Айдар Қалымтайұлы Қазыбаев
Айдар Қалымтайұлы Қазыбаев Астана қаласында 1976 жылы 16 тамызда дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және оның аспирантурасын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Экономика ғылымының кандидаты.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Сыртқы экономикалық стратегия департаментінің жетекші маманы болып бастады. 2000-2002 жылдары - ҚР Экономика министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаментінің интеграция бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Сауда саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы. 2002-2004 жылдары - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің департамент директорының орынбасары, директоры, аппарат жетекшісі. 2004 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Шағын бизнесті қолдау комитетінің төрағасы. 2005-2007 жылдары - коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасады (Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры, «Қазтеңізфлоты» АҚ басқарушы директоры). 2006 жылы - Қазақстанда Экологиялық қорды құру жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасының жобасына басшылық етті. 2007 жылғы қарашадан бастап ҚР Индустрия және сауда министрлігінің, кейіннен ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы болды.