Қазір Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздіктің таңын атырғанын кез келген азаматымыз мақтана айтады. Тіпті көптеген тарихшымыз осы көтеріліс КСРО-ның құлауына әсер еткенін де жазып жүр. Бірақ біз осылай дегенімізбен, мұны Кеңес Одағына мүше болған ТМД елдері мойындай ма? Біз неге осы бір шындықты дәлелдеуге, көтеріліске халықаралық тұрғыда саяси баға алып беруге талпынбаймыз? Осы сұрақтардың жауабын таппақ болып, мамандардың талқысына «Желтоқсан оқиғасын кеңестік жүйені қақыратқан алғашқы көтеріліс деп ТМД көлемінде мойындата аламыз ба?» деген сауалды салған едік.
Аманғазы Кәріпжан, желтоқсаншы:
иә
– Желтоқсан көтерілісінің халықаралық тарихи маңызын ТМД-дағы 15 одақтас елге ғана емес, оның сыртындағы Кеңес Одағына мүше емес социалистік жүйедегі 15 мемлекетке де мойындатуымыз қажет. Өйткені бұл көтеріліс ең алғаш болып жалпы социалистік жүйенің күні батуға тақап келе жатқанын көрсетті. Мұны түптің түбінде мойындатып қана қоймай, тарихи-саяси тұрғыда халықаралық бағасын да алып беретінімізге сенемін. Әр тарихи қадамның өзіне тән уақыты болады. Біз бұл дәрежеге жету үшін Желтоқсан көтерілісі философиялық тұрғыда толығымен зерттеліп болуы керек. Маркстік ілімде бес қоғамдық формация бар деп есептесек, соның ең соңғысы социализм жүйесі болатын. Сол жүйені ыдыратуға ең алғаш саяси бетбұрыс жасаған – қазақ халқы.
Бұл орайда Желтоқсан көтерілісіне дейін экономикалық талаптар қойған түрлі толқулар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, 1968 жылы Чехословакияда, 1981 жылы Польшада орын алған оқиғаларды айтуға болады. Бірақ олардың бірде-бірі саяси мәселені ту еткен жоқ. Саяси толқулар тек бізден кейін Қырым татарларында, Грузияда, Балтық жағалауы елдерінде т.б мемлекеттерде жалғасын тапты. Яғни осыдан-ақ Желтоқсан оқиғасы социализмнің қабырғасын қақыратуда басты қозғалыс болғанын аңғарамыз. Біз бұл толқуды қоғамдық экономикалық формацияны төңкерген бірден-бір көтеріліс екенін жеткізе алмай жүрсек те, халықаралық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылар мойындап қойған. Бар кінә – біз өзімізді-өзіміз бағалай алмай отырғандығымызда. Бұл, біріншіден, тарихшыларымыздың біліксіздігі. Егер де осы мәселені дәлелдеп беретін профессор, академиктеріміз бар болса, баяғыда-ақ бұл мәселеге қол жеткізген болар едік. Екіншіден, көтерілістің сипаты мен мақсатын толыққанды зерттеу үшін тек тарихшылық жеткіліксіз. Сол кездегі жастардың толқуына философиялық тұрғыда қарауымыз қажет. Философтар қоғамдық жүйенің қалай ауысатынын жақсы біледі. Мәселен, Фейербах, Гегельдің ілімін Маркс терістеді. Маркс бастаған ғалымдар метофизикаға, идеологизмге қарсы шығып, материализмді дүниеге әкелді. Осылайша санада бейнеленетін құбылыстарды ғана құбылыс деп есептейтін ілім пайда болды. Маркстік ілім таптық мәселеде жетістікке жеткен шығар, бірақ ұлтаралық, ұлттық мәселелерге келгенде тоқырауға ұшырады. Ұлттық құрылым – табиғи құбылыс. Сол табиғи құбылыс мезеті келгенде Неон жұлдызы секілді жарқырап көрінеді. Сол Неон жұлдызы Қазақстанда жанып, жүйеге қарсы көтеріліс басталды. Бұлай болуы заңдылық еді. Неге десеңіз, Қазақстан – Еуразияның кіндігінде жатқан ел. Орыстандыру саясаты басқа елдерге жету үшін ең алдымен Қазақ елін басып өтеді. Сондықтан да Қазақстанда түрлі этностардың, діндердің, мәдениеттер мен тілдердің т.б саяси мүдделердің тоғысатын ортасына Бермуттың үштағанындай иіріміне айналуы саяси қарсылыққа әкелді. Қазақ ұлты империалистік бір ұлтқа тұтастыру саясатының лабораториясына айналды. Осыдан-ақ кез келген ғалым жүйені ыдыратуға бағытталған алғашқы қадам Қазақ елінен басталғанын мойындайды. Бірақ осы қадамға саналы түрде бару үшін түрткі боларлық себеп қана қажет еді. Оған себеп Колбиннің келуі болды. Бар мәселе – осы. Енді осыны ТМД елдеріне толыққанды түсіндіру, мойынсұндыру үшін біз халықаралық БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы арқылы ықпал жасауымыз қажет. Осылайша Желтоқсан оқиғасына халықаралық баға бергізіп, ЮНЕСКО көлеміне шығара алсақ, сіздер айтып отырған бар мәселе өздігінен шешілер еді деп ойлаймын.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
жоқ
– Желтоқсан оқиғасы кеңестік жүйені ыдыратуға ықпал еткен көтеріліс екенін ТМД аумағында саяси һәм тарихи тұрғыда мойындату өте қиын шаруа деп ойлаймын. Мәселен, басқаны былай қойып, іргедегі Ресейдің өзі осы бастамамызды қолдайды ма? Жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, ТМД аумағындағы әр елдің өзінің тарихнамасы бар. Олар сол өзінің тарихын ысырып қойып, біздің тарихи ақтаңдақтарымызды ұлықтайды дегенге өз басым сенбеймін. Үшіншіден, бүгінде, расында да, көзі ашық кейбір тарихшылар, публицистер, журналистер Желтоқсан көтерілісінің кеңестік жүйені ыдыратуға өз деңгейінде ықпал еткенін жазып жүр. Біз секілді отарсыздануды, кеңестік тарихты қайта қарауды қалайтын Украина, Қырғызстан, Молдова, Әзірбайжан секілді елдер осы бір тарихи оқиғаны мойындауы, өз тарихына жазуы әбден мүмкін.
Бірақ олар дәл біз сияқты «кеңестік жүйеге ең алғаш қарсылық көрсеткен саяси көтеріліс еді» деп қастерлей алмасы белгілі. Өйткені олардың біздің тарихтағы ақтаңдаққа анау айтқандай мұқтаждығы жоқ. Меніңше, біз, ең алдымен, бұл оқиғаны ТМД көлемінде мойындату мәселесін емес, өз еліміздің толыққанды бағаланғанын жолға қойып алғанымыз дұрыс секілді. Өйткені басқаны былай қойып, біз әлі күнге осыдан 27 жыл бұрын болған көтеріліске қанағаттандырарлық деңгейде саяси баға бере алған жоқпыз. Осы бір әр қазақтың рухын көтеретін оқиғаны мәдени, рухани, саяси тұрғыдан бағалап, жастарға тәрбие беру құралы ете алсақ, соның өзі үлкен жеңіс болар еді.
Енді сұрағыңызға қайта оралсақ... Желтоқсан оқиғасы кеңестік жүйені ыдыратқанын дәлелдеу үшін сол жүкті көтерерліктей кинотуынды немесе әдеби шығарма тууы керек. Сол көркем туынды өзге тілдерге де аударылып, кең көлемде насихат жұмыстары жүргізілсе, сол арқылы киномыз немесе әдеби шығармамыз әлемдік һәм ТМД аумағында өз көрермені мен оқырманын тапса, сең қозғалар еді. Бұл орайда сапасы да сын көтеретіндей болуы қажет. Менің ойымша, бұл көтерілісті мәдениетті түрде мойындатудың ең ұтымды жолы – осы ғана.
Тағы бір қаперде сақтайтын мәселелер бар. Мысалы, кейбір ғалымдар Кеңестер Одағына қарсы бұлқыныс ең алғаш Якутияда басталғанын айтып жүр. Мұны қазіргі Ресейдің ішіндегі бұлқыныс деп танығанымыз жөн. Өйткені одақтас республикалардың арасында ең алғаш бас көтерген де, опық жеген де – бізбіз. Оған мысал ретінде 1986 жылғы бас көтеруді былай қойып, 1979 жылы Ақмолада болған көтерілісті де айтуға болады. Сол себепті де біз әлемді және, жалпы, ТМД-ны мойындататын көркем туындыларды өмірге әкеле беруіміз қажет. Мысалы, осы жол арқылы еврейлер мен поляктар өз тарихындағы азаттық жолындағы көтерілістерін мойындатты емес пе?
Түйін
Бүгінгі қарт тарих қазақтың 20 мыңнан астам жасының тоталитарлық жүйеге қарсы шыққанын жоққа шығара алмайды. Сол себепті де біз әрдайым отарлаушы биліктің қарулы әскеріне құралсыз құр қол қарсы тұрып, ұлттың мүддесін ту еткен Алматыдағы сол бір дүрбелең тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл ТМД елдерінің Тәуелсіздікке жетуіне түрткі болғанын айта беруіміз қажет. Өйткені бұл – шындық. Ал шындық түбінде мойындалады.