болудан гөрі ақыры ақша төлеп оқыған соң, үстіне аз-маз қосып, бірден универ­си­теттің білімін алғысы келіп тұрады. Олары, әрине, дұрыс та. Бірақ осы бір үр­діс­тің салдарынан еліміз қарапайым жұ­мысшыларға зәру болып отыр. Есесіне, дип­­ломды жұмыссыздар саны артып отыр. 
Заңгерлік білім алғандардың барлығы­на бұл саладан орын табыла бермесі бел­гілі. Сосын заңгердің дипломын сандыққа са­лып қойып жұмыссыз жүреді. Одан кә­сіп­тік білім алса, ең болмаса, қоғамы­мыз­да сұ­ранысқа ие маманның бірі болар еді. Осы орайда айта кетер жайт – баз бір ауыл жастары ЖОО-ға түсуге балы жетпей, ақы­лы оқуға қалтасы жұқа болып, екі қол­ға бір күрек таппай ауылда жұмыссыз қалу­да. Ал оларды колледжде оқытып, кәсіптік білім алып берсек, жұмыссыз қалмас еді. Етігімізді шекара асып келген мигрант тікпес еді немесе құрылыста­рымызды елімізге нәпақа іздеп келген миг­ранттар салмас еді. Өзіміздің жаста­рымыз маман­данбаған соң жұмыссыз жатыр, ал шекара асып келген мигранттар жан бағу үшін қолынан келмесе де, «кәсі­би маманмын» деп құрылыстарымызды жүргізуде. Осы орайда колледждерді тү­гел­дей мем­лекеттік тапсырыспен жұмыс іс­теуге көші­ру арқылы кәсіптік білім ал­ғысы келе­тін жастардың бағын ашқан болар едік. Тек осы тұстағы бір айта кетер жайт – бұл өз­геріс кейбір колледждердің жұмыс істеуіне кедергі келтірмесе екен. Мәсе­лен, мем­лекеттік тапсырыс еліміздегі барлық кол­ледждерге жетпесе, мемле­кет­тік тапсырыс иелене алмай қалған кол­ледждер өз-өзінен жабылуға мәжбүр бо­лады. Сон­дықтан мемлекеттік тапсырыс бөлу кезінде барлық колледждердің на­зар­дан тыс қалмауы ескерілсе, дұрыс бо­лар еді. Дегенмен бұл жерде еліміздегі бар­лық колледжді мемлекет жаппай қа­лай қар­жыландырады? Бұл да өте үлкен мәселе болып тұр. Жақын арада Елба­сының тапсырмасы бойынша Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі жаңа колледждердің құрылысы баста­латыны да мәлім болып отыр. Жалпы, жас­тары­мыздың кәсіптік білім алуы үшін кәсіптік білім беретін колледждердің пай­да бол­ғаны дұрыс деп санаймын. Кейбір елдер­де білім деңгейі университеттікінен кем емес колледждер қалыптасқан. Біздің елімізде де әлемдік деңгейдегі сондай колледждер қалыптасса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кетер жайт – колледж­дердің мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей бастауы олардың материалдық-техникалық базаларының да жақсаруына жол ашады. Сондықтан өз басым колледж­дерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы қолдаймын.


Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі:
жоқ
– Еліміздегі колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманың кейбір түсініксіз тұстары бар. Соған орай мен қолдай алмайтын жағы да бар. Мәселен, еліміздегі колледждердің басым бөлігі жекеменшік. Және олар өте көп. Ал неге олардың барлығы мемлекеттің есебінен қаржыландырылуы керек? Олардың жекеменшік бола тұра, мемлекет есебі­нен қаржыландырылуы ақылға қонбай­ды. Мемлекеттік тапсырыс дегеннің өзі халықтың ақшасы емес пе?  Ал халықтың ақшасы неге жекеменшік колледждерге қызмет етіп, қалай болса солай ша­шылуы керек? Сондықтан бұл ұсынысты әлі де болса жан-жақты ойластыру керек секілді. 
Тағы бір айта кетер жайт – колледждерде дайындалатын кейбір мамандық түрлері басқа да университеттерде кеңінен оқы­ты­латындықтан, оларды қысқарту керек секіл­ді. Жалпы, еліміздегі колледждерді тиім­ді пайдаланудың жолдары өте көп. Мәселен, жергілікті жердегі кейбір жеткі­ліксіз ма­мандықтарды жергілікті басқару орын­да­рына өз бюджеттерінен қаржы бөліп, өз аумақтарындағы жастарды оқы­тып алуды өздеріне жүктеу керек. Әйтпесе елімізде кол­ледждердің саны өте көп. Ал олардың барлығын мемлекет мойнына артып қою мүмкін емес, дұрыс та емес. Осы орайда айта кетер жайт – колледж­дерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көші­ру олардың арасындағы бәсекелестікті де жойып жіберетін секілді. Олар өзара бә­се­келесіп, материалдық-тех­никалық ба­за­сын жақсартудың орнына мем­лекеттік тапсырысқа арқа сүйеп оты­рып алуы мүмкін екенін жоққа шығару­ға болмайды. Сон­дық­тан өз басым коллед­ж­дерді түгелдей мем­лекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру туралы бастаманы қол­дай алмаймын.
Жалпы, жоғары оқу орындары секілді елімізде колледждер де өте көп болып кетті. Қайсысының қандай білім беріп жат­қанын сараптап жатқан ешкім жоқ. Бәрі дерлік нарықтағы сұранысты ескермей, оң­ды-солды мамандар даярлап шы­ға­ру­да. Бейберекет ашылып, диплом тара­тып жатыр. Бүгінде колледж бітірген ма­ман­дар толыққанды маман да санал­майды. Сондықтан еліміздегі колледж­дер­дің де деңгейін бір рет сараптап, дең­гейін көте­ріп, сту­денттерінің қоғамда сұранысқа ие болуын қадағалау керек секілді. Осы орайда кол­ледждердің өзін сараптап алу керек дер едім.
                                     Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бейтарап пікір
Амалбек ТШАНОВ, Республикалық спорт колледжiнiң директоры:
– Мен басқарып отырған колледж толықтай мемлекеттік. Жалпы, ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің ұсынысының артықшылы­ғы да, кемшін тұстары да бар. Біржақты қарау мүмкін емес. Ол үшін, ең алдымен, еліміздегі колледждердің құрылымын дұрыстап алу керек секілді. Мәселен, колледж бітірген мамандар қай салада сұранысқа ие бола алады, қайда барады деген сұрақтарға толыққанды жауап алу керек. Содан кейін ғана колледждерге қатысты өзгерістер жасай беруге болады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста