Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға салықты еселеп арттыру қажет пе?

Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға салықты еселеп арттыру қажет пе?

Жақында Мәжілісте «Ойын бизнесі туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізілген заң жобасының тұсауы кесілді. Біршама новеллаларды қамтыған құжат еліміздегі ойын бизнесіне қатысты «ойын ережелерін» өзгертуді мақсат тұтады. Соның ішінде салмақты жаңалықтың бірі  букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға қатысты салынатын салыққа байланысты болып отыр. Мәселен, Спорт және дене шынықтыру агенттігі  букмекерлік кеңсе мен тотализатор кассасынан ай сайынғы салық алымын 75 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 138 900 теңгеден 150 айлық есептік көрсеткішке, яғни 277 800 теңгеге дейін арттыруды ұсынады. Сонымен қатар, букмекер кеңсесі және тотализатордың электрондық кассаларына салынатын салық мөлшері де  75 АЕК-тен (138 900 теңге) 2000 АЕК-ке (3 млн. 704 мың теңге) дейін арттыру қарастырылып жатыр. Алайда, дәл осы салықтық ауыртпалықтың кері әсері болатынын алға тартқандар да баршылық.


ИӘ
Тастанбек ЕСЕНТАЕВ,
ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы:
–Мұндай  түзетулер қажет және осыны шұғыл іске асыру өзекті деп санаймын. Оның қажеттілігіне қатысты мысалдар да жеткілікті. Айталық, естеріңізде болса, 2000-шы жылдары республикамызда ойын автоматтарының залдары кез-келген жерде ашылды, олар кедергісіз жұмыс істеді. Тіпті кейбір елді мекендерде олардың саны бірнеше жүзге жеткен еді. Осыны ескеріп,  "Ойын бизнесі туралы" Заң қабылданды, сол арқылы аталмыш сала біршама реттелгендей болып еді. Қапшағай мен Бурабай қалалары осындай ойынханалар заңды қызмет ұсынатын аймақтар ретінде белгіленді.
Алайда, қазіргі күні "ойынқұмарлар үшін" ойын автоматтары залдарының орнын букмекер кеңселері басып отыр. Соның салдарынан болуы керек  букмекерлік кеңселердің санының артуы қоғам үшін қауіп туғызатын деңгейге жетті. Бұл жайында, Елбасы Н. Назарбаев Астана қаласын дамытуға арналған жиында да айтып, елордада 500-ге жуық букмекерлік кеңселер бар екенін, олардың шапшаң  кеңінен қанат жайып келе жатқанын да ерекше атап өткен болатын. Шындығында, букмекерлік кеңселердің залалы көз алдымызда: қазіргі таңда жастар спортпен айналасқанан гөрі, өздерінің алтын уақыттарын осындай орындарда өткізетіні өкінішті.
Сонымен қатар, букмекерлік кеңсені жағалап оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер мен тез арада байып шыға кетуге деген құмарлық ең алдымен, кірісі төмен адамдарды, сондай-ақ жастарды «баурап» алып жатыр. Ал психологтар әлемде құмар ойындарға  тәуелділік есірткіге тәуелділік секілді тез өршитінін айтады,  мәселен оның «уыты» бір айдан жарты жылға дейінгі кезеңде белең алады екен.    
Сондықтан, бұны ұлттық деңгейдегі қасірет деп қарағанды сұрар едім. Ал ондай қасіреттердің артында өз-өзіне қол жұмсауға, жақынының қарызын төлеу үшін отбасының, ата-ананың дүние-мүлкін сатуға, кейбір жағдайда қылмыстық жолға түсуге әкелетін үлкен қауіп тұр. Ендеше, біз де тиісті шараларды қамтып, арнайы тетіктерді қазір қолға алмасақ, болашақ ұрпағымыз құмар ойындардан баю жолын іздеп, моральдық-адамгершілік құндылықтарын жоғалтып, еліміздің өркендеп дамуына өз үлестерін қоса алмайтыны  анық. Соның салмақты тетіктерінің бірі біз ұсынып отырған салықтық өзгерістер деп санаймыз.


ЖОҚ
Николай ИСКЕНДИРОВ,
Қазақстан букмекерлері мен тотализаторлары қауымдастығының президенті:
–Спорт агенттігі қазақстандық букмекерлік кеңселерден алымдарды екі есеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Бұл қадам еліміздегі букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды кіріссіз қалдыруға әкеп соқтырады деп есептейміз. Мәселен, 2013 жылға осы саладағы салық – 1,5 млрд теңгені құрады, ал жылдық айналымы – 30 млрд теңгеге жетті. Бұндағы букмекерлердің кірісі – 10 пайыз. Сондықтан да, егер салықты заң жобасында қарастырғандай екі есеге дейін арттырсақ, онда букмекерлердің барлық кірісі салыққа кетеді деген сөз.  Мысалы, салыстырмалы түрде алып қарасақ,  Ресейде букмекерлік кеңсенің бір кассасына салынатын салық мөлшерін теңгеге шақсақ бұл шамамен 40 мың теңгені құрайды, ал бізге 233 мың теңге төле деп отыр. Осы дұрыс па?
Сонымен қатар, менің ойымша, ойын бизнесіне енгізілгелі отырған барлық шектерулер мен кедергілердің кері әсері болуы мүмкін. Бұндай шектеулер букмекерлерді дамытпайды, керісінше оларды «көлеңкелі» жолға кетуге итермелейтін болады.
Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мәселесін тек тұғырыққа тіреу тұрғысынан қарамауымыз керек, қайта оларды заманға сай дамытқаннан ұтарымыз мол болар еді. Өйткені, бізде бұл сала жеткілікті деңгейде жоғарғы технологияландырылған. Ал бизнестің осы түрін дамытуға біліктілігі жоғары мамандар керек, дамытуға қаржы-қаражат қарастыру керек. Осы тұрғыдан алғанда, біз бұл бизнестің елімізде шектеулігін алға тартып, саланы дамытуды доғарсақ, біз онда қазақстандық ойыншылардың шетелдіктермен ойнауына жол ашып береміз. Яғни, мұндай салықтық және басқа да  түзетулер қазақстандық ойын бизнесінің дамуына емес, керісінше  шетелдегі бизнесті дамытуға, қазақстандық ойыншылардың шетелге ағылуына септігін тигізеді. Біз қазірдің өзінде ойын бизнесінің біраз кідірістеп қалғанын, тіпті қатысушылардың біраз бөлігі шетке кетіп жатқанын аңғарамыз.
Ал айтылып отырған проблемаларға келсек, біздің пікірімізше,  қазақстандық жастардың басым көпшілігі букмекерлік кеңселерде ставка қойғаннын гөрі компьютерлік ойындарға көбірек тәуелді. 
Заң жобасында көтерілген тағы бәр мәселе бар – бұл әрбір ойын мекемесі үшін міндетті резервтерді ұлғайту. Атап айтқанда,  букмекерлік кеңсе үшін 37,4 млн. теңгеден, 74,8 млн. теңгеге, ал тотализаторлар үшін 9,2 млн. теңгеден, 18,5 млн. теңгеге дейін резервтік қаржыны ұлғайту ұсынылады. Егер міндетті резервті соманың мөлшерін осылайша арттырсақ, одан букмекер де ойыншы да ұтпайды, тек олар сақталатын банктер ғана ұтыс көреді. Осы жағын да ескеруіміз керек.

Түйін:
Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі күні елімізде 13 казино, 8 ойын автоматы залы, 37 букмекер кеңсесі, 2500-ге жуық ставкалар қабылдау пункттері және 1 тотализатор жұмыс істейді. Казино мен ойын автоматтарының нарығы шамамен жылына 150 млрд. теңгені яғни 810 млн. долларды құрайды екен. Бұл қыруар қаражат. Сарапшылар сол қаражаттың басым бөлігі қылмыстық жолмен алынып, жылыстатылатынын алға тартады. Сонымен қатар, осы саладағы қылмыстар саны да өрши түскен. Мәселен, қаржы полициясы 2010 жылы – 34 қылмысты ашса, 2013 жылы ойын бизнесі саласындағы қылмыстар саны 500-ден асқан. 2012-2013 жылдары 78 жасырын казино мен 208 ойын автоматтары қызметінің жолы кесілген, бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 5 есеге артық. Осы мәліметтердің өзі Қапшағай мен Бурабайдан басқа өңірлерде де ойын бизнесі қыз-қыз қайнап жатқанын көрсетпей ме? Ендеше саланы заң арқылы реттеу керек-ақ. Ал реттеудің шамадан тыс болып, капиталдың шекарадан асуына жағдай жасамағаны да игі.  Бір сөзбен айтқанда «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» тетік қажет.
Айтпақшы, Мәжіліс депутаттары букмекерлік кеңселердің күрт артуынан қауіп көріп, бұларды құмар ойындар қатарына жатқызуды, тіпті Беларуссиядағы секілді олардың қызметіне тыйым салуды да көтерген. Айталық, бұған дейінгі отырыстардың бірінде депутат Рауан Шаекин: «Бұрын казино мен ойын автоматтарына уланғандар қазір осы кеңселерден шықпайтын болды. Міне, осыларды құрту керек. Өйткені,  қазіргі букмекерлік кеңселер құмар ойындар алаңына айналып барады. Бұл - азарт ойындарының бүркеншек көрінісі», - деген болатын.

«Алаш айнасы»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста