Сарбас Ақтаев 1934 жылы 30 қыркүйекте Көкшетау облысының Көкшетау ауданындағы Жылымды ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарды. 1957 жылы Қарағанды педагогика институтын бітіріп, сегіз жылдық мектепте бір жылдай ұстаздық еткен. 1958 жылы Көкшетау облыстық газетінің редакциясына қызметке ауысқан ол содан бері баспасөз саласында үзбей еңбек етіп келеді. Республикалық саяси сықақ журналы «Ара»–«Шмель» редакциясында фельетоншы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірқатар жыл редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, он жеті жыл бойы «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, «Халық кеңесі» газетінің Бас редакторы, «Ақиқат» журналының Бас редакторы болып қызмет еткен. Қазір «Ақиқат» журналында бөлім редакторы. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен бастаған ол әдебиеттің әр саласына атсалысып келеді. Ш.Уәлиханов атындағы университеттің Құрметті профессоры.
Оның аударуында Сетон Томпсон мен М.Шолоховтың әңгімелері, В.А.Обручевтің «Жұмбақ жер», Н.И.Ановтың «Ән қанаты», А.Джапар Заденің «Отаныңа орал», А.Камьюдің «Оба» және «Бөгде», Булгаковтың «Ақ гвардия» және «Майталман шебер мен Маргарита» романдары мен Р.Фраерманның «Түз тағысы Динго» повесі, Мамин Сибиряктің әңгімелер мен повестер жинағы, т.б. жеке-жеке кітап болып шықты.
Екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен, екі мәрте Қазақ КСР Құрмет Грамотасымен марапатталған. Бірнеше мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Парасат» орденінің және «Баспасөз үздігі» атағының иегері.
Шығармалары: Тұңғыш кітап. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1965; Дала туралы толғау. Очерктер. А., «Қайнар», 1971; Қапшағай хикаясы. Повесть. А., «Жазушы», 1973; Бұлар бірінші болып еді. Очерктер. А., «Қазақстан», 1975; Абылай хан. Тарихи очерк. А., «Алаш», 1992; Ханзаданың қасіреті. Хикаялар. А., «Жібек жолы», 1999; Оқ жетпес. Өлеңдер. А., «Жібек жолы», 2001; Қазақ ханымдары. Тарихи эсселер. А., «Ана тілі», 2001; Алтын қалам. Эсселер. А., «Жібек жолы», 2004; Шарапатты шаңырақ. Деректі очерк. 2004; Ақбоз ат. Хикаяттар. А., «Балауса», 2009.
Сарбас Ақтаев
Последние статьи автора