Соңғы жылдары бас қаламыз – Астана еліміздің брендіне айнала бастады. Тіпті алыс және жақын шетелдіктер де Қазақстанды Астана арқылы танитын болды. Осыны пайдаланып, еліміздегі кәсіпкерлер де шығарған өніміне, құрған компаниясына, тіпті ашқан сауда нүктелеріне дейін елордамыздың атын бере бастады. Алайда Астана атауының бұлай кеңінен қолданылуына байланысты көпшіліктің пікірі екіге жарылып тұр. Бірі «Астана атауының брендке айналғаны жақсы, көбірек таныла түседі» десе, енді бір тарап «кез келген нәрсеге Астана атауын таңу оның мәртебесін түсіреді» деген пікірде. Тараптардың пікірін «Ой-көкпар» айдарында тоғыстырып, салмақтап көрген едік.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
иә
– Әлбетте, Астана атауын бренд ретінде пайдалануды тек лицензиялық негізде жүргізу керек. Өйткені бүгінгі күні Астана атауы қазақ үшін қасиетті ұғымға айналды. Астана атауы о баста қазақтың бас қаласына атау ретінде берілгендіктен, енді оның кез келген жерде қолданылмай, мәртебесінің қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы орайда Астана атауын бренд ретінде пайдалануды тек лицензиялық тұрғыда, заңдық негізде қолданылуы керек деп санаймын. Егер басқа да жағдайларда атау ретінде берілуі керек болса, онда тек патент алып қана қолданылуы керек.
Біз бүгінгі күні Астана атауын бренд ретінде пайдалануды тек лицензиялық негізде жүргізуді қамтамасыз етпесек, күні ертең арақ-шараптың атауы мен әжетхана қағазына дейін осы атауды иеленіп шыға келуі әбден мүмкін.
Ал Астананың бар қазақтың бас қаласына айналғанын, бүгінгі күні, тіпті Қазақстанды шетелдіктердің де Астана арқылы танып отырғанын ескерсек, Астана атауының берілуіне қатаң тәртіп керек екенін түсінуіміз керек. Өзімізді өзіміз көтермесек, өзіміздің қолда бар дүниемізді өзіміз қадірлемесек, қасиетті ұғымдарымызға құрметпен қарамасақ, сырттан келіп ешкім олардың қадірін арттырып бермейді. Біз Астананың қадіріне өзіміз жете алмасақ, қалай өркениетті елге айналамыз?! Сондықтан Астана атауының оңды-солды, қалай болса солай қолданылуына тыйым салуымыз керек. Астана деген атау естілгенде тек жүрегімізді мақтаныш кернеп, ұлттық патриоттық рухымыз оянатындай дәрежеде болуы керек. Әйтпесе кез келген нәрсенің Астана атала беруі осы сөздің қадірін қашырып, мәртебесін төмендетеді.
Астана атауы Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Көк байрағымыз секілді қасиетті ұғымдардың санатына енуі керек. Оның аяқасты жатпауы, кез келген сөзге қатысты айтылмауын қадағалауымыз қажет. Мәселен, тауар өндірушілер үшін бәрібір. Олар затының өтімділігі үшін кез келген нәрсеге Астана атауын бренд ретінде таңып, Астана атандырып сатылымға жібере беруі мүмкін. Халық та Астана деген әдемі атауы үшін сол өнімге ұмтылуы да ғажап емес. Бірақ ұлт үшін тауардың өтімділігінен гөрі елордамыздың атауы қымбат екенін естен шығармауымыз керек. Ұлт үшін қымбат дүниелер ұлттың мүддесі үшін бәрінен жоғары тұруы керек деп санаймын.
Саябек ХАСЕНОВ, халал өніммен шұғылданушы кәсіпкер:
жоқ
– Астана атауының елімізде кеңінен қолданысқа түсіп, брендке айналып, қасиеті ұғымға айналып келе жатқаны рас. Астананың мақтанышымызға айналғанынан да шығар, түрлі өнімдердің атын иелене бастауы. Менің ойымша, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Қайта Астана атауының кеңінен қолданысқа түсуі бас қаламыздың таныла түсуіне мұрындық болады. Мысалы, «астаналық» деген шұжықтың атауынан не жамандық көруге болады? Сондықтан өз басым Астана атауын бренд ретінде пайдалануды тек лицензиялық негізде шектеуді қолдамаймын.
Мәселен, Американың туы кез келген жерде ілінеді. Ол өнімнің қораптарында да, футболкаларда, тіпті көліктердің сыртында да кездеседі.
Нәтижесінде, Американың туын кез келген адам таниды. Осы секілді Астананың атауы да кең қолданысқа түсіп, танылып жатса несі жаман?! Тек бұл жерде әр нәрсенің шегі бар екенін біз түсінуіміз керек. Мәселен, мен Абай атамыздың аты арақтың атауына қолданылып жатса ренжитін едім. Сол секілді Астана атауы да жалпылама кеңінен қолданыла бергенімен, этикалық тұрғыдан шегі болуы керек секілді. Ал жалпылама тағам атауларында, сауда-ойын-сауық орталықтарында, дүкен атауларында, компания, ұшақ, көлік атауларында кеңінен қолданыла бергенінде еш өрескелдік жоқ деп санаймын. Бізде Астана деген атау қаланың атауымен қатар «Бас қаламыз, астанамыз» деген ұғымды да береді ғой. Осы тұрғыдан келгенде, біз Астана атауын бренд ретінде пайдалануды тек лицензиялық негізге түсіре де алмайтын секілдіміз. Өйткені кәсіпкерлер, президенттер өздерінің өнімін, компаниясын қалай атаймын десе де, өздері біледі ғой. Сондықтан Астана атауы бренд ретінде кеңінен қолданыла берсін, қаласа тағамның да, киімнің де атауына айналсын. Бірақ қасиетті ұғым ретінде белгілі бір дәрежеде шектеулерге ие болсын дегім келеді.
Бұл жерде, мәселен, дәретхананың атауы немесе жерге төселетін кілемшенің атауы секілді нәрселерге дейін төмендемеуі керек. Өйткені біз елордамыздың, бар қазақтың басын қосқан Ақорданың, қазақтың келелі мәселелері талқыланатын Астана атауының аяқасты болмауын қамтамасыз ете алатындай дәрежеде болсақ екен деген ойым бар.
Бейтарап пікір
Рустам АЛПЫСБАЕВ, шығыстанушы:
– Қазір Президент жанынан «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы ашылған. «Астана Арланс», «Астана» велоклубы, «Астана» футбол клубы, «Астана Моторс» секілді компаниялар мен клубтар тағы бар. Егер Астананың атын одан әрі асқақтататын, әрқашан биіктен көрсететін компаниялар мен спорт клубтары Астана атауын бренд ретінде иеленсе, одан шошудың қажеті жоқ. Бұл Астананың даңқын одан әрі көтереді. Сондықтан халықаралық дәрежеде өнер көрсететін спорт клубтары мен халықаралық дәрежеде танымал компаниялар бас қаламыздың атауын бренд ретінде пайдалануын қолдаймын. Қазір алыс және жақын шетелдер Астанамызды тек жақсы жағынан танып жатыр. Әлі де болса тек биік тұғырлардан, жақсы жағынан таныса деп тілеймін. Аты аталып жатқанда мақтанатындай ұлттық брендке тек осындай ірі компаниялар ғана айналдыра алады деп ойлаймын. Ал ел ішінде кез келген дүкен атауы мен өнім атауына Астананы тели берудің қажеті жоқ. Бұл нәрселер Астананың мәртебесіне көлеңке түсіретін секілді.