Қазір «еліміздің шекара қызметінде орын алған келеңсіздіктер әскерге барғысы келетіндердің санын күрт азайтып жіберді» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл жайт әрбір азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасына кері әсер ететіні белгілі. Бұдан шығар қандай жол бар? Мәселен, осыдан бірер күн бұрын іргеміздегі Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин әскери борышын өтемеген азаматтардың мемлекеттік қызметке тұруына тыйым салатын заңға қол қойды. Бәлкім, бізге де осындай бастама қажет шығар. Біз бүгін осы ойдың тізгінін мамандарға ұстатып, «Әскери борышын өтемегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамау керек пе?» деген сұрақты ортаға салған едік. Олардың пікірі қақ жарылды.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
иә
– Жалпы, әскери борышын өтемеген азаматтарды мемлекеттік қызметке тағайындамау керек деген пікірді қолдаймын. Неге? Біріншіден, Отанды, елді, жерді қорғау – әр ер азаматтың міндеті. Бұл – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Ат жалын тартып мінген әр ер жігіт нағыз патриот болуы үшін бұл сатыдан міндетті түрде өтуі тиіс. Екіншіден, Тәуелсіздігімізді, азаттығымызды, қазақтығымызды білдіру, тәуелсіз сана қалыптастыру, ел мен жерге қорған болатын азаматтарды тәрбиелеу үшін кез келген отандасымыз Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Үшіншіден, әскер жігітке жігіттік сипат береді. Ал сол жігіттік сипаттан айырылып қалған немесе сондай игі қасиеттерді бойына сіңіре алмаған азаматтың қолына мемлекеттік қызметтің тізгінін сеніп тапсыруға бола ма?
Азаматтық парызы болып саналатын Отанын қорғамаған адам қалайша елдің тұтқасын ұстамақ? Бұл «қазіргі мемлекеттік қызметте жүргендерді әскерге жіберу керек» дегенді білдірмесе керек. Яғни мен келешекте міндетті түрде атқарылуы тиіс мәселені айтып отырмын. Қазақта «ер де, ел де қиыншылықта сыналады» деген сөз бар. Бізге әр азамат әскери өмірді, қиыншылықты сезінгені, соған төзе білгені қажет. Меніңше, әскер сапында болған, түрлі қиыншылықты көрген жан қандай жағдай болмасын, дұрыс таңдау жасай біледі. Сондықтан да әр қазақстандық азаматтың бірінші міндеті Отан қорғау болуы керек. Ал мемлекеттік қызметке ұмтылу, мемлекетке қызмет ету деген арман – мұнан кейінгі баспалдақ. Осы екі мәселе бірігіп, ұлттық патриотизмді қалыптастыратын секілді. Менің түсінігімде, «патриотизм деген – өз жүрегіңе Қазақстанды сыйдыру» деген сөз. Елбасымыз бір метр жер үшін «қара саннан ет кесіп бергендей» күй кешіп жүріп, шекарамызды анықтап берді. Сол шекараны кім күзетуі тиіс? Барлық қазақстандықтар. Ол үшін әрқайсымыз Отан алдындағы жауапкершілігімізді сезіне білгеніміз жөн. «Әскер сапында болмағандарды мемлекеттік қызметке алмайды» деген қағидат аталған жауапкершілікті арттыра түседі деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттік қызмет дегеннің сан түрлі саласы, сол салалардың сан түрлі механизмі бар. Ол салаға қол жеткізу тікелей елді қорғаумен астасып жатса, Отан қорғау деген қасиетті ұғымның маңыздылығы арта түсер еді.
Ким Серікбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, запастағы полковник, әскер ғылымының докторы:
жоқ
– Бұл жайт тікелей азаматтың азаматтық құқығына байланысты деп білемін. Біздің Ата Заңымызда әр қазақстандықтың емін-еркін оқуына, жұмысқа орналасуына т.б жағдайларда кедергі болмауы керектігі айтылған. Президентіміздің өзі биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметке кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды орналастыру керектігін тілге тиек етті. Бұл – бір. Екіншіден, Конституциямызда әр қазақстандықтың міндетті түрде Отан алдындағы борышын өтеуі керектігі жазылған. Сол заңның бірінші пунктінде «Қарулы күштерде қызмет жасау әр адамның ардақты борышы», екінші пунктінде «Әр азамат әскери борышын орындауы тиіс» делінген. Бірақ қазіргі жағдай өзгеше. Біз бұл мәселеге тек бір жағынан қарап, «Отан алдында азаматтық борышын өтеген адам ысылды, көпті көрді, жұмысты игеріп кетуі оңайырақ» деп ойлаймыз.
Мұның екінші жағына көз жіберіңіз. Солай екен деп әскер сапында болмаған, бірақ біліктілігі жоғары мамандарды ысырып тастай аламыз ба? Жоқ. Сол үшін де «әскери борышын өтемегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамау керек» деген пікірмен келісе алмаймын. Ата Заңымызда «Отан алдындағы борышты өтеу – міндетті» деп жазылғанмен, әскер сапында болуға кез келгеннің орайы келе бермеуі мүмкін. Мәселен, біреудің денсаулығы жарамайды, енді бір азамат бір үйдің жалғыз баласы, ол кетсе, ата-анасын асырайтын ешкімі жоқ, тағы біреулері екі баланың әкесі болып үлгерген. Еліміздің заңында әскерден қандай азаматтар босатылатыны жөнінде арнайы баптар бар. Егер де сіз айтып отырған мәселе қолға алынса, осындай денсаулық немесе әлеуметтік жағдайына байланысты әскерге бара алмағандар, бара алмайтындар қайтпек? Сол себепті де, әр азамат қызметке орналасарда олардың не себепті әскерге бармағанын анықтағанымыз, сол арқылы баға бергеніміз жөн сияқты. Егер де ол ер жігіт әскерге барудан қашқан болса, әңгіме басқаша болуы тиіс. Мұндай жағдайды болдырмаудың бір ғана жолы бар. Ол шетел тәжірибесіндегі – әскердегі альтернативтік қызмет. Денсаулығы нашар, жағдайы келмейтін балаларды сондай әскердегі альтернативтік қызмет арқылы борышын өтетуге болады. Бәлкім, бізге осы жолды таңдауға болатын шығар.
Түйін
Отан қорғау – әр қазақтың парызы. Сол үшін де аталған парызға жауапкершілікпен қарағанымыз жөн секілді. Бұл мәселеге біз айтып отырған мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, бәріміз де жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған Отанды қорғау, сол Отанның әскері сапында болу әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезім ұялатуы тиіс. Біздің айтпағымыз осы болатын...