Жақында еліміздегі елді мекендерге кісі есімін беруге мораторий жарияланды. Осы уақытқа дейін жер-су атауларын өзгертуге қатысты мәселелер өте көп талас-тартыс туғызған еді. Кейбір мамандар жер-су атауларын өзгерту құзырын жергілікті биліктен алып, бір орталыққа беретін заң керектігі жөнінде ұсыныс жасаса, енді бір мамандар «бұл қызметті орталықтандырғаннан гөрі, арнайы комиссия құру арқылы шешкен жөн» деген пікір айтқан еді. Ал енді бәрін ысырып қойып, елді мекендерге кісі атын беруге уақытша тыйым салынып отыр. Осы орайда елді мекендерге кісі атын беруді түбегейлі тоқтату жөнінде ұсыныс айтушылар да баршылық. Бұл пікірді жақтаушылар «кім көрінгеннің елді мекендерге өз жақын-жуығының атын тықпалауына осылай тыйым салуға болады» дейді. Жер-су атауларына орай туындап отырған пікірлерді көпшіліктің талқысына салып көрген едік...
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты
Иә
– Өз басым елді мекендерге кісі есімін беруді түбегейлі тоқтатуды қолдаймын. Негізі, елді мекендерге кісі есімін берудің еш қажеттігі жоқ. Өйткені бұл қазіргі таңда жергілікті жердегі қолында билігі немесе қалтасында ақшасы барлардың ойыншығына айналды. Біреу бірдеңе қылып, елді мекенге бүгін өзінің атасының атын өткізсе, уақыт өте тағы біреу келіп, бабасының есімін ұсынады. Осылайша, бұл үрдіс жалғаса береді.
Елді мекеннің бүгінгі атауы – ертеңгі тарих. Ендеше, тарихты бұлай ойыншыққа айналдыруға бола ма? Бүгінгі таңда елді мекендерден аты да, заты да белгісіз адамдардың атын көп кездестіреміз. Мұны істеп отырған — жақын-жуығының атын шығарғысы келетін, жергілікті жердегі қолында билігі бар адам.
Көшеге көкесінің, ауылға атасының атын беретіндерге түбегейлі тыйым салу арқылы ғана тоқтата аламыз. Бұл жөнінде Елбасының өзі кезінде қалаларға кісі атын бермеу туралы пікір айтқан болатын. Мен де осы пікірді қолдаймын. Тереңіне үңіле білсек, әр өңіріміздің тарихи, байырғы атаулары бар. Тарихи атаулардың мағыналылығы соншалық, жердің бедері мен орналасуына қарай дәл тауып қойылғанына еріксіз таңғаласың. Мамандар осы атауларын зерттеп, қайтарса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір ауылдың атауын бір адамның атына меншіктей салғаннан гөрі, байырғы атауларын зерттеп қайтарудың маңызы өте зор. Бір адамның атымен атай салу көпшіліктің көңілінен шықпай, керісінше, ренішін туғызуы да әбден мүмкін.
Осы орайда айта кетер жайт, депутаттар да талай рет ономастика туралы заң қабылдамай, жер-су атауларына қатысты мәселелерді шешу мүмкін еместігін талай рет айтып, мәселе көтерді.Тіпті заң жобасына дейін жасап, Үкімет назарына ұсынды. Бірақ мәселе әлі шешімін таппай жатыр. Тәуелсіздік алғанымызға 20 шақты жыл өтсе де, әлі күнге дейін атауы қазақыланбаған жер-су, көше атаулары өте көп. Шынына келсек, жер-су атауларына қатысты мәселенің әлі күнге дейін реттелмеуінің өзі осы арнайы заңның жоқтығынан туындап отыр деуге де болады. Заң жүзінде осы мәселелердің бәрін реттесек, бүгінде мұндай әңгіме туындамаған да болар еді. Әлі де болса жер-су атауларын тәуелсіз мемлекеттің мүддесіне қызмет ететіндей қылып заңмен реттеп, бір тәртіпке келтіру керек.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, қоғам қайраткері
Жоқ
– Жоқ, елді мекендерге кісі атын беруге тыйым салудың қажеті жоқ. Өйткені мұндай тыйым салу арқылы біз осы саладағы қордалаған мәселелерді шеше алмаймыз. Негізі, 20 жыл ішінде талай белесті бағындырып, іргелі мемлекетке айналған еліміз үшін мұндай шаралар шешімі қиын мәселеге айналмауы керек еді. Өкінішке қарай, әркімнің көңіліне қарап, жалтақ күй кешіп отырғанымыздың арқасында елімізде әлі күнге қазақшаланбаған қала, аудан, елді мекен атаулары өте көп. Астана маңайы, Арқа, Шығыс Қазақстан облыстарында қазақыланбаған елді мекен атауларынан көз сүрінеді. Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаев, Сегіз сері, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов аудандарынан басқасының бәрі дерлік – орысша атаулар.
Сондықтан реті келсе, қазақыланбаған ауылдарымызға сол өңірді дамытуға еңбегі сіңген немесе сол өңірден шыққан белгілі адамдардың атын берсек, ештеңеден ұтылмас едік. Тек сол атауларды беру кезінде алдын ала арнайы құрылған комиссияның елегінен өткізу қажет. Әйтпесе, кім көрінгеннің білдей бір ауылдың атын иемденіп кететіні де рас. «Ел іші — алтын бесік» дегендей, әр ауылдан шыққан белгілі адамдар баршылық. Тек соларды дәл табуымыз қажет. Ауылдарға сол өңірден шыққан тұлғалардың есімін беру арқылы келер ұрпаққа сондай болуға ұмтылуды насихаттауға болады. Қанша айтқанмен, кішкентай балаға өз ауылынан шыққан белгілі тұлғаның жеткен жетістігі жақсы әсер етеді. Әрі сол өңірден шыққан белгілі адамды туған жерінен артық ешкім дәріптей алмайды. Сондай-ақ Абылай хан, Барақ сұлтан, Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміздің қайсысы болсын — ауыл түгілі, қала атын беруге тұрарлық тұлғалар. Ендеше, олардың атын дәріптеуден неге тартынамыз?! Тіпті Қонаев атамыздың өзі — бір қаланы иемденуге тұрарлық тұлға. Сондықтан осыны ойластыру керек.
Тағы бір айта кетерлік жайт, үлкен қалалар мен аудандарға бұрынғы тарихи атын қайтарып, ал кішкентай ауылдарға кісі есімдерін беру керек. Ал олардың талапқа сай болуын арнайы комиссия тексеріп отырса, артық мәселе туындамас еді. Жақында Талдықорған қаласына қарасты Абай елді мекеніне Көшкентау деген бұрынғы атын қайтарды. «Көшкентау» атауы құлаққа қандай жағымды естіледі! Егер әр өңірдің осындай атауларын зерттеп, қайтарсақ, тіпті дұрыс болар еді. Рас, Абай деген атауы да жаман емес, бірақ Абай аты берілген ауылдар жетерлік, ал өзінің байырғы атауы, қанша айтқанмен, жақсы естіледі. Тағы бір айта кетер жайт, кейбір кезде асыра сілтеп, қазақша атауларды қайтадан қазақша өзгертіп, әлек болып жатамыз. Одан да Солтүстік облыстағы 90 пайыз орысша атауларды иемденген елді мекен атауларын қазақшаға айналдыруға тырысу керек. Сондай-ақ кім көрінгеннің атын елді мекенге беруге сақ болу керек. Өйткені кейін олардың атауын қайтарып алудың өзі қиындық тудырады.
Бейтарап пікір
Смағұл ЕЛУБАЕВ, Алматы қалалық ономастика комиссиясының мүшесі, жазушы:
– Тәуелсіздік алған уақыттан бері жер-су атауларын нақтылап, бұрынғы тарихи деректерге негіздеп белгілеуде біраз шаруа атқарылды. Ресми статистикаға сүйенсек, бес облыс, 13 қала, 53 аудан, жеті қалалық аудан, 43 теміржол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгертіліп, алты облыс, 12 қала, 14 аудан, 76 теміржол стансасы мен 30-дан аса елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы анықталған екен. Дегенмен біздің елімізде әлі де болса өзінің тарихи атауларын алмаған қалалар мен елді мекендер жетіп-артылады. Мәселен, шекара төңірегіндегі кейбір елді мекендер әлі күнге ол өңірдің тарихына еш қатысы жоқ атауларды иемденіп тұр. Сол секілді Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында да ұлтымызға үш қайнасы сорпасы қосылмайтын елді мекен атаулары саптан қалмай келеді. Осы орайда мораторийдің жариялануы осы саладағы орын алып жатқан ретсіздікке тосқауыл болып, атқарылып жатқан істерге сараптама жасауға мүмкіндік туғызса, дұрыс болар еді. Негізі, өз басым кісі атауларынан гөрі, тарихи жерлеріміздің атауларының қайтарылуын қолдаймын. Кеңестік кезеңде саяси мақсатта қойылған атаулар бірінші кезекте жойылуы тиіс.