Жақында Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев мырза алдағы уақытта мемлекеттік медициналық мекемелерді жекешелендіру мүмкіндігін қарастыру жайлы ұсыныс айтты. Медициналық қызметті, медициналық мекемелерді жекешелендіру, сол арқылы олардың арасында бәсекелестік қалыптастыра отырып дамыту осыған дейін де бірнеше мәрте айтылып, қоғамның екіжақты пікіріне негіз болған еді. Тақырыпты тағы бір мәрте мамандардың талқысына салып, артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік. Сонымен...
Шалғынбай ЖАНДОСОВ, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг жөніндегі ғылыми-тәжірибелік орталықтың директоры:
иә
– Иә, бұл мәселе Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу қорытындылары туралы Республикалық кеңесте айтылды. Премьер-министрдің орынбасары мемлекеттік медициналық мекемелерді қадағалаушы кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға ауыстыра отырып, мемлекеттік медициналық ұйымдарға дербестік беру жайлы айтқан еді. Ол кісінің бұл пікірін мен қолдаймын. Өйткені бұл мемлекеттік медициналық мекемелерге дербестік бере отырып, оларды жан-жақты дамытуға мүмкіндік берер еді.
Мәселен, бүгінде емханаларымыздағы медициналық құрал-жабдықтар өте ескі. Кейбір мемлекеттік емханалардан тіпті қарапайым медициналық құрылғыларды таба алмайсыз.
Сырқат мемлекеттік емханаға медициналық тексеруден өтуге келгенімен, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу қондырғысы, рентген секілді қарапайым құрылғылардың тексеруінен өте алмайды. Өйткені оларда ол медициналық құрал-жабдықтар жоқ. Бюджеттік емханадағы дәрігер науқасты қабылдағанымен, жекеменшік медициналық орталықтағы медициналық құрал-жабдықтың тексеруінен өту үшін жолдама береді. Яғни бұл жерде сырқат тегін медициналық көмекті ала алып отырған жоқ. Аяғы ауыр аналар да тұрғылықты жері бойынша кез келген мемлекеттік емханада тегін медициналық тексеруден өтіп, тіркеуге тұруға құқылы болса да, сол емханада тиісті жағдайдың болмауынан кейбір анализдерін жекеменшік емханаларға апарып тапсыруға немесе жекеменшік медициналық орталықтарға барып ультрадыбыстық зерттеу қондырғысына түсуге мәжбүр. Яғни мемлекеттік медициналық мекемелерде талапқа сай медициналық қызмет түрлерінің болмауы халықты тиісті тегін медициналық көмек құқығынан айырып отыр. Сондықтан біз мемлекеттік медициналық мекемелерге дербестік құқығын бере отырып, мемлекеттік медициналық ұйымдарды сенімді басқаруға беру, құны 50 млн теңгеге дейінгі медициналық құралғыларды лизингіге сатып алу жүйесін енгізу, барлық деңгейдегі жетекшілердің менеджментін арттыру, яғни дәрігерлердің біліктілігін көтеру, медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылауды күшейту арқылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі міндеттерін іске асырудың медициналық және экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізуіміз керек. Сонда ғана біз халқымызды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отырмыз деп айта аламыз.
Медициналық мекемелерді шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға ауыстыру медициналық қызметтің сапасын үздіксіз арттырып отыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңдағы осы саладағы басты мақсат та осы болып отыр. Біз медициналық мекемелерді ғана емес, медициналық қызметкерлерімізді де сапалық тұрғыдан көтеруді ойлауымыз керек. Шынын айту керек, қазір еліміздегі медициналық қызмет көрсету сапасы жыл санап артып келеді. Кейбір ота түрлерін бұрын шетелдерде ғана жасау мүмкін болса, қазір ол оталар өз елімізде де еш қиындықсыз жүзеге асып жатыр. Сондықтан еліміздегі медицина саласы дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп айта аламын.
Темірәлі ЖҰМАШ, ҚР ДСМ Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының аға ғылыми қызметкері, ассоциирлі профессор:
жоқ
– Менің ойымша, бюджеттік медициналық мекемелерді жекешелендіру дұрыс емес. Дербестік құқығын беру, анау-мынау дегенмен, мұның барлығы – кәдімгі жекешелендіру. Ал мемлекеттік медициналық мекемелерді жекешелендіру халықты тегін медициналық көмектен ажыратады. Тіпті мемлекеттік емханадағы дәрігердің қабылдауына кіру де ақылыға айналса, халық қалай күн көреді? Қазір бюджеттік емханаларда медициналық қызметтің кейбір түрлері табылмай, жекеменшік медициналық мекемелерге жүгінгенімен, әупірімдеп кезек күтіп мемлекеттік емханадағы дәрігер алдына әзер кірсең де, дәрігердің қабылдауы тегін, кейбір анализдерді де тегін тапсыруға болады. Ал мұның бәрінен айыру халықтың да наразылығын туғызады.
Біз мемлекеттік медициналық мекемелерге дербестік бере отырып, оларды жан- жақты дамытуды ғана ойламай, халықтың да қамын ойлауымыз керек. Әлеуметтік жағдайы келгендер медициналық қызмет сапасы жоғары жекеменшік ақылы медициналық орталықтарға бара берсін, ал жалпы халықты бюджеттік медициналық мекемелерден айырмауымыз керек. Қазір мемлекеттік емханаларға барсаң, көбінесе зейнеткерлер кезекте тұрады. Демек, болмашы зейнетақы мен жалақыны талғажау етіп отырғандарға мемлекеттік медициналық мекемелер әлі де болса керек. Егер біз бюджеттік медициналық мекемелердегі қызмет сапасын жақсартамыз десек, оларға дербестік құқын бермей-ақ, заманауи медициналық құралдармен жабдықтап, білікті мамандарды жинауымызға болады. Бұл жерде жекешелендіру міндет емес. Осы орайда айта кетер жайт, медицина саласында ең алдымен жекешелендіруге ұшыраған стоматология саласы болатын. Бүгінгі таңда ауыл халқының 85-90 пайызының тісі түрлі тіс ауруларына шалдыққан көрінеді. Бұл – стоматология саласының жекеменшікке айналып, халыққа қолжетімсіз болғанының нәтижесі. Ертең мемлекеттік медициналық мекемелерді жекеменшікке айналдырсақ, жаппай халқымыздың денсаулығын ақсатып алуымыз әбден мүмкін. Елімізде әлі де болса жыл өткен сайын жасарып, кең таралып бара жатқан онкология, жүрек қан-тамыр аурулары, қант диабеті секілді аурулар жетерлік. Біз бүгінгі күні халыққа медициналық көмекті барынша қолжетімді қылып, кең таралып бара жатқан осы аурулардың алдын алумен айналысуымыз керек.
Сондықтан мен бюджеттік медициналық мекемелерді жекешелендіруге түбегейлі қарсымын. Қайта мемлекеттік медициналық мекемелердің мәртебесін арттырып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жалақысын көтеру арқылы білікті медицина қызметкерлерін мемлекеттік медициналық орталықтарға тарту жұмыстарын жандандыруымыз керек.
Бейтарап пікір
Еділ ДАДАНБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
– Медицина саласында қордаланған мәселелер көбейіп кетті. Тіпті медицина саласында қабылданған реформалар да өз дәрежесінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Біз бүгінгі күні бір жүйені тиімді жұмыс істете алмай отырып, екінші бір жүйені іске қосуға асығамыз. Ал мұның соңы медицина саласының құлдырап кері кетуіне, медициналық көмектің қолжетімсіздігіне әкеліп соқтырып отыр. Сондықтан жаңа өзгеріске асыққанша, осыған дейінгі жүйелерді саралап, нақты нәтиже шығарып алуға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын.