Бүгінде елімізде қалыптасқан әскери жүйе бойынша кәмелеттік жасқа толғаннан кейін әскери борышын өтейтін жастарды әскери қызметін өтеу үшін еліміздің әр бұрышына жібереді. Алайда бүгінгі күні бұл мәселе қоғамда дау тудырып отыр. Бірі «осы жүйе дұрыс» десе, енді бірі «бұл Кеңес Одағы кезінен өзгеріссіз қалып кеткен жүйе, өзгерту керек» деген пікірде. Біз де бұл тақырыпты тиісті мамандардың таразысына салып көрген едік...
Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор, әскери-сарапшы:
ИӘ
– Әскери борышты әркім өз аймағында өтегені дұрыс. 1997-1998 жылдары Қорғаныс министрлігінің орынбасары болып жүргенімде «мүмкіндігінше әскери қызметті әрбір ер-азаматтың өз өңірінде атқарғаны дұрыс» деп ең алғаш осы мәселені көтерген мен едім. Мұның көптеген артықшылықтары бар. Жалпы, бұл жүйе — Кеңес Одағы кезінен қалған ескі жүйелердің бірі. Өз басым 1968 жылы Алматы қаласының тұрғыны бола тұра әскери қызметімді Магаданда өтегенмін. Сонда ол жердің климатына үйренісудің өзі бізге оңай болмады.
Кәмелеттік жасқа енді толған жасқа мүлдем басқа аймақта әскери қызметін өтеу — ауыр. Оған мұның бәрі психологиялық және физиологиялық тұрғыдан қиын тиеді.
Жылы жақтан барған 18 жасар жігіт қақаған суығы бар аймаққа түссе, климаттық жағдайына үйренісудің өзі оған көп қиындық әкеледі. Ал біздің әр аймағымыздың климаттық жағдайы әртүрлі. Оңтүстіктің баласына Солтүстік Қазақстанның ауа райы мүлдем жат. Ал адамның жаны мен тәніне мұншалықты күш түсірудің қажеті қанша?! Климаттық жағдайынан бөлек, кәмелеттік жасқа енді толған жасқа үйінен өте шалғайға кету де оңай емес. Оның үстіне ол бұрын үйінен мүлдем шалғай кетіп көрмеген болса. Бұл жағдай баласының артынан іздеп баратын ата-анаға да оңай емес. Әрі-беріден соң бұл мемлекеттің қоржынына да үлкен салмақ салады. Өйткені жыл сайын әскери борышын өтеушілерді батысты шығысқа, оңтүстікті солтүстікке сапырылыстырады да жатады.
Сондықтан әрбір ер-азаматтың тұрғылықты мекенжайы бойынша өз облысында қызмет еткені дұрыс. Бұл жағдай сарбаздардың арасындағы әлімжеттік жасау оқиғасының азаюына да септігін тигізуі әбден мүмкін. Себебі қанша айтқанмен бір облыстың балалары өзара тату-тәтті болады. Тіпті кейбір шетелдерде әскери борышын өтеген жастар үйінен таңертең сағат 6 да кетіп, кешке өз үйіне келіп қонады. Олар да анда-мында тасу мүлдем жоқ. Яғни күніге өз үйінен кіріп, өз үйінен шығып-ақ әскери борышын өтейді. Біз ең болмаса өз облысында қалдыруды қарастырғанымыз жөн.
Данияр ҚАНҚОЖАЕВ, саясаттанушы:
Жоқ
– Ер-азаматтардың әскери борышты өз аймағында өтегені мүлдем дұрыс емес. Бұрыннан келе жатқан жүйе бойынша, олардың мүмкіндігінше неғұрлым өз аймағынан алысырақ жерде әскери борышын өтегені жөн. Қазір қайта олар өз елімізде қызмет етеді. Ал Кеңес Одағы кезінде аға-әкелеріміз мүлдем басқа мемлекетке барып та әскери міндетін өтеп келіп жүрді. Мұндай жүйе арқылы жігіттеріміз ең алдымен ел-жер көрсе, екіншіден өмірдің қиындығын көріп, шынығар еді. Әскери тәртіп болғаннан кейін ол өмірдің барлық қызық-шыжығына төзіп, тәртіпке көндіккені жөн.
Ал әскери қызметін өз аймағында өтейтін болса, оларға кәдімгі мектепке барып келгенмен бірдей болып қалмай ма?!
Тіпті ол өз үйінен кіріп-шығып балабақшаға, мектепке, ЖОО-ға барды, енді әскери қызметті де сол сарында өтейтін болса оның несі әскери тәртіп болмақ?! Онсыз да әскердегі қатаң тәртіпке шыдай алмай, үйінің алыстығына да қарамастан әскерден қашып жататындар бар, ал өз облысында әскери міндетін өтеу жігіттерімізді мүлдем еркелетіп жібереді. Көбінесе әскерге барған жігіттер рухани тұрғыдан өсіп, есейіп келіп жатады. Бұл – олардың өмірді көріп, айналасын танығанының белгісі. Басқа ортаға түскен жастар өзге облысты танып қана қоймай, олардың өмір салтына қанығады, өзге ортада өзін қалай ұстау керектігін үйренеді. Әсіресе, ер-азаматтар мұндай қиындықтарды басынан өткеруі және оған шыдауы тиіс. Өйткені қиындыққа төзу – жігітке керек нәрсе. Сондықтан мен жастардың әскери өмірді өзге облыстан өткенін толығымен қолдаймын.
Тағы бір айта кетер жайт, бұл ер-азаматтарды патриоттыққа тәрбиелеуге де үйретеді. Кеңес Одағынан қалған жүйе болса да осы уақытқа дейін бұл жүйенің сақталуы оның осындай артықшылықтарынан деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Дулатбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ, саяси ғылымдар докторы, Халықаралық
Бизнес академиясының профессоры:
– Жастардың өз облысында әскери борышын өтеуі оларды еркелетіп жіберетін секілді. Сондықтан жастардың еліміздің әр қиырында жүргені дұрыс. Дегенмен бүгінгі күні әскерилер арасындағы әлімжеттікті азайтуға септігі тиетіндей болса, бұл жүйені де қолданып көруге болады. Жалпы, бүгінгі күні әскери салада қандай өзгеріс енгізсек те ең алдымен әскерилер арасында тәртіп орнатып, әлімжеттікті азайту үшін жасауымыз керек.