Жыл сайын Мемлекет басшысы еліміздегі инфляцияны ауыздықтау бойынша құзырлы органдарға нешеме тапсырма берсе-дағы, бұл реттегі ресми көрсеткіш соңғы жылдары бірқалыпты аралықтан ауытқымай келе жатқаны белгілі. Яғни оны белгілі бір шектен төмен тықсыру мүмкін болмай келеді. Мамандар инфляцияны ауыздықтауға мұрша бермей отырған фактордың бірі ретінде монетарлықты атайды. Яғни ақша саясатындағы кілтипанды реттеу мүмкін болмай жатыр. Әлде еліміздің инфляция деңгейі монетарлық факторға емес, басқа бір себептерге тәуелді ме?
Григорий Марченко, Ұлттық банк төрағасы
Жоқ
– Қазақстандағы инфляция монетарлық сипатқа ие емес. Біздің банктің алдын ала жүргізген сараптамасы бұл арада ешқандай монетарлық фактор жоқтығын айқындап отыр. Оған ықпал етіп отырған – құрылымдық мәселелер, яғни біз нарықта қажетті деңгейдегі бәсекелестікті, Қазақстанның іші мен сыртына тасымалданатын тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ете алмай отырмыз. Егер біз осыған қол жеткізетін болсақ, инфляция деңгейін екі есеге, тіпті одан көп мөлшерге төмендетуге болар еді.
Кәсіпорындардың қажетті деңгейдегі бәсекелестігіне және тауарлардың емін-еркін қозғалысына қол жеткізгенде, еліміздегі орташа жылдық инфляция деңгейін, кем дегенде, екі есеге төмендетуге болады.
Қарап отырсаңыздар, соңғы 10 жыл ішіндегі Қазақстандағы инфляция деңгейі бірқалыпты сақталған: жылына – 7,3-7,4 пайыз. Еліміз бойынша кәсіпорындардың орташа рентабельділігі 50 пайызды құрайды. Егер нарықтың барлық сегментінде толыққанды бәсеке болғанда, тағы бір жағынан тауарлар еркін алмасып жатса, біздің инфляция көрсеткішіміз Шығыс Еуропадағыдай жылына 3-4 пайызды құрар еді.
Сондай-ақ инфляцияға азық-түлік бағасының да қатысы бар. Шекараны ашық ету мәселесін шеше алмауымыз – аймақтық қабілетсіздігіміз. Жолда алым-салым болмауы керек, жергілікті өңірлердің базаркомдарына белгіленген жоғары бағаны қоюға мүмкіндік бермеу қажет. Бірақ, өкінішке қарай, ол біздің қолымыздан келмей жатыр. Ал мұндай жағдайда инфляцияға ақшалай-несиелік саясат шараларын қолдану арқылы ықпал ету мүмкін емес.
Бейсенбек Зиябеков, экономика ғылымының докторы, профессор
Иә
– Бүгінгі таңда Қазақстандағы инфляция деңгейін екі есеге төмендету мүмкін емес. Жалпы алғанда, инфляцияның туындау себебін талдай келгенде, оған ықпал етіп отырған екі фактор анықталып отыр. Олар – ақшалай, яғни монетарлық және ақшалай емес фактор. Бірінші мәселеге келер болсақ, біздің ел экономикасы шикізат ресурстарынан түсетін табысқа тәуелді екені белгілі. Яғни экспорттан келетін ақшаға. Сонымен қатар банк секторында қайтарылмай жатқан корпоративтік сыртқы қарыз көлемі ауқымды. Мұнда жұмыс істемей тұрған қаражат та өте көп. Ал жұмыс істемей жатқан ақша өздігінен уақыт өткен сайын құнсыздана түседі. Бұл біріншіден. Екіншіден, біз елімізде отандық өндірістерді көбейтіп, өзімізді отандық тауармен, азық-түлікпен қамтамасыз етпейінше, құнсыздануды ауыздықтай алмаймыз.
Негізі, инфляция бойынша мәселеге жауап беретін – Ұлттық банк. Сондықтан олар еліміздегі отандық өндіріс орындарын көптеп ашуға жағдай жасап, шағын және орта кәсіпкерлікті арзан, бірқатар жеңілдіктер қарастырылған несиелермен қамтамасыз етуге екінші деңгейдегі банктерді жұмылдыруы керек. Бірақ, өкінішке қарай, коммерциялық банктерде жұмыс істемей жатқан ақша көлемі көп, соған қарамастан, олар отандық өндірісті қолдауға оны жұмсағысы келмейді. Ал Ұлттық банк бұл ретте қандай да бір шара қолданып отырған жоқ. Ұлттық банктің инфляцияға осы аталған мәселелердің салдары барын айтып отырғанына қарағанда, олар өздерінің аталған бағытта шарасыздығын немесе ешқандай іс-қимыл жүргізе алмай отырғандығын мойындауы деп білген дұрыс болады. Әйтпесе оларға бұл мәселемен айналысуға ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ. Яғни бүгіндері Ұлттық банкке құрғақ сөзден (ақталудан) гөрі нақты іске көшкен тиімдірек болар еді. Мәселен, экспорт құрамын өзгертуге атсалысып, экономикалық даму, сол секілді қаржылық-несиелік саясатты қайта қарастырып, ұлттық кәсіпкерлерді қолдауға бет бұрғанда ғана бұл мәселе бойынша қандай да бір шешім шығаруға болады.
Бейтарап пікір
Құнанбай Тобатаев, қаржыгер-маман:
– Инфляцияның қарқын алуында монетарлық фактор бары рас. Оны жою үшін айналымдағы бос ақшалардың ел экономикасының мүддесіне сай жұмыс істейтіндей ақылға қонымды монетарлық жоспар құру керек. Яғни қаржылық-несиелік саясатқа өзгеріс қажет. Бірақ Ұлттық банктің бұл бағытта қолынан келгеннің бәрін жасағанын, бірақ ақша айналымын реттеуге шамалары келмей жатқанын баса айта кетейін. Олар нота жариялап, мемлекеттік құнды қағаздар шығарып, оны сату арқылы еліміздегі артық теңгені өткізуге тырысады. Алайда бүгіндері қолданылған бұл шаралар өзіндік нәтиже бермей жатыр.