Күзет қызметі дабыл түймесін басып үлгерді – Kaspi банк
Kaspi банктің баспасөз қызметі қарулы адам банкке кірген бойда күзет қызметі дабыл түймесін басып үлгергенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
«18 маусымда қарулы адам Kaspi банктің бөлімшесіне шабуыл жасап, қызметкерлерге қауіп төнді. Қүзет қызметі талапқа сай дабыл түймесін дереу іске қосты. Тиісінше бұл жерге полиция жедел жетті. Кепілге алынған адамдарды босату операциясы 2 сағатқа созылды және сәтті аяқталды», - деп мәлім етті банктің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, елордадағы Kaspi банктің ғимаратында қаруланған ер адам бірнеше кісіні кепілге алғанын хабарлап едік.
Полиция қызметкерлері кепілге алынған адамдарды босатты.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қазір күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлім етті.