Елімізде бір қылмыскерге жылына 580 мың теңге қаржы бөлінеді екен. Дәл қазіргі таңда еліміздегі «түрме тұрғындарының» саны да аз емес. 100 мың тұрғынға шаққанда 316 жазасын өтеушіден келеді. Сондықтан алдағы уақытта түрмедегі қылмыскерлер санын кеміту мен оларға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемін азайту мақсатында еліміздің Бас прокуратурасы кейбір қылмыстық істер үшін бас бостандығынан айыру жазасының орнына айыппұл салу, істі болғандарды кепілдікпен босату туралы ұсыныстар айтуда. Әзірге құзырлы органның бұл ұсынысы туралы қоғамның пікірі екіге жарылып отыр. Тартысты тақырыпты мамандардың талқысына салып көрген едік.
Ілияс НҰРМАҒАНБЕТОВ, «Халықаралық түрме реформасының» жобалар үйлестірушісі:
иә
– Үстінен қылмыстық іс қозғалғандарды кепілдікпен босатуды қолдаймын. Өйткені бұл ұсыныстың қоғамымызға пайдалы тұстары, артықшылықтары жетерлік. Көптеген елде істі болғандарды кепілдікпен босату бұрыннан тәжірибеде бар. Сондықтан алдағы уақытта біздің елімізде де мұндай бастама қолға алынса, мен қолдар едім. Онсыз да қазіргі таңда, салыстырмалы түрде алғанда, еліміздің түрмелерінде жазасын өтеп жатқан адамдардың саны кәдімгідей көп. Еуропа елдерінде 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырған қылмыскерлердің саны 150 адамнан келсе, бізде 100 мың адамға шаққанда 300 адамнан асады екен. Яғни, салыстырмалы түрде алғанда, біздің түрмелеріміздегі адамдар саны екі есе көп. Әрине, оларда қылмыс аз деуге келмейді.
Бірақ олар көптеген жаза түрлерін айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту секілді қоғамға, қылмыскердің тәрбиесіне пайдалы дүниелермен алмастырған. Сондықтан қылмыскерді кепілмен босату, айыппұл төлету немесе қоғамдық жұмысқа тарту арқылы жазалау түрлері біріншіден түрмелеріміздегі адамдардың санын азайтуға септігін тигізсе, екінші жағынан алғанда сотталғандар үшін бөлінетін мемлекеттік шығындарды азайтуға көмегін тигізер еді. Қазір біздің елімізде де кейбір қылмыстық істер үшін бас бостандығынан айыру жазасының орнына айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесі сөз болуда. Бұл ұсыныстардың қоғамымызға пайдалы тұстары жетерлік. Біз ешқашан да қылмыскерді қапаста қамап, тәрбиелей алмаймыз. Қайта бас бостандығынан айыру жазасының басым бөлігін бұрынғыдан әлдеқайда көбейтілген айыппұлдармен алмастыруымыз керек. Сонда мемлекет қылмыскерді неше жыл асырап-бағу үшін қаржы шығындамай, керісінше, қылмыскердің жазасы үшін өзіне айыппұл төлетуге мәжбүрлер еді. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға салып, тәрбиесін еңбекпен түзетуге күш салар еді.
Қазіргі таңда заң бұзғандарға тағайындалатын жазаның 70 пайызы – түрмеге тоғыту. Орташа есеппен алғанда қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру мерзімі шамамен тоғыз жыл. Бұл өте ұзақ мерзім деуге болады. Осынша жыл ішінде қылмыскер түзеліп шығады деу қиын. Егер біз қылмыскерлерге тағайындалатын жаза түрлерін айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту секілді жазалармен алмастырсақ бәрібір қылмыскер бостандықта, айналасына қарай отырып түзелуге күш салар еді. Мәселен, қазір бізде бір адам сиыр ұрлап түрмеде отырса, енді біреуі адам өлтіріп отыр. Сиыр ұрлаған қылмыскер адам өлтірген адаммен бірге отырған соң бәрібір сана-сезімі өзгеріске ұшырайды, түзелудің орнына одан ары бұзылады. Жаңа Қылмыстық кодекстің жобасында бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын салыстырмалы түрде 1000 айлық есептік көрсеткішке ауыстыру, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына, балама жаза ретінде 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл белгілеу көзделуде. Демек, ендігі жерде мемлекет шығындай бермей, түскен айыппұлды қалған түрмеде отырғандарға жұмсайтын болады. Сондықтан қылмыскер аса ауыр қылмыс жасамаған болса, оны бас бостандығынан айырып, түрмеге отырғызудың қажеті жоқ. Керсінше, кепілдікпен босату арқылы бостандыққа шығарып, түрлі деңгейде айыппұл тағайындау керек.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Істі болғандарды кепілдікпен босату туралы ұсынысты қолдай алмаймын. Рас, бұл ұсыныс дүниежүзінде көптеген елдің тәжірибесіне енген. Алайда бұл құқықтық санасы қалыптасқан, азаматтары өз құқығын толықтай меңгерген елдерде тиімді қолданылады. Бірақ біздің елімізге тиімді ұсыныс болады деп айта алмаймын. Біз құқықтық мемлекетті енді құрып жатырмыз. Бізде құқықтық сана, құқықтық білім толық жетілмеген, адамдардың санасында қалыптаспаған. Елімізде мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып, шетелге қашып кетіп жатқан азамат көп.
Бейбіт күнде басына бәле тілеп, ішіп-жеп қойып, шекара асып қашып жатқан азаматтардың, ертеңгі күні үстінен іс қозғалған соң, кепілдікпен босатқан сәтін пайдаланып қашпасына кім кепіл?! Сонда біз кімнің ізінен қуып жүреміз? Сондықтан бізге істі болғандарды кепілдікпен босату туралы айту әлі ерте деп ойлаймын.
Мен дәл қазіргі таңда елімізде қылмыскерлерге тағайындалатын жаза әділ деп санаймын. Біз ешқашан да қылмыскерлерді басынан сипау арқылы қылмыстың санын кемітіп, түрмедегі қылмыскерлердің санын азайта алмаймыз. Істі болғандарды кепілдікпен босату тергеу ісіне кедергісін келтіреді. Онсыз да қазір реті келсе қылмысын жасап алып, құзырлы орындарға ақшасын тықпалау арқылы істеген қылмысынан ретін тауып сытылып, бостандыққа шыққысы келетіндер жетерлік. Олар істеген қылмысын мойнымен көтергісі, қылмысын сезінгісі келмейді. Ал ендігі жерде біз мұны заң жүзінде бекітсек қылмыскерлердің одан әрі тайраңдауына жол береміз. Осы орайда айта кетер жайт, мен түрмедегі қылмыскерлер санын азайту мен қоғамымыздағы қылмыс санын кеміту үшін жазаны жеңілдетуден гөрі күшейту пайдалырақ дер едім.
Көптеген елдер халықтың құқықтық сауатын көтеріп, елдегі қылмыс санын кеміту үшін жазаны жеңілдетуді емес, керісінше, қатайтуды ойлайды. Меніңше, бұл бастама қылмыс санын кеміту үшін емес, қазына қаржысын үнемдеу мақсатында қолға алынып отырған секілді. Сондықтан қылмыскер санын азайтуға да айтарлықтай септігін тигізеді деп айта алмаймын. Біз уақыты келген кезде істі болғандарды кепілдікпен босатуды қарастырамыз. Ал қазір ерте.
Бейтарап пікір
Мақсат ЖАППАРОВ, заңгер:
– Бұл мәселеге екіжақты қарау керек. Мәселен, мен істі болғандарды кепілдікпен босатуды жалпылай емес, кейбір қылмыс түрлеріне қарай қолдануды қолдаймын. Әйтпесе жаппай барлық қылмыскерлерді кепілдікпен босата беретін болсақ, еліміздегі қылмыскерлерге ие бола алмай қаламыз.