Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң, бірнеше жыл Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. 1973–1975 жылдары Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 1976–1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан. 1984–1985 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985–1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997–1998 жылдары Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің І хатшысы, 1998–1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр. Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.
Шығармалары: Аққу арман. А., «Жалын», 1976; Раушан ғұмыр, А., «Жалын», 1978; Бозқараған. А., «Жалын», 1980; Қызыл-жасыл дүние. А., «Жалын», 1984; Жүрегіме ұя салған қарлығаш. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Қызыл жел. Өлеңдер. А., «Жалын», 1998; Ғашықтың тілі. Өлеңдер, А.; Бармақтай бақ. Өлеңдер. А., «Рауан»; Махаббат пен Ғадауат. Өлеңдер. А., «Атамұра»; Тар төсекте төсіңді. А., «Дала».
Исраил Сапарбай
Последние статьи автора