Оразгелді Беденұлы Түктібаев 1944 жылы 3 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жылға станциясында дүниеге келген. «Алатау» санаторийі» акционерлік қоғамының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері.
Ресейдің Калинин қаласындағы Медицина институтын, Мәскеудегі Дәрігерлер білімін жетілдіру орталық институтының аспирантурасын бітірген. 1965-1977 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында учаскелік емхананың бас дәрігерінен аудандық медициналық бірлестіктің бас дәрігеріне дейінгі еңбек жолынан өткен. 1977-1984 жылдары «Сарыағаш» бальнологиялық курортының директоры болған. Қазіргі қызметінде 1984 жылдан бері істейді. Ғалымның негізгі ғылыми жұмыстары курортология мәселелеріне арналған. Ол республика тұрғындарының қай өлкеде тұруына байланысты оларда болатын жоғары тыныс жолдарының патологиясын санатория-курорт жағдайында емдеудің тиімділігін дәлелдеп, оған экономикалық баға берді. Қазақстанның аридтік (құрғақ) белдемде тұратын тұрғындарының денсаулығын қорғаудың әлеуметтік-экономикалық аспектісін анықтады. О.Түктібаев жұмыс істеп тұрған курорттардың және әлі іске қосылмаған курорттық жерлердің емдік қасиеттері туралы, медициналық тұрғыдан курорт жұмысын дұрыс ұйымдастыру мәселелерін қарастыруға байланысты ұсыныстар жасады. Қазақстан Республикасы бойынша санаторийлік-курорттық қызмет және денсаулық сақтау жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнамалық актілерді жасауға қатысты. Ол республикалық мәні бар «Алатау» курорттық кешені құрылысының салынып бітуіне басшылық жасады. Осы курорттық кешенге Түктібаевтың бастамасымен әлемдік деңгейдегі республикада жалғыз гольф алаңы мен сауықтыру және ойын-сауық аттракциондары бар жабық аквапарк салынды. Ғалымның 50-ден астам ғылыми жұмысы мен 3 монографиясы бар.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Оразгелді Беденұлы Түктібаев
Последние статьи автора