Әбдіманап Елікбайұлы Бектұрғанов 1958 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1975 жылы мектепті бітіргеннен кейін Алтынсарин атындағы орта мектепте аға пионер жетекші болып еңбек жолын бастады. 1976 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің «Құқықтану» мамандығына түсті. 1981 жылы университет бітіргеннен соң сол факультеттің ауыл шаруашылығы және экологиялық құқық кафедрасына ассистент қызметіне жұмысқа қалды. 1990 жылы кешкі-сырттай заң факультеті деканының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1992 жылы аталған факультетінің деканы қызметіне сайланды. 1988 жылы заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Правовое обеспечение рационального использования орошаемых земель» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1990 жылы доцент ғылыми атағы берілді.
1981-2001 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканының орынбасары, заң факультетінің деканы, Экономика және құқық институты директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. 2001 жылы қырқүйек айынан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды. 2000-2001 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМУ 120006, 120008, 120009 мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы және 120001, 120002, 120003 мамандықтары бойынша Қазақ мемлекеттік заң академиясының диссертациялық кеңестің мүшесі болды. 2001 жылдан 2008 жылдың сәуір айына дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ректор қызметін атқарды. 2008 жылдың 21 сәуірінен бастап «І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ректоры болып тағайындалды.
Ә.Е.Бектұрғанов ұйымдастыру-педагогтік қызметімен қатар, экологиялық құқық саласында жемісті еңбек етуде. Докторлық диссертациясының тақырыбы Қазақстан Республикасының жер қатынастары мәселелеріне арналған. Бұл тақырып 1997 жылы аса маңызды ғылыми зерттеу болды. Бүгінгі таңда Ә.Е.Бектұрғановтың 150-ден аса ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, сонымен қатар Қазақстан Республикасының экологиялық және жер құқығына байланысты оқулықтары жарияланған.
Ә.Е.Бектұрғановтың жемісті педагогикалық және ғылыми жұмыстары белсенді қоғамдық қызметімен үйлесуде. Қоғамдағы белсенділігі және жемісті еңбегі еленіп, «Құрмет» ордені, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталған. 2012 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медальмен марапатталған. 2013 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болып тағайындалған.
Әбдіманап Елікбайұлы Бектұрғанов
Последние статьи автора