Алматы облысында 155/8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы Әркен Қарасай өз-өзіне қол салған. Марқұм туған ағасына ақтық демі шығар алдында соңғы хатын жолдап, ауыр қадамға баруына нақты кімдердің себеп болғанын ашық жазған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Нalyq-uni.kz тілшісі «Информбюро»-ға сілтеме жасап жазды.
Түрме қызметкерлері сотталғандарды ұрып-соғып, балағаттап, жұмыс істеуге мәжбүрлейді екен. Ал марқұм бұл азаптан құтылудың жалғыз жолы өз өмірін құрбан ету деп шешкен. Мекеме басшылығы марқұмның мінезі де, мінездемесі де жақсы болғанын мәлімдеді. Айтуларынша, оның неліктен суицид жасағанын білмейді.
Әркен Қарасай 2021 жылдан бері ЛА-57 155/8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп келген. Ал 15 ақпанда таңғы 04:00 шамасында ағасына өз-өзіне қол салатынын хабарлапты. Өйткені түрмегі зорлық-зомбылық пен қысымға шыдай алмағанын, мекеме қызметкерлері сотталғандарды ұрып-соғып, намысын таптауды әдетке айналдырғанын жеткізіпті. Әрі оған нақты кімдерді кінәлау керегін де жазған. Сөйтіп 4 қызметкердің атын атапты.
«Осыған жеткізген мекеме қызметкерлері. Атап айтатын болсақ, Жасұлан Қабылович, Әліпбаевич, Самат Төлегенович, Біржан Бақытжанович. Осы есімді кісілер мені тыныш өмір сүргізбеді. Бұл мекеменің заңы сол кісілер», – деді хатты оқып берген марқұм Әркен Қарасайдың ағасы Жәкен Қасенов.
Жәкен Әркеннің хатын оқи сала, түзеу мекемесіне барған екен. Сөйтіп түрмеге таңғы 06:00 шамасында жетіпті. Бірақ бұл кезде бәрі кеш болған. Өйткені бауырымен бірге жатқан жазасын өтеушілер асылып тұрған денесін түсіріп үлгерген. Сосын ол құзырлы орган қызметкерлерімен мәйітке сараптама жасатуға барыпты. Себебі інісі соңғы хатында хаттың түпнұсқасы ішінде болатынын жазған.
Ал сараптама кезінде целофанға оралған соңғы хаты асқазанынан табылып отыр. Сондықтан Жәкен жалғыз бауырын осындай жағдайға жеткізген қызметкерлер лайықты жазасын алсын деп талап қойды. Мекеме басшылығы Әркеннің не себепті өз-өзіне қол салғанын білмейтіндерін мәлімдеді. Айтуларынша, марқұм іс-шараларға белсенді қатысып, ішкі тәртіпке толық бағынған. Заң бұзбаған. Әрі қауіпсіздігі барынша жоғары мекемедегі жеңілдетілген жағдайдағы жасақта жүріпті.
«Бұндай жағдайлар сотталғандар арасында болып тұрады. Суицид. Өз-өзіне қол салу. Бұл сотталушы өз-өзіне қол салу бойынша алдын ала есепте тұрмаған. Барлық жағынан оң, тек қана жағымды жағынан ғана сипатталған, мінезделген болатын”, – деді Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Алматы және Жетісу облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.
Қазір марқұм Әркен атын атаған төрт қызметкерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеп жатыр екен. Олар лауазымын асыра пайдалану дерегі бойынша күдікке ілінген. Әрі түзеу мекемесінде де ішкі тексеріс басталған.