Аты-жөнді өзгертудің қазіргі формасы тиімді ме?

Аты-жөнді өзгертудің қазіргі формасы тиімді ме?

Тәуелсіздік алғалы бері ел азаматтарының, оның ішінде, мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің дені жеке бас мәліметтерін, аты-жөндерін ұлттық дәстүрге сай жазып, тіркете бастады. Бір кездердегі «-ов», «-ев»-терден арылып келеміз. Азаматтардың хал актілері жағдайларын тіркейтін органдар қазақстандықтардың есім мен тегін ұлттық ұғымға сай жазудың бірыңғай тәртібін түзді. Бірақ ескі құжатты өзгертудің машақаты азаюдың орнына қат-қабаттана түсті. Фамилияны сәл өзгерту жеке басқа қатысты барлық құжатты ауыстыруға мәжбүрлейді: өзгерген бір әріп салықтық тіркелу нөміріңе де, әлеуметтік жеке кодыңа да кедергі келтіреді. Ал осы шаруаны жеңілдетудің амалы бар ма немесе аты-жөнді өзгертудің тиімді формасын табуға болмай ма? Бұл сауалға хабар қонақтары жауап береді.


Гүлназат МҰҚАШЕВА, Алматы қаласы Әділет департаменті АХАТ бөлімінің бас маманы:
иә
– Меніңше, біз қолданып жүрген форма тиімді. Заң аясында аза­маттардың аты-жөнін ауыстыруына, өзгертуіне, түзетуіне барлық жағдай қарастырылған. Көп жерде фа­ми­лиядан «-ов», «-ев»-терді алып тас­тау мәселесі талқыланып жатыр. Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздік алған болса, Президентіміздің 1999 жыл­ғы қаулысы бойынша азаматтарға өз фамилиясынан «-ов», «-ев», «-ин» қосымшаларын алып тастауға құқық берілді. Ал көпшілік азамат­тардың фами­лиясында мұндай қо­сымшалардың әлі күнге дейін алын­бай жүруі, ол адамдардың өз қалауы солай болғандықтан деп есептеймін.
Фамилияны заңда көрсетілген үлгі бо­йынша басқаша өзгертемін деген адам бол­са, оған ешқандай кедергілер жоқ. Қазақта «біреу қыз алып қашады, біреу бос­қа қашады» деген сөз бар. Кейбір азаматтар тиісті мамандардың алдына барып, кеңес алмай тұрып, құр бай­балам салғыш келеді. Ешқайда барып ша­бы­лудың қажеті жоқ, жай ғана интернетті ашып, одан «Неке және отбасы» туралы Заңды оқы­са да болады. Сонда бәрі анық жазылған. Жаңа туған бала­ның құ­жа­тын тіркемек болған әрбір ата-ана­ға біздің мамандар мін­детті түрде кеңес беріп оты­рады. Бұл – біз­дің жұмысы­мыз. Оған қоса, аты-жөнді өзгер­ту­ге байланысты жаңа­лықтар болып жатса, біздің сала­ның мамандары бұқа­ралық ақ­па­рат құрал­дары арқылы оны әр­бір азаматтың сауалына орай егжей-тегжейлі тү­сін­діріп беріп жатыр.


Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
жоқ
– Мен азаматтардың фами­лия­сын өзгертуге құқығы бар екенін бі­лемін. Бірақ Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болды, өз басымнан мысал келтіретін болсам, өзім әлі күнге дейін «Лепесбаева» деген фами­лиям­ды өзгерте алмай жүрмін. Оны мен, әрине, ауыстырғым-ақ келеді. Бірақ бізде мемлекет жағынан аты-жөнді бір ретке келтіретін жүйе жоқ сияқты әлі. Әркім өзінің ойынша ауыстырып жатады. Біреу «Лепес­бай» дей салуы, біреу «Лепесбаева» деп жазғызса да, «Лепесбайтегі» деуі мүмкін. Басқа ұлттарға қарай­тын болсақ, өзге халықтарда олар­дың фамилиясына қарап, қандай ұлттың өкілі екенін бірден білуге болады.
Ал бізде олай емес, белгілі бір үлгі, жүйе деген жоқ. Меніңше, фамилия­да «-ұлы», «-қызы» деген қосымша ке­рек. Осы қо­сымша біздің қазақ еке­німізді көрсете алады. Сол себепті көп адам фамилиясын ұлт­тың ұғы­мына сай жазуға әлі күнге дейін құлықсыз. Ауыстыруға әре­кет­тенген күннің өзінде де оның машақаты өте көп. Оны ауыстыр­ғаннан кейін СТН-ді де өзгертуің керек, болмаса, жоғары оқу орнын бітіргені туралы дип­ломымыз­ды ауыстыруымыз керек болады, тағысын-та­ғы. Біз, «Жел­тоқ­сан көте­рілісі» қоғамдық бір­лестігі, аты-жөнді өз­­гер­ту­ді бір жүйеге келтіру мәсе­ле­сін 90-жыл­дары-ақ көтер­ген едік.

«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы

«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: 04.05.2012 сағат 22.30
Хабар қонақтары:
Гүлназат Мұқашева, Алматы қаласы Әділет департаменті АХАТ бөлімінің бас маманы
Гүлнәр Лепесбаева, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

тартыс бөлімі                                                                                                                                        
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, бізде фамилияны жазудың 18 түрі бар екен: «-ұлы», «-қызы», «-тегі», тағы басқа. Бірізді­лік­тің болмауына не себеп? Аты-жөнді бір жүйеге келтіруді азаматтар, қоғамдық ұйымдар жиі көтеріп жүр ғой. Бірізділікке келе алмауымызға не кедергі болып отыр?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– «Аты-жөнді тіркеуде бір ізге түсе алмай жүрміз» деген пікірге қарсымын. Неге десеңіз, біз бір жүйеге әлде­қашан – 10-15 жыл бұрын түскенбіз. 1992-93 жылдары ғана – егемендігімізді енді ғана алған жылдары жаңа туған балалардың бір азғана тобының жеке бас мәлімет­теріне, яғни фамилиясына «-тегі» деген жалғау жалға­нып кетті. Бірақ содан кейін мұндай үлгі тоқталды да, қазір жазылмайтын болды, бүгінде аты-жөнді тіркеудің үлгісі бір ізге келді. Енді «тегі» деген сөз фамилия дегенді біл­діретін болды.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Мен бұған қосылмаймын. «Тегі» деген адамның тегін білдіруі керек, «тек» дегенді, айталық, жеті атасын, қай әулеттен шыққанын. Ал фамилия «-ұлы», «-қызы» дегеннен көрінуі тиіс. «Тек» дегеннің мағынасы басқа. Оның фамилияға қатысы жоқ. Бұл ру дегенге жақын.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Жоқ, «тегі» деген де сол, кімнің тегі екенін білдіреді. Мысалы, Марастың тегі, Жарастың тегі. Бұл да адамның кімнің баласы екенін, қайдан шыққанын, кімнен тараға­нын, тіпті, Сіз айтқандай қай ұлттан екенін де білдіреді. Ол не әкеңіздің аты болуы мүмкін, не атаңыздың аты болуы мүмкін.
Жүргізуші:
– Демек, «тегі» дегеннің анықтамасы бізде заңмен берілген ғой?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Иә, заңмен көрсетілген, бұл – фамилия. Ал қарсы­ласым айтып отырған «Лепесбаева» деген фамилияны, яғни, әкеңіздің әкесінің атын, «Бауыржан Момышұлы» деген сияқты, «Лепесбайқызы» деп те жаздырып алуы­ңыз­ға болады. Оған ешқандай қарсылық, кедергі жоқ. Бұл – бізде заң бойынша әлдеқашан реттелініп, жолға қойы­лып қойған мәселе. Бұл тұрғыдан Сіздің «ешқандай бірізділік жоқ, жүйе жоқ, заң жоқ» деп айту қате. Бізде «Неке және отбасы» туралы Заң бар, сонда бәрі қарас­тырылған. Гүлнәр ханым, айтып отырған үлгі де, жүйе де жолға қойылған және азаматтарымызға өте ыңғайлы.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Кешіріңіз, Гүлназат, заң бар шығар, бірақ бірізділік әлі де жоқ, ол рас. Қағаз жүзінде бәрі де болуы мүмкін. Бірақ күнделікті тәжірибеде басқа.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Жоқ, Сіз қағазбастылықты айтып отырған шығар­сыз. Аты-жөнді өзгертуде Сіз көп құжат жинамайсыз.
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, сөзіңізді бөліп, Гүлнәр ханымға сөз берсем. Сіз азаматтардың аты-жөнінің «Бауыржан Момышұлы» деген сияқты үлгіде жазылуын қолдайсыз. Мен мынадай жағдайдың куәсі болдым: Дулатбек Қыдырбекұлы деген ғалымнан сұхбат алған кезде, ол кісі менің аты-жөнімді тура осылай жаз деді. Ал визиткасын қарасам, «Дулатбек Балғабекович Қыдырбекұлы» деп жазылыпты. Сонда, айналып келгенде, фамилияны «-ұлы» деп жазу орысшаға тіреліп тұр, яғни, кімнің ұлы екені басқа, фамилиясы басқа, бірақ екеуі де «ұлы» деп жазылған. Бұл тиімсіз сияқты. Орысшадан құтыламыз деп соған қайтып келетін тәріздіміз.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Иә, мен бұған келісемін. Бірақ, тағы айтамын, бұл да сол бізде осы аты-жөнді ретке келтірудің бір жүйесі жоқ екенін аңғартып отыр. Мысалы, өз аты-жөнімді «Гүлнәр Сабырғалиқызы» деп жаздырғым келеді. Осыдан кімнің қызы екенім көрініп тұр. Фамилияның «-ұлы», «-қызы» деп жазылғанына қоса, әкесінің аты тағы жазылуы, әрине, дұрыс емес. Сол сияқты кейбіреулер «Гүлнәр Сабырғали» дей салады. Аты қайсы, фамилиясы қайсы, адамның түрін көрмесең, ер адам, әйел адам екенін де ажырату қиын.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Түзетіп кетейін. Заң бойынша бізде алдымен азаматтардың фамилиясы жазылуы, аталуы керек. Есім содан кейін жазылады. Осы жүйе бір қалыпқа түсіп келе жатыр. Алдымен – фамилия, содан кейін – есім. Адамның аты-жөнін, міне, соған қарап, анықтау керек. Ал фамилияға «-қызы», «-ұлы» дегенді жалғау – азаматтардың өз еркі.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Жоқ, аты-жөнді жазудың бір-ақ үлгісі болуы керек деп есептеймін. Ол өзіміздің ұлттығымызды көрсетіп тұруы керек. Бірнеше үлгінің болуы дұрыс емес.
Жүргізуші:
– Сіз текті өзгертуде үлкен машақатқа кезігесіз деп айттыңыз. Қандай кедергілер бар?
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Мысалы, аты-жөнді өзгертіп, жаңа құжат алу мерзі­мі ұзаққа созылып кетеді. Мемлекет азаматтардың аты-жөнін өзгертуді бір жүйеге келтіріп, міне, мынадай азамат­тың жеке бас мәліметтерін былай деп өзгертіп бе­ріңіз десе немес басқа да бір тиімді жолын тапса деймін. Аты-жөнін өзгерткен адамға «осындай кісі тегін ауыс­тырды, соған сенулеріңізді сұраймын» деген маз­мұн­дағы сияқты сертификат немесе куәлік берсе, ол адам­ның жүгірістері де азаяр еді. Жарайды, әркімнің аты-жөнді ауыстырудағы талғамы өзіне байланысты күй­де қала берсін делік. Бізде қазір қаражат тапшы, екіншіден, уақыт тапшы. Осы екеуі үнемделетіндей болуы керек.
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, қазір кеңестік жүйені көрмеген ұрпақ өсіп келеді. Кезінде әке-шешесі аты-жөнін бұрын­ғы орысша үлгімен жазғызған, бірақ бүгінде өздігінен оны ұлттық дәстүрге сай жазуға тырысатын жастар бар. Мен бір адамнан сұхбат алған кезде, ол аты-жөнді өз­гер­ту үшін бес-алты ай уақыт жоғалтқанын айтты. Ал Сіз аты-жөнді ауыстырудың формасы тиімді дедіңіз. Әлі күн­ге дейін орысша текпен жүрген азаматтар үшін айты­ңыз­шы, осы шаруа үшін қанша уақыт, қанша қаржы кетеді?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Бұрын құжаттандыру бөлімі Әділет министрлігіне қарайтын, қазір, былтырдан бастап, ол Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясына берілді. Дегенмен, біз мемлекеттік қызметкер ретінде байланыстамыз. Содан білетінім, азаматтар тегіндегі «-ов», «-ев»-тері алынған, таза қазақ тіліндегі куәлікті жеті күн мерзім ішінде ала алады. Ал басқа құжаттар, мысалы, диплом, тағы басқалар өзгертілмейді. Азаматтың қолына «мына уақыттан бастап, бұл адамның аты-жөні өзгертілген» деген анықтама қағазы беріледі. Бұл қағазды талап еткен барлық орынға көрсете аласыз.

сайыс бөлімі                                                                                                                                        
Жүргізуші:
– Гүлнәр ханым, осы тақырыпқа байланысты қарсы­ла­сыңызға қандай сауалыңыз бар?
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Аты-жөнді өзгертудің тегін және қысқа мерзімдегі үлгісі бар ма? Қандай?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Азаматтарға фамилиясын ауыстыруға бір ай мерзім беріледі. Ал бұл үшін мемлекеттік баж салығы алынады. Қазіргі көрсеткіштер бойынша – 3236 теңге. Неліктен бір ай мерзім деп ойлауыңыз мүмкін. Түсіндірейін, мысалы, қазір Сіз Алматыда тұрып жатырсыз, ал туған жеріңіз Балқаш делік. Төлқұжатты реттеу үшін мұрағаттан анықтамалар қажет болады. Сондықтан, азаматтың туу туралы куәлігінің түпнұсқасын алу үшін Балқашқа сұраныс жіберіледі, ары-бері хат алмасу біраз уақытты қажет етеді. Егер хат алмасу процесі бұдан тез бітіп жатса, азаматтың құжат алмастыруы да соғұрлым тез бітуі мүмкін. Ол енді азаматтардың қай жерде туылғанына байланысты.
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, Сіздің Гүлнәр ханымға сұрағыңыз?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Аты-жөнді өзгертуге қатысты заңда көрсетілген жайт­тарға көңіліңіздің толмауының нақты себебі қандай? Сіз­дің біздің мемлекеттік қызметкерлерден тауыңыз шағылған жағдайлар болды ма?
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Барлық жерде қағазбастылық бары ақиқат. Дұрыс жауап ала алмайтын сәттер көп. Мен әділет басқармасы мамандарының жұмысына 100% қанағаттана алмаймын. Бір әріптесіңізге барғанымда, оның үйіне келгендей әсерде болғаным рас.

ойтүйін                                                                                                                 
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Бұл хабардан түйген ойым, ұсынысым бар – халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа жұмыс істесе екен деймін. Осыдан кейін енді Гүлназат ханыммен жолығып, фамилиямды «Сабырғалиқызы» деп ауыстыруға әрекеттенемін. Маманның «құжатты жеті күнде өзгертуге болады» дегені рас болса, соған көз жеткізбекпін.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Менің хабардан түйгенім – бізде азаматтардың арасында әлі де болса, өздерінің құқықтарын толық білмейтіндер көп. Тағы қайталаймын, жеті күн мерзім деген ол – құжаттандыру бөлімінің азаматтың фамилиясын ұлттық дәстүрге сай жазып, құжат беру мерзімі. Ал негізі фамилияны өзгертуге бір ай уақыт беріледі.
Жүргізуші:
– Біздің көрермен мен оқырман Сіздердің пікірталас­тарыңыздан өздеріне керектіні алды деп ойлаймыз. Мақ­сатымыз қоғамдық пікір қалыптастыру болатын, ше­шім қабылдау әрқашанда ресми органдардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста