Эрнест Төреханов
Эрнест Төреханов 1943 жылы 12 қарашада Алматы облысының Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында туған. 1960–1962 жылдары «Алматы жилстрой» тресінде құрылысшы болып жұмыс істеген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің орыс филология факультетіне түскен. 1963–1966 жылдары әскер қатарында болды. Одан оралған соң оқуын сырттай жалғастырып, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болған. Маңғышлақ, Торғай облыстары ашылғанда өз еркімен Маңғыстауға қоныс аударып, мұнайшылар мен кеншілер (уран кеншілері) өмірімен жете танысты. Ұзақ жылдар «Жазушы», «Жалын» баспаларында, «Қазақфильм киностудиясында жұмыс істеді. «Наука и высшая школа Казахстана» газетінің бас редакторы болған. 1990 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, осы қоғамның «Ақ Жарық» – «Белый Свет» атты газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Қазір «Ұлы дала» газетінің Бас редакторы.
Жазушының алғашқы кітабы — «Хантәңірі» (әңгімелер) 1978 жарыққа шықты. Одан соң «Алтын шеңбер» (1982, повестер мен әңгімелер), «Таудан түскен із» (1983, повестер), «Ер кезегі» (1984, роман және повесть), «Алыстағы ақ қала» (1987, роман), «Ескендір мен Роксана» (роман), «Алматыда күн ашық» (2009) кітаптары жарық көрді, «Ойлануға жеті күн» атты киносценарийі қабылданды.
1982 жылы «Таудан түскен із» повесі республикалық жастар конкурсының («Жалын») жеңімпазы атанды. «Алыстағы ақ қала» романы үшін Мұхтар Әуезов атындағы сыйлыққа ие болды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақ тілі» қоғамының «Қазақ тілінің қаһарманы» алтын медалімен марапатталған.