БҚО-да 10 тонна тоқыма бұйымдар тиелген жүк көлігі жанып кетті
Батыс Қазақстан облысында 10 тонна тоқыма бұйымдары тиелген жүк көлігі жанып кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 17 маусым күні кешкісін Теректі ауданы аумағында болды.
«Сағат 19.27-де Самара-Шымкент жолында 45 жастағы шымкенттік жүргізуші айдап келе жатқан Scania жүк көлігі отқа оранды. Жүк көлігінен шыққан өрт құрғақ шөпке жайылып, аумағы 200 шаршы метрді құрады. «Тілсіз жау» сағат 21.15-те оқшауланып, 23.30-та толықтай ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Аталған жүк көлігі Қырғызстаннан Мәскеуге шұлық, мата апара жатқан. Жыл басынан бері өңірде 8 жүк көлігі өртенді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда балалар отырған автобустың өртенуіне байланысты жүргізуші мен лагерь басшысы жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.