Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед
Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед 1960 жылы 12 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. 1982-1992 жылдары - «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас директордың орынбасары. 1992-1999 жылдары - шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қызылорда облысының әкімі. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың 12 наурызынан - ҚР Мәдениет министрі. 2012-2013 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі. 2014 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Заң ғылымдарының докторы, профессор. 100-ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, руханият пен өркениет мәселелеріне арналған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.