Базарбай Исаев 1941 жылы 5 қазанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы қазіргі Манап ауылында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы педагогикалық (қазіргі Қорқыт ата атындағы) институтының филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Шиелі аудандық «Өскен өңір», Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Жас алаш», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында істеген. 1977-1986 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің аппаратында жауапты қызмет атқарды.
1986-1990 жылдары «Жалын» баспасында аға редактор, 1990-1995 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сақшы» – «На страже» газетінде тілші, редактордың орынбасары, редактор, 1996 жылдан бастап шекара әскерлері Әскери институтының редакциялық баспа бөлімі бастығының орынбасары, 1997 жылдан «Ұлан» – «Гвардия» газетінің бас редакторы, «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» газеті жауапты редакторының орынбасары болған.
ҚР Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы.
«Отызыншы көктем», «Ақ жауын», «Ақ қайнар», «Көктем шерткен күй», «Бақыт құсы», «Қауышу мен қоштасу» , «Сезім селі», «Мөлдір», «Арайна» атты жыр жинақтары жарық көрген. А.Чайковскийдің «Алыс жұлдыздың жарығы» повесін, Н.Думбадзенің «Алаң болма, апа!» романын, С.Радионовтың «Магнитофондағы жазу» повесін қазақ тіліне аударған.
Жазушының «Өң мен түс», «Алтынай, ақ көйлек», «Көрбала және тергеуші», «Жігіт пен жендет» атты прозалық шығармалары бар. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1994).
Базарбай Исаев
Последние статьи автора