«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп Елбасымыз талап қойғаны анық. Алайда дәл осындай талап қазақ кітабына қойылмай тұрғаны, яғни «қазақ ең бірінші кезекте қазақша кітап оқысын» деген пиғыл еш жерде аңғарылмайды. Кітап дүкендері толы – шетелдің кітаптары, тіпті бөлшек саудада да шетелдік газет-журналдар көздің жауын алардай болып самсап тұр. Дәл мына тұрысында қазақ кітабының айы оңынан туады дегенге сену қиын. Ендеше, қазақ кітап индустриясын дамыту үшін, бәлкім, шетел баспа өнімдеріне шектеу қою керек пе? Жалпы, олай ету бізді тығырықтан шығара ма?
Айдос Қартаңбайұлы, саясаттанушы:
иә
– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, отандық баспа өнімдерін көбейту үшін белгілі бір деңгейде бізге шетелдік баспа өнімдеріне шектеу қоюымыз керек. Жалпы, мұндай реформа әлемдік тәжірибеде бар. Көптеген дамыған елдер бастапқы кезде өз тілдерін, өз елдік мүдделерін өзге елдердің ықпалынан қорғау үшін мұндай іс-әрекеттерге барған. Айталық, Франция бір кездері Испания мен испан тілінің ықпалынан арылу үшін өз елдеріне келетін испан баспа өнімдеріне шектеу қойып, тыйым салған.
Қазіргі Қазақстанның нарығында ең көп таралған – ресейлік баспа өнімдері. Олар, әрине, сапасы жағынан өте жоғары, ол өнімдердің әдемі, тартымдылығының жанында біздің кітаптар екінші орынға ысырылып қалатынын жоққа шығара алмаймыз.
Тағы бір айтарлық мәселе, бұл жерде идеологиялық факторларды да есепке алу қажет. Яғни шетелден келетін өнімдердің мазмұнына жіті мән бермей болмайды. Яғни біздің өскелең ұрпақ пен жастарға, жалпы оқырманға идеологиялық жағынан қорғаныс керек секілді. Егер біз осындай шараларды қолға алмасақ, онсыз да интернетпен санасы уланған жастардың кітап арқылы да санасы улануы әбден мүмкін. Демек, «балам кітап оқып отыр» деп қуана бермей, оның не кітап оқып отырғанына, яғни мазмұнына мән беру керек ата-анасы. Және баласының қазақ болып өскенін қаласа, қазақша оқытуға тырыссын, сондай кітаптарды іздестірсін, сұрасын. Тағы бір қауіп – түрлі діни әдебиеттерде. Елімізде оларды сататын орындар белгіленді, алайда атауы діни болмай-ақ, астыртын әлдебір идеяларды, тіпті атеизмді үндейтін баспа өнімдерінен абайлауымыз керек. Осындай көптеген себептерді ескере келе, елімізге келетін шетелдік баспа өнімдеріне шектеу қою керек. Және шектеу қою мүмкін, жоғарыда айтқанымыздай, заңнамалық жолмен. Әйтпесе біз байқамай, талай қауіп-қатерді санамызға сіңіріп алуымыз бек мүмкін.
Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі керек деген талап қойды. Ал бұл жерде ең бірінші қазақ тілін дамытатын не, ол – сөзсіз, қазақ тіліндегі газет-журнал, кітап т.с.с баспа өнімдері. Осы тұрғыда отандық нарықта қазақтілді әдебиеттерді көбейту үшін Ресейден және басқа да шетелдерден келетін әдебиеттерге белгілі бір дәрежеде тосқауыл қоюымыз керек. Мұны жүзеге асырудың ең негізгі жолы – заңнамалық жол, яғни Қазақстанда баспа өнімдері туралы заң қабылдап, соның аясында шетелден келетін баспа өнімдерін шектейтін нормалар қабылдау қажет.
Темірғали Көпбаев, «Қазығұрт» баспасының директоры:
жоқ
– Жалпы, дүниежүзінде дәл қазір кітап саудасы үлкен бизнес көзіне айналған. Бұл – шын мәніндегі нарықтық қатынастардың талабы. Соған сай біздің көптеген баспа мен баспаханамыз да заманға сай дамып, шетелмен тығыз қарым-қатынас орнатып, түрлі жолдар тауып, шетелге шығып алған. Олардың бизнесі де шетелден кітап әкеліп сатумен тікелей байланысты. Әсіресе Қытай мен Түркия осы ретте біздің ең бірінші кітаппен қамтамасыз етушімізге айналған. Сондықтан дәл бүгін біздің елімізге шетелден кітап тасымалдап әкелуге шектеу қою мүмкін емес. Өйткені ол тойтарыс беретіндей емес, ағынға айналған. Және қоғам дамыған сайын шекара сыртынан келетін кітаптар да көбеймесе, азаймайды.
Негізі, кінә шетелдік кітапта да, басқада емес, ең бірінші себеп – өзіміздің, яғни қазақтардың, баяғыдай кітап оқымай кеткендігімізде. Қазақ кітабының саудасы жоқ, шыны керек. Ол деген сөз – қазақ кітап оқуды қойды деген сөз. Санаулы ғана оқырман үшін кітап шығару қай баспа үшін болсын, тиімсіз соғып тұр. Тауар ретінде қазақ кітабы ешқандай табыс әкелмейді, тіпті өзін-өзі ақтамайды, себебі оның тұтынушысы аз болып тұр. Мәселенің бәрі айналып келгенде, біздің тілімізге, ділімізге кеп тіреледі. Елімізде тұратын орыстар мен өзге ұлт өкілдері орысша кітап оқитыны өз алдына, қазақтардың өз ішінде жартысынан көбі орысша кітап оқиды. Олай болса, қазақ кітабы көркеймейді деп басқа кімге кінә артамыз?..
Осының бәрін көре тұра, заман ахуалын біле тұра, шетелдік кітаптарды Қазақстанға кіргізбеу деген мүмкін емес және дұрыс талап та емес. Өйткені, ол – кәдімгідей табыс, пайда әкеліп тұрған сала. Осы кітап саудасын жақсы жолға қойып, бизнесін өркендетіп отырған азаматтарымыз бар. Заң шығару арқылы тыйып тастаймыз деген де – ақымақтық, себебі олай етсек, қаншама азаматтарымыздың өре түрегелетіні анық. Біз тек қазақ кітабын оқылымды ету арқылы ғана бәсекеге төтеп бере аламыз. Қазақ кітап саудасын жандандырмайынша, бәрі бекер. Ал қазақ кітап саудасының бір кездері бізде тасы өрге домалап тұрған еді. Оны күйретіп кеткен – күні кешегі жекешелендіру. Кітап іздеп, шөлдеп жүрген оқырман бар, бірақ мәселе соларға кітапты жеткізетіндей кітап саудасы дұрыс жолға қойылмаған. Осы кітап саудасын дұрыс жолға қою керек. Мемлекеттік кітап дүкендерін жандандырып, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды сол жерлерде сату керек. Сол жерден оқырман өз керегін табатынына сенімдімін.
Кітап саудасы деген өз алдына бөлек қарастыруды талап ететін үлкен мәселе болып тұр. Әйтпесе бізде заманауи техникамен жабдықталған кітап баспасы саласы қазірдің өзінде жақсы дамыған. Кітаптың безендірілуі, сапасы шетелдік баспа өнімдерімен қатар қойғанда ұялмайтындай дәрежеде. Қаншама энциклопедиялар мен сөздіктерді аударып, оларды қазақтың шұрайлы тілімен көркемдеп беріп жатыр баспаларымыз. Әліппені әлі оқи алмайтын бүлдіршіндерге суретпен безендірілген кітаптардан бастап, мектеп оқушыларының түрлі пәндерден қосымша пайдалануына арналған түрлі оқулықтар, энциклопедия, кітаптарды табу қиын емес. Бірақ өкініштісі, солардың саудасы жанданбай, іздеген оқырман таба алмай, ал керісінше, кітап иесіне жете алмай, бөлшек саудаларда, әр жерде жүр. Сондықтан мен айтар едім, басты мәселе шетел өнімдерінің қаптап кеткендігінде емес, яғни қазақ кітабының өтуіне тежеу салып отырған олар емес, мәселе – біздің қазақ кітабын жандандыра алмай жатқанымызда.
Бейтарап пікір
Ғарифолла Әнес, Арыс баспасының директоры:
– Отандық кітап индустриясының қалыптаспай жатуының басты себебі – біздегі кітап таралымының тым аздығында. Қазіргі таңда бізде кітап индустриясы деген атауға тек мектеп оқулықтары ғана лайық. Солар ғана 15-20 мың таралыммен шығады себебі. Ал қалған әдебиеттер – 500, 1000, ең көп дегеннің өзі 2000 данадан аспайды. Миллиондап шығатын Ресей, жалпы шетелдік баспа өнімдерінің қасында бұл санды тираж деп айту – күлкілі. Олар сонысымен өз елдерінен артылып, бізге келеді. Кітап неғұрлым көп шыққан сайын бағасы да арзандайды. Ендеше біздің басшыларымыз, осы қазақ кітабын жандандыруға көңіл бөліп, қазақ кітабының таралымын көбейтуді қолға алса, ал әр қазақ өз тілінде білім алып, өз тілінде кітап оқуды басқа мүдделердің бәрінен үстем қойса, шетелдік кітаптардың мәселесі өздігінен шешіледі.