«Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген бір жақсы сөз бар ғой. Егер сіз әйел адам болсаңыз, жүз досыңыздың ішінде қанша досыңыз ер адам болуы мүмкін? Немесе керісінше, ер адам болсаңыз, 100 адамның ішінде қанша нәзікжандымен дос болар едіңіз? Әлде бұл мүмкін емес нәрсе ме? Осы мәселеге қатысты бөріктілер мен бұрымдылар арасында шынайы достық бар-жоқ деп әркім өзінің дәлелін келтіріп жатады. «Алаш айнасы» да осы бір қызық та, қиын сұрақты ой-көкпарына салып көрген еді.
Иә
Ләйлә Бәшімбаева, мұғалім:
Қыз бен жігіттің арасында шынайы достық болмайды деген пікірмен толықтай келісемін. Бұрын қызы не, ұлы не достық деген сезім адамзатқа ортақ емес пе деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе пікірім өзгерді, ер адам мен әйел адамның арасында достық сезім болмайтынына, болса да ұзаққа созылмайтынына көзім жетті. Менің жақын құрбым студент кезімізде бірге оқыған ортақ курстасымызбен сырлас, дос болды. Қашанда жұптары жазылмай жүретін. Біз оларға «екеуің үйлене салсаңдаршы» деп әзілдесек, «жоқ, біз жай ғана доспыз ғой» деп ақталатын. Сол курстастарым жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін 2 жылдан соң отбасын құрды. Достық махаббат сезіміне ұласты. Бұл сияқты оқиғалар өте көп. Меніңше, қыз бен жігіт дос, сырлас болып жүріп бір-біріне бауыр басып қалады. Дос болған қыз бен жігіттің арасында тағы бір жағдай өте көп кездеседі. Екі достың бірі екіншісіне ғашық. Өзінің жақсы көрген адамына жақын болу үшін де ол онымен дос болып жүреді. Соңында бәрібір ғашық адам өзінің сезімін жасырып қала алмайды.
Жалпы мамандардың айтуынша ер мен әйелдің өмірге деген көзқарастары екітүрлі. Олардың достық, махаббат сезімдері туралы түсініктері де әрқилы. Сондықтан қыз бен жігіттің арасында шынайы достықтың болуы мүмкін емес. Тіпті болған күннің өзінде ұзаққа созылмайды. Өйткені әйел адам тұрмыс құрғаннан кейін, ол өзінің құрбыларымен араласып тұрғаны секілді ер баламен араласып тұра алмайды. Бөріктілер мен бұрымдылар бір-бірімен жақсы таныс, әріптес, серіктес болуы мүмкін, бірақ шынай дос болуы өте сирек деп ойлаймын. Тағы бір айта кетер жәйт, жалпы әйел затының ермен болсын, тіпті өзінің жақын құрбыларымен болсын шынай дос болуының өзі өте сирек.
Жоқ
Төреғали Батырханұлы, психолог:
Қыз бен жігіттің ортасында достық болады. Бұл негізінен адамның жыныстық ерекшелігіне байланысты емес, адамгершілік сана-сезіміне, интеллектуалдық деңгейіне байланысты. Егер әйел мен ер адамның екеуінің де интеллектуалдық деңгейі жоғары болса, онда арада достық болуы әбден мүмкін. Ал интелектуалдық деңгейлері төмен болса, ондай адамдар тек құмарлық бағытта ғана ойлайды. Көбіне жігіттер сұлу қыздың түр-келбетіне, дене бітіміне қарап, соған жақын жүргісі келеді. Кейбір адамдар өзінің жанына сұлу қызды, немесе сымбатты жігітті ертіп жүргенді мәртебе санайды. Ал ой-өрісі жоғары, білімі терең адамдар достыққа тек адамгершілк тұрғыдан қарайды. Мұндай адамдарда жабайы инстинг болмайды. Ғашық болу, тән ләззатын алу деген нәрсенің бәрі табиғи инстинг. Ал достық өте биік ұғым, бұл жерде кіндіктен төмен ойлауға жол жоқ. Ақылды, ұстамды адам қыз болсын, жігіт болсын өзінің досының бойындағы жақсы қасиеттерді бағалайды, оны түсінеді, сыйлайды, сырласады. Шынайы достар бір-біріне мұң шаққанда түсініседі, қолынан келгенше көмегін береді. Енді біреулер материалдық деңгейіне қатысты, яғни бай, қалталы адамдарға жақын болу мақсатында дос болады. Тағы біреулер тән құмарлығынан дос болады.
Жалпы, достықтың түр-түрі болады ғой. Ең биік достық адамдардың бір-бірінің тұлғалық қасиеттерін бағалап дос болуы.
Бейтарап пікір:
Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші:
– Қазіргі заманда бәрі де мүмкін. Меніңше бүгінде еркекшора қыздар, қызтеке жігіттер қаптаған қоғамда қыз бен жігіттің достығына таңғала алмайсың. Әрине, мұндай достықты қаншалықты шынайы деуге болатынын білмеймін, бірақ жігіт пен қыз бір-біріне ғашық болмаса да жұптары жазылмай жүретіндер бар. Қыздардың арасында әйелдерден қарағанда жігіттермен дос болған өте жеңіл деп санайтындар жетіп артылады. Сондай-ақ жігіттердің де арасында қыздармен дос болуға құштар адамдар жиі кездеседі.