Бақытжан Ертаев: «Сарбазды өзіңнің балаңдай сыйласаң, сарбаз сені әкесіндей сүйеді»

Бақытжан Ертаев: «Сарбазды өзіңнің балаңдай сыйласаң, сарбаз сені әкесіндей сүйеді»

Әскер аңызбен ғана емес, ақиқатпен өмір сүреді. Ақиқат - Армияға рух беріп тұратын ұлы күш. Биыл 25 жылдығын атап өткен Қазақстан Армиясында күні кешегі соғысты бастан өткеріп, сарбаздармен бірге қар жастанып, мұз бастанған, соғыс ақиқатын оқулықтан емес, басынан өткізген ақиық тұлғалар баршылық. Соның бірегейі – Бақытжан Ертаев. Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев туралы жазылған мақалалар аз емес. Әлі де жазылады. Біз сол батыр ағамыздың өз аузынан айтылған әңгімеге құлақ түріп, оның тұшымды ойларына қаныққымыз келді. Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің ширек ғасырлық мереСол себепті де батырдың әр жылдары Риза Исаева мен Қанат Қазы сияқты журналистерге берген сұхбаттарына жүгініп отырмыз. Сол сұхбаттарында айтылған батыр ойларының бір парасын ұсынып отырмыз:

- Мен Академияда оқып жүргенде, «Комсомолькая правда» деген газетке бір мақала шықты. «Біздің комбат» деген. Сонда менің бөлімшеме барған тілші, Снегирев жазыпты, менің атым берілген «Бақтияр» деген тоғайды атапты, сондағы тұрғындармен сөйлескен. Жалпы, менің батальоным, өзге бөлімшелерден алыс, Нуристан деген жерде жеке тұрды. Пәкістанмен шекараның арасын Онар деген өзен ғана бөлетін. Нуристан бұрын Кәфристан деп аталған екен. Өйткені ол жерде өзге дінді ұстанатындар мекендеген. 78 жыл бойы ауғандар олармен соғысып, мұсылман дініне кіргізген соң, бұл жердің атауын Нуристан деп өзгерткен. Осы жерде Барканбай деген тоғай бар, оған бұрын ағылшындардың 18 дивизиясы барып, біреуі тірі шықпаған. Біздің батальон осы жерде болды. Сол «Комсомолькая правда» газеті жазады біздің батальон мешіт салды, деп. Бірақ біз мешіт салған жоқпыз, біздің танкіміз соғысып жүріп, байқаусызда мешітті бұзып кеткен еді, соны жөндеп бердік. Жергілікті тұрғындардың барлығы бізге қарсы шығып, бәріміз көтерілеміз, сендерді тірі шығармаймыз дегенде, мен олардың әкімдерімен жолықтым. Ауғандар әкімді «Алла Қадыр» дейді. «Алланың Қадірімен сайланған», деген мағынаны білдіреді.
Алла Қадірмен, молдалармен сөйлескенде, мен айттым: «Анау танкте отырған, мен сияқты қара көздер, бұлар соғысты тілеп келген жоқ, бұлар антын орындап жатыр, әскери борышын орындап жатыр. Ал, егерде сендер атсаңдар, біз қарап тұрмаймыз. Бірақ, соның кесірінен кінәсі жоқ бүлдіршіндер қайтыс болады ғой. Әкімді Алла Қадір дейді екен, олай болса сен елдің жағдайын ойлауың керек қой, аманшылықты ойлауың керек. Сен бізді қырамыз деп тұрсың, сен қандай әкім болдың» деп.

Сонда қасымызда тұрған молда, «ал енді сен мұсылман болсаң, мұсылманша не білесің?», деді. Есіме түссе қазірге дейін күлем, ауылдағы ақсақалдарға рахмет айту керек, есімде: «Бисиммилахи рахман-ир-рахим, лә иләха-илла-алла, әшкадан-алла, Мұхаммаду расул-аллах», деген сөз қалыпты. Оның ар жағын білмеймін ғой енді. Соны айтып едім, «біледі екенсің қай жақтан келдің деп?», сұрай бастады. Сол күні 21 сәуір болатын. Ал Кеңес өкіметінде бұл күні Бүкілодақтық сенбілік қой. Ертесінде, 7 қазақ жігітін жаныма ертіп, дәрет алып, мешітке барып, қабырғасын жөндедік, ел жиналып, көше сыпырып, көшеге су сеуіп, бұрын-соңды болмаған іс атқардық. Жабық дүкендер ашылды. Сосын, бабаларымыздан қалған дәстүр ғой, сол жердегі барлық ақсақал, шалдарды жинадым. Сөйтіп, ақсақалдармен әңгімелескенде, олар мен жоғарыда айтып кеткен тарихты әңгімелеп берді. Олардың Отанын сүйетінін, бостандықты сүйетінін, басқа елді кіргізбегенін, сондай жағдайларды айтты. Әрине, біздің тарапымызға қатты сөздер де айтылды. Бірақ, біз өзіміздің не үшін келгенімізді, яғни тыныштық орнатуға келгенімізді түсіндіріп, саяси кеңес үйреткен сөздерді айттық, әрине. Сонымен, мен бірінші сарбаздарыма сол елдің тарихын сыйлауды үйреттім. Екінші, дінін силатып үйреттім. Себебі, біздің сарбаздар жартылай жалаңаш жүреді, жуынады. Ал, біз тұратын жерден жергілікті тұрғындар су алады, суға қыз балалар пәранжымен келеді, көйлексіз жүрген бөтен ер адамдарды көрген соң, келе алмайды, соны тоқтаттым. Сөйтіп жергілікті тұрғындардың дінін, тарихын сыйлағанымызды білген соң, елдің де бізге көзқарасы өзгеше болды. Сосын, ел араладым. Сүлеймен Лайық деген олардың жазушысы бар, осы жақында интернетпен байланысқа шығып, Қазақстанға келемін деп жатыр, сонымен бірге жүрдім. Ол кісіні ауған халқы қадір тұтып, жақсы көреді. Ел аралап, бұрын өзім бармаған, көрмеген жерлерде болдық. Соның дәлелі, мына бір оқиға. Смағұлдың кітабында жазылған.

Жалалабадтағы бригадада Смирнов деген командир болды. Менің батальоныммен арасы 200 шақырым еді. Ол жерден өткенде, біздің сарбаздар, дұшпандармен соғыспай өтпейтін. Мен айттым, «осы күніге соғысып өтетін, 200 шақырымға мен жалғыз бара аламын», деп. Смирнов болса, «жоқ, келмейсің, бұл ісің үшін жауап бересің» деп, ашуланды. Бірақ мен 200 шақырымға көлікпен бардым. Ешкім атқан да жоқ, өлтірген де жоқ. Мені көздеп жүргенін байқадым, көрдім, бірақ атқан жоқ. Бригадаға жеті шақырым қалғанда, атты, бірақ тимеді. Сонда мен бригада командиріне айттым: «көрдіңіз бе, мұнда үлкен бригада тұр, сонда 7-ақ шақырымнан атты. 200 шақырым бойы маған ешкім оқ атқан жоқ, себебі, біз тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан адамдарды атып жатырмыз. Осылай біздің дұрыс емес әрекетіміздің салдарынан, бейбітшілікте жүрген жандардың өзі, таудағы бізге қарсы соғысқандарға барып қосылып жатыр, біз дұшпандарды көбейтіп жатырмыз». Әрине менің бұл сөзім, бригада командиріне ұнамады, «сен мұсылмансың» деген секілді мені жазғырды, соған қарамастан, бұл өзі бір бетке айтылған сөз болды. Маған мысалы, жергілікті тұрғындардың біреуі келіп айтатын, «пәлен жерге дұшпандар мина қойды, ана жақтан келе жатыр», - деп. Мен сондай адамдардың арқасында қауіпті жерлерді барлаушылардан жақсы біліп отыратынмын.

- Жалпы, Ауған соғысының тарихы да, табиғаты да өзгеше. Себебі ондағы әрбір сарбаздың елі, туған жері еш алаңсыз өмір кешіп, қатар құрбылары аунап-қунап, кейбірі отбасын құрып, той-томалақ жасап жатқан тұста ауған шатқалын асқандар оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арпалысында күн кешті. Оның үстіне, біз соғысқан елдің суы да, тасы да, топырағы да біздікі емес, жат жұрттікі болатын. Туған жерден жырақта соғысқан сарбаздар ең құрығанда Отанына тірі орала ма, жоқ па, соны да білмейтін ең ауыр халді бастан кешкен еді. Дегенмен Ауған соғысына қатысушылар еш жасыған емес. Өйткені олардың өздері соғысты тілемесе де, Отан алдында берген анттары бар болатын.

- Бізді дайындағанда саяси жағынан, яғни ол ел қандай, халықтық болмысы қандай, сол жағы туралы аз мәлімет берді. Екіншіден, алғашқы кезде әрине, соғысып жатырмыз деп ешкімге хат жазбайтынбыз. Онда награда болмайтын, кейін-кейін жасыра алмады. Себебі, марқұмдарды жібере бастады ғой. Қаза болғандар көп болды, қалай жасырады. Кейіннен біз кеткеннен соң, награда болды. Көп сарбаздар, біздің қазақтар наградасыз қайтты Ауған соғысынан. Қазірге дейін ойлаймын, сонда менің батальонымның сарбаздарының көбісі қаһарман ғой. Тіпті мен батальонда отырғанда Амосов деген лейтенантым Жалалабадтан келіп, «комбат, сіздің наградаға жіберген қағаздарыңыз, кадр бөлімінде, қағаз жинайтын шелекте жатыр» деді. Сонда мен ашуланып, тікұшақпен бардым, ұшу жарты-ақ сағат. Барып, кадр бөліміне кірсем, сол қағаз шелекте жатыр, онда бізде компьютер деген жоқ қой, оларда болған. Сонда мен ойлаймын, ал Отан Соғысында қандай әділетсіздіктер болды екен, деп. Біздің қаракөздер Ауған жеріндегі соғыста көп болды. Бірақ оларды көп наградаға ұсынбады. Оны ашық айту керек. Біздің сарбаздар, Акишов деген сержант өзінің бөлімшесімен қоршауда қалғанда (бөлімшеде 10 адам болады), пулеметті қолына алып, жараланғандарды құтқарған. Сөйтіп жүріп қайтыс болып кетті. Қаһармандық па, қаһармандық. Әрбір эпизодты ала берсек, біздің көп жігіттер өздерінің қаһармандығын көрсетті.

- Кейде мен біздің өзге бөлімдердің тактикасына түсінбейтінмін. Тауға шығамыз қан төгеміз, ертеңі таудан түсеміз. Мен айтамын, «ең алдымен тауға жібермеу керек, ал жіберген соң, таудан түсірмеу керек», деп. Бұл жерде басқа қандай тактика керек. Мен мұнда дұшпандардың тактикасын қолдандым. Біріншіден өзен маған шекара, одан әрі өткізбеймін. Екіншіден, өзім тосқауыл қойып, әр жерге екі-үш адамнан қарауыл қоямын. Сонда олардың өзі бізге келіп ұрынатын, біз оларға шабуыл жасаған жоқпыз.

- Мен ең бірінші сарбаздарым жаз¬сын деп ойлаймын. Өйткені оларға қарағанда менің көзқарасым өзгешелеу болатын шығар. Солардың қаламынан шын¬дық шықсын деп сабырымды сақтап жүрмін. Әйтсе де оның да өз уақыты келеді. Кітап та жазылады. Өйткені, шыны керек, Ауған соғысының ақиқаты әлі ашылып біткен жоқ. Бұл – бір. Екінші – Ауған соғысында қолда¬ныл¬ған тактика, ұрыс тәсілдері, стратегия туралы жазу-сызуды қолға алып жатырмын. Болашаққа, тәлімгер офицер¬лерге, сар¬баздарға қажет болып қалар, керегіне жа¬ратсын, қолдансын деп, өзімнің білгенімді түрткілеймін. Ауған соғысының ерекшеліктері туралы, ондағы соғыс практикасын қағазға түсіріп жүрмін.

- Қарулы Күштерден бөлек, ең алдымен Қазақстанның Тәуелсіздігі, егемендігі туралы айтуымыз, соған тәу етуіміз керек. Егемен елің, бостан жерің болмаса, Қарулы Күшің де болмақ емес. Ал Тәуелсіздіктің туындауына ең алдымен қаймана қазақтың ықылымнан қалған тарих тереңдігі де зор рөл атқарғаны хақ. Себебі бәйтеректің биіктігіне қарап, оның тамырының қандай екендігін білерсің деген. Біздің тамырымыз терең. Қазақтың Наурызбай, Қабанбай, Райымбек сынды толып жатқан батырлары не үшін жанын пида етті? Олар қалайша соғыста өліп қаламын-ау деп қорықпады? Жаудан не себептен қаймықпады? Әрине, «өзім өлсем де, елім аман, болашағым жарқын болсын» деді. «Ұлым – құл, қызым күң болмасын» деді. Жауға шапқанда да келешек ұрпақтары үшін қанын да, жанын да аямайтынын айтып, сол қазақтың кең-байтақ жазирасын ұрпаққа аманат етті. Міне, сол батырлар аманатының арқасында біз Тәуелсіздікке жеттік. Ал Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, оны мәңгілік ету үшін де айбынды Армия, Алаштың үнін асқақтататын әккі сарбаздар керек.

- Командирді қай уақытта сарбаз жақсы көреді? Егерде сарбазды өзіңнің балаңдай силасаң, тәрбиелесең, сарбаз сені әкесіндей сүйеді. Кейбір командирлер сарбаздармен айқайласып ұрсысады да, «мен қаталмын» дейді. Әрине, командир қатал болуы керек, бірақ шындық, әділет одан да қатал болуы керек. Құры айқайлай беретін командир- командир емес. Есіме бір оқиға түсіп отыр. Ол жігіт қазір Қапшағайда тұрады. Ауғанстанда, соғыстың алғашқы күндері сол жігітке оқ тиіп, құлап түсті. Қарасам жараланып қалыпты, қан ағып жатыр. Қазір дұшпан оны тағы бір оқпен өлтіруі мүмкін екенін біліп, оның үстіне жатып, оқтан қалқаладым. Денеммен қорғаштап, өзім де дұшпандарға оқ ата жүріп, оны БМП-нің астына жатқыздым. «Қай жерденсің?» десем, «Қазақстаннан, Қапшағайданмын ғой, аға»,- дейді, «тірі қаласың, бауырым!» дедім. Содан бері қаншама жылдар өтті. Осы былтыр жұмыс бабымен Қапшағайға барсам, қаланың әкімі: «қазір сізге бір тосын сый жасаймыз»,- дейді. Көп жылдар өтті, мен енді әлгі жігіттің түрін танымаймын. Бір кісі келіп құшақтап бетімнен сүйіп, «есіңізде ме аға, мені аман алып қалып едіңіз, мен міне тірі қалдым»,- дейді. Мұны неге айтып отырмын. Командир үлгі болуы керек. Бұрын осы жерде мен ротаның бастығы болғанда, «маған ұқсап жаса», яғни, «делай как я»,- деп өзіміз бірінші болып нысанаға ататынбыз. Сарбаз, басқа да командирлер, үлкен командирлерді қай уақытта силайды? Егер сол басшылар, өздерін силаса, оларды үйрете білсе, олардың білмегені үшін ұялтпай, көптің көзінше сұрап, бірге үйретсе, сол дұрыс. Тіпті кейде, «сен менен жақсы атады екенсің, мені, мына командиріңді үйрет», десе, одан жаман болмайды.

- Батырлар еш нәрседен қорықпайды деп айта алмаймын. Мен де қорқам. Жағымпаз, жылтыр-жалпақ адамнан қорқамын. Опасыздар мен таққа таласып бәрін сата салатын адамдар да мен үшін қорқыныш тудырады. Әрине, оларды білмей, байқамай қалуым мүмкін, сол жағынан олар маған қорқынышты. Мен бір сөзімде «батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деп едім. Ал тақ – бұл Отанымыз, еліміз. Соны қорғауымыз керек. Бабадан қалған өлкені сыйлау қасиетіміз де кеміп бара жатқандай. Бұл да қорқынышты.

- Мен қаһарман боламын деп ойлаған жоқпын. Алғысым шексіз, алайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдына барып маған қаһармандық беріңіз деп сұраған жоқпын. Ал, қаһармандық атақты алғанда: «Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл қаһармандық белгісі тек маған ғана берілген жоқ. Бұл- Ауған соғысына қатысқан сарбаздар мен Тәуелсіз еліміздің бүгінгі Отан қорғаушы сарбаздарына берілген даңқ!»,-деп екі-ақ ауыз сөз айттым.

«Қазақ солдаты» бөлімі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста