Оралда толассыз жауыннан кейін үйлерді су басты
Орал қаласында кеше түсте басталып, түнімен жауған толассыз нөсерден кейін көшелер көлкіген суға толып, ондаған үй мен әлеуметтік нысандарды су басқан, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше осы түнде 23 шақыру түскен.
Қазір құтқарушылар мен коммуналдық кәсіпорындардың жұмысшылары, жер-төледегі суды сорып шығарып жатыр.
Ауа райының қолайсыздығынан, облыс орталығында 6 жарым мыңға жуық тұтынушы электр қуатынсыз қалса, дәл қазір соның 1500-іне жарық берілді.
Қалпына келтіру жұмыстарымен Батыс Қазақстан электр желілері компаниясының 32 қызметкері айналысуда.
Сондай-ақ жөнделіп жатқан трассалардағы айналма жолдар да суға толып, көлік қатынасына қиындық келтіруде.
Ауа райын болжау қызметі жауын-шашын бүгін-ертең де жалғасуы ықтимал дейді.