Сухан Мақсотұлы Қамалов
Сухан Мақсотұлы Қамалов 1935 жылы 21 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ғалым, геология-минералогия ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік Ғылым Академиясының академигі.
1965-1972 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология министрлігінің бас геологы. 1976-1985 жылдары - Орал мұнай және газ барлау экспедициясының аға геологы, бас геологы. 1985-1989 жылдары - «Оралмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінің директоры. 1989-1991 жылдары - Қазақ КСР-нің Геология және жер қойнауын қорғау жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары - «Қарашығанақгазөнеркәсіп» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1992 жылдан «Қазақгазжобалау» газ өнеркәсібі ғылыми зерттеу-жобалау институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының Батысқазақстандық орталығының директоры қызметтерін атқарған.
Республикамыздың барлық аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жобалаумен және жоспарлаумен айналысты. Сол жылдары қоры аса бай сұйық көмірсутекті Өзен және Жетібай кендері ашылды. Ақтөбе экспедициясының бас геологы ретінде тікелей қатысуымен «Жаңа жол» ірі мұнай кен орны зерттеліп, ашылды. Осы кезеңде бірегей Қарашығанақ газконденсат кені барланды. 90-ға жуық ғылыми еңбектері бар.
«Октябрь Революциясы», «Құрмет белгісі», «Парасат», «Барыс» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Орал қаласының құрметті азаматы.