Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова 1931 жылы 31 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Алматы театр училищесін тәмамдаған.
«Қазақфильм» киностудиясы мен Қазақ радиосында жұмыс істеді. 1953 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрының труппасына қабылданды. «Менің әкем кім» спектаклінде Лағылдың, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақтоқтының, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпанында» - Қарагөздің және «Қарагөзде» - Қарагөздің, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» - Айжанның, Уильям Шекспирдің «Отелласында» - Дездемонаның және басқаларының рөлдерін сомдады. Фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасауға қатысты, радиода көркемсөз оқу шебері болды. «Өжет қыз» фильмінде - Нұржамал, «Біз осында тұрамыз» фильмінде - Дина, «Өмір жолында» - Хадиша, «Абай» телефильмінде - Қарлығаш рөлдерін экранға шығарды. Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.
Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1958), Қазақ КСР халық артисі (1966). «Құрмет белгісі» (1958), «Халықтар достығы» (1981) және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» (2005) ордендерімен, сондай-ақ бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған..