Сырым ауданының Жетікөл ауылында тұратын Төлеген Әбілқайыровты Батыс Қазақстан өңірінде танымайтындар кемде-кем.
Астындағы аты болдырып, «Жигулиі» жүрмеген уақыттарда үйдей «КА-700-бен» қасқыр қуғанын көргендер бар. Бұдан кейін бұл жақтың бөрілері трактордың тырылын естісе, тырағайлап қашатын болыпты-мыс.
«Рысь» деп аталатын қос бірдей қаршана алғалы бері Төкең тыным табуды мүлде қойды. Қасқыр да ақымақ емес. Айласына қайраты сай, төзімі темірдей жыртқыш ауыл маңында «мен мұндалап» жүрмейді. Адырдан-адырға асып, шоқыдан-шоқыға шоқырақтап әуре-сарсаңға салып кетеді. Бірақ Төлеген аңшы білмейтін қасқырда қулық қалмаған секілді. Ізге түссе бітті, Жетікөлдің Дерсу Узаласы құрбандығын құтқармайды. Қандыауыздың санын, бағытын, жолығысатын жеріне дейін қолмен қойғандай тап басады. Осының арқасында өткен жылдың күзінде он бір қасқырды, жаңа жылдың алғашқы қансонарында тағы алты көкжалды қарауылға іліктірді. Күні кеше үш бөріні жайратты. Біраз жылдан бері Төкеңмен сырлас інісі, жергілікті журналист Махмет Қажиахметов аңшымен өткен бір күнін былай деп әңгімелейді:
– Қасқыр қуып жүргенімізде қас қарайды. Олжалағанымыз – үш бөрі. Бұзылған қаршананың біреуін тіркеуге алдық та, кері жылжыдық. Көзге түрткісіз қараңғыда қай тұста тұрғанымызды бағдарлаудың өзі қиын еді. Төкең тағы да шеберлігін танытты. Сеніңкіремей тұрған бізге қанша шақырымнан кейін малшы қосы, одан әрі үлкен қамыс, оның сыртын айнала бере шошақ мола болатынын, әрі қарай алыстан ауыл шамының көрінетінін айтып берді. Айтқаны айнымай келген Төкеңнің тамаша жершілдігіне таңғалмасқа шарамыз қалмады. Қайта-қайта моторы өшіп қала беретін қаршанамен түнде кездескен ор-жыраға ұрынбай, аман-есен үйге келгенімізге қуанып тұрсақ, аңшы Төкең жапалақтап жауған қарды нұсқап: «Қап, мына мотошананың сынып қалғанын қарашы, ерте тұрып, манағы қашқан екі бөріні олжалап келетін», – деп қарап тұр. Аңшының үш техника «сімірген» бензинмен қоса, оқ-дәріні, жалпы құны үш миллионға татитын қаршананың сынған бөлшегін сатып алатынын ескеріп, пайдасынан зияны көп кәсіпке неге құмарлығын сұрадым. Ол жымиып күліп: «Аңшылыққа тек қана әуестік үшін шықпаймын. Елдің күнкөрісі – малын қырып барады. Ұялы қасқыр айына қанша малды шығындайды, ал әр малдың құнынан менің шығыным көп емес. Біз биыл қасқырды кемітпесек, келер жылы олар күрт көбейер еді. Енді мал шығыны азаяды, киік, елік секілді жануарлардың да екінші тынысы ашылады», – деп жауап берді. Ел қамын ойлаған азаматтығына да тәнті болдым.
Төлеген жалғыз емес, інісі Салауат пен ауылдасы Қуанышбай Мүрсәлімовті де қасына қосып алған. «Биылғы меже де – сол баяғы 50 – 60 қасқырдың төңірегі», – дейді өзі.