Ұлтжанды полковник немесе ана тілінің мүддесін қорғағаны үшін жазаға тартыла жаздаған әріптес туралы әңгіме

Ұлтжанды полковник немесе ана тілінің мүддесін қорғағаны үшін жазаға тартыла жаздаған әріптес туралы әңгіме

Кеден органында бір жыл жұмыс істегеннен кейін кезекті еңбек демалысында болып, 2003 жылдың қараша айында қайтадан жұмысқа енді шыққан кезім болатын. Кадрлар жұмысы бөлімінен Сымбат Кемешев деген жігіт кабинетке келді де: «Гүлназ, жинал, ертең Семейге теннистен аймақтық жарысқа барасың», – деді. Республикалық спартакиадаға барар алдындағы іріктеу жарыстарымызды өткізуіміз қажет деген соң, мен сөзге келместен келістім. Таңертең автобусқа келсем, кілең жігіттер отыр. Сымбатқа қарап: «Қыздар қайда?» – дедім. Ол күліп: «Қорықпа, департамент намысын қыздардың атынан сен қорғайсың», – деді. Семейге қас қарайғанда бір-ақ келдік. Қызметкерлердің барлығы «Семей» қонақүйіне орналасып жатты. Касса жанында тұрған кең иықты, қара торы келген аға маған қарап: «Сымбат, мына қыз бала біздікі ме?» – деп, мені меңзеді. «Иә, арпа ішінде бір бидайымыз Гүлназ ғой. Ол шаңғы­дан да жарысқа қатысқан», – деп мені таныстыра бастады. «А, солай ма, жақсы, айналайын. Бері келе ғой, жеке куәлігің қайда? Бірақ мұнда бөлмелері суық екен, сені қайда орналастырсақ?» – деп ойланып қалды. Маған жаны ашып тұрған ағаның кім екенін танымадым. Бөлмелері суық деген соң Сымбатқа: «Осында туған ағайым тұрушы еді, мені сонда жеткізіп тастасаңыздар, болды. Ертең жарыс болатын жерге өзім келемін», – дедім. Оны естіген әлгі бейтаныс аға: «Онда жарайды, жақсы. Сымбат, сен көлік тауып, қарындасты үйіне жеткізіп таста», – деп тапсырма берді. Сөйтсем, мен танымай тұрған азамат кеден саласында өзіндік аты бар Бекен Төлеужанұлы Нұрахметов екен.
Мен демалыста болған уақытта Бекен Төлеужанұлының біздің департаментке кедендік бақылауды ұйымдастыру басқар­масының бастығы болып тағайындалғанын естіген едім. Ал бүгін департаменттен спорттық команданы жарысқа бастап келген осы кісі екен. Сол жарыстан қай­тарда «жалғыз қызымызды мына қақаған суықта автобуспен жібергеніміз ұят болар» деп, мені жеңіл автокөлікке отырғызды. Жол үстінде Динаш Түсіпов деген қыз­меткеріміз: «Бекен аға, сізді «Қорқаулар түнде жортады» деген кітап жазды деп естідім. Бізге де бір данасын берсеңізші. Сонымен қатар сіз «Бақты» кеденінің бастығы болып істегенде кеденшілер арасында тарап кеткен аңыз бар. Жол қысқарсын, соны айта отыр­саңыз», – деді. Сол кезде: «Оу, жігіттер-ау! Мен туралы біраз «справка» жинап қойыпсыңдар ғой», – деп күлді. Содан кейін жол бойы жақсы әңгімелесіп келдік. Әңгімені өте әсерлі айтады екен. Сөз саптауынан-ақ көргені көп, білімді және мәдениетті азамат екені бірден байқалып тұрды. Осылайша, жол үстінде біздің ортамызға басқарма бастығы болып келген адамның қара жаяу кеденші емес екенін түсіндім.
Сол жылдары департаментте құжат­тардың мемлекеттік тілдегі орындалу жағдайы мүшкіл еді. Аудармашы лауазымына жұмысқа тұрғандықтан, қа­зақ тілінің департаменттегі дамуына жауап­тымын. «Қазақ тілі» үйірмесін жүр­гізетін мұғалімдер әрқайсысы өзі құраған бағдарламаларымен келеді. Кеденшілерді оқытуда арнайы оқулық не болмаса әдістемелік нұсқаулар атымен жоқ. Бірде мені ісқағаздарды мемлекеттік тілге көшіруде қандай шаралар ұйымдастыру қажет деген мәселемен департамент бастығы Ерікжан Мырза­мұханұлы Аб­драхманов шақыртты. Әңгіме арасында ол кезең-кезеңмен құжаттарды мем­лекеттік тілде орындауда арнайы жоспар құрып, қазақ тілінің оқытылуына ерекше көңіл бөлуімді тапсырды. Мен басты­ғымның мұндай талап қойғанына қуан­дым. Себебі департаментте басқа ұлт өкілдерін былай қойғанда, кейбір қазақ ағайын­дарымыз­дың өздері қазақша сөйлегенді айт­пағанда, амандаса да алмайтын. «Алдымен өзімізден бас­тауымыз керек. Сондықтан кеденшілерге арналған оқулық жазуға шамаң келсе, университеттен мықты мұғалім тауып, кеңес ал, сол жағын да ойластыр» деп нақты тапсырма берді. Бұл туралы бас­қарма бастығы Бекен Төлеужанұлы да құлаққағыс еді. Тапсырма ойымда болғанымен, күнделікті қағаздан бас көтере алмай жүрдім. Бір күні кабинетке Бекен Төлеужанұлы кіріп келді де: «Гүлназ, жұмыс қалай? Оқулық құрастыру оңай шаруа емес екенін білемін. Не тындырып жатырсың?» – деді.
 – Біраз материалдарды жинап, бастап қойдым. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінен филология ғылымының кандидаты Шынар Құрманбаевамен бірлесе отырып, жоспар құрдық, – дедім. Сол кезде:
– Онда жақсы екен. Бірақ бір ескертетіні, кітапта мәтіндер, тақырыптар және мысалдар кеденшілер өмірінен бол­сын. Кітаптың ішкі мазмұнын сылдыр сөзге толтырсаңдар, ешкімге қажеті болмай, шаң басып қалатынын ұмытпа», – деп ағалық ақылын айтты. Сөз соңында «Қашан аяқтау ойыңда?» деп сұрағанда, абдырап қалдым. Ол туралы тіпті ойла­маппын да. Иығымды қиқаң еткіздім. Бекен аға қасын жоғары бір көтерді де: «Есіңде болсын, жұмысты қолға алғанда оны аяқтаудың күнін мөлшерлей білсең ғана нәтиже шығады», – деп шығып кетті. Ұялғаннан бетім ду ете қалды. Өзімді ыңғайсыз сезіндім. Шынымен, маған басшылықтың атынан сеніп тапсырылған жұмыс. «Енді не істеймін, қашан жазып бітіруім керек?» деп қиналып кеттім. «Ол оқулық болып шыға ма, жоқ па?» деген дүдәмәл сұрақ та мазалай бастады.
Бекен ағаның осы сөзі қамшы болды. Оқулықты жазуға кірістік. Шынар Қапан­тайқызы өзінің докторлық жұмысымен айналысып, көп уақыты болмай жүрді. Соған қарамастан жұмы­сына тыңғылықты. Белгіленген уақыттарда кездесіп, бір-біріміздің олқылық­тарымызды толық­тырып отырдық. Жинаған материалдары жеткілікті. Өзі Түркияда магистратурада оқыған, өзге ұлттарға тілді үйретуде теориялық та, практикалық та білімі жеткілікті маман. Осылайша, екі айдың ішінде кітаптың алғашқы нұсқасын Бекен Төлеужанұлына ұсындық. Екі күннен кейін мені кабинетіне шақырып:
– Ой, айналайын, біраз жұмыс істеп­сіңдер. Барлығын тыңғылықты қарап шықтым. Енді Ерікжан Мырзамұханұлына көрсетейік. Қалай жарыққа шығару мәселесін ойлану керек, – деп шығарып салды
Көп ұзамай біз дайындаған «Қазақ тілі: кеден органдарында мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту құралы» атты оқулық кітап болып сол кездегі Кеден комитетінің төрағасы Бердібек Сапарбаевтың алғы­сөзімен жарыққа шықты. Алайда кітап оқырман қолына оңайлықпен жеткен жоқ. Өйткені кітапты шығаруға қаржы мәсе­лесін шешу жөнінде проблема туындады. Себебі тура кітапты өндіріске береміз деп отырған кезде Бердібек Мәшбекұлы қыз­меттен ауысып кетті. Одан кейінгі келген төрағаның бұл кітапқа назар ауда­ратындай ниеті болмады. Сол кезде Бекен Төлеужанұлы әлгі кітаптың қолжазбасын алып, Астанаға жолға шықты. Тіл коми­тетінің сол кездегі төр­ағасы, филология ғылымының докторы, профессор Бауыр­жан Омаровқа барып, кітапты мем­ле­кеттік тапсырыспен жарыққа шығару мәселесін шешіп келді. Бұл, әрине, Бекен Төлеу­жанұлының ұлтжанды, ана тілінің бола­шағына шын жүрегімен алаңдайтын аза­мат екендігінің белгісі еді.
Бұл оқулық қазақша түсінетін, ауызекі сөйлеу тілін меңгермеген, бірақ сөздік қоры төмен, қазақ тілінің грамматикасын жетік білмейтін, сол себептен өз ойларын еркін жеткізе алмайтын тіл үйренушілерге арналған болатын. Бүгінде аталмыш оқу­лық республика көлемінде кеден­шілердің жұмыс үстелінде күнделікті қолданатын кітапқа айналды. Егер сол кезде Ерікжан Абдрахманов тапсырма беріп, оны орын­дамасақ, Бекен Нұрах­метов қолдау жасап, қаржы мәсе­лесін шешпесе, Берді­бек Мәшбекұлы оқулықты түгелімен оқып шығып, пікірін айтпаса, сол кітап қағаз нұсқасында қалары сөзсіз еді. Осы орайда қазақтың парасаты биік және ұлтжанды осындай азаматтарына алғыс айтар кез де келген сияқты.
Бекен Төлеужанұлының ана сүтімен дарыған тілі үшін жанын беретін азамат екендігінің тағы бір дәлелі бар. Ол – Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ке­дендік бақылау департаментінде мем­лекеттік тілдің дамуына себепкер болған, талай жерде қазақ тілінің ісқағаз­дарында қолданылып жүрген олқы­лықтарды түзеуге бел шеше кіріскен кеденші. Бұған қоса, кейбір «шала қазақ» қызметкер­леріміз Бекен Төлеужанұлының алдына қазақ тілінде дайындалған қағаздарды қол қойдыруға апарғанда қатты қай­мығатын. Кейбір қағаздарды түгелімен шимайлап, қайта жаздыратын. Осы орайда мына бір жағдайды айта кетпеске болмайды. 2007 жылдың күзінде Бекен Төлеужанұлы «Семей» кеден бекетінің бастығы міндетін атқарып жүрген кезінде кеден бекетінің мемлекеттік тілге көшуіне байланысты барлық құжаттарды мемле­кет­тік тілде дайындау жөнінде өкім шығарады. Қала­дағы бүкіл мемлекеттік орган басшыларына кеден бекетінің мемлекеттік тілге көшуіне байланысты сұрау хаттарды мүмкіндігінше мемлекеттік тілде жібер­гендері дұрыстығы жөнінде жазбаша хабардар етеді. Бір күні кеден бекетіне сыртқы экономикалық қызметпен айна­лысушы, ұлты қазақ азаматша орыс тілінде хат алып келеді. Сол кезде хатты қабылдап алушы кеңседегі қыз әлгі қазақ азамат­шасына: «Біздің кеден бекетіндегі құжат­тардың барлығы, негізінен, мем­лекеттік тілде дайындалады. Сондық­тан да мына хатыңызды мем­лекеттік тілде жазуға мүмкіндігіңіз бар ма?» деп өтініш білдіреді. Сол кезде әлгі азаматша бұлқан-талқан ашуланып, Бекен Төлеужанұлының үстінен прокуратураға арыз жазады. Сол арыздан кейін про­куратурадан келген тексеруші қазақ жігіті өзінің жазған анықтамасында «Кеден бекетінің бастығы міндетін атқарушы Б.Нұрахметов осындай өкім шығаруы арқылы азаматтардың конс­титуциялық құқықтарын бұзып қана қоймай, ұлт араздығын қоздыруы мүмкін» деген сияқты сөздерді жазыпты. Анықтаманы оқып, танысқан кезде ызадан жарылып кете жаздаған Бекен Төлеу­жанұлы тек­серуші жігітке: «Егер сен өз тіліңе жаның ашымайтын азамат болсаң, онда ертең өз Отаныңды сатасың. Тілім үшін жаным садаға, қолыңнан келгеніңді жасап ал» деп кабинетінен қуып шығыпты. Содан кейін Семей қалалық прокура­турасынан Кедендік бақылау департа­ментіне Бекен Нұрахметовтің шығарған өкіміне қарсылық білдірген тексеру қоры­тындысы түсті. Онда Бекен Төлеужанұлын тәртіптік жазаға тарту мәселесі де қойыл­ған екен. Бұл мәселе ушығып ба­рып, департаменттің тәртіптік кеңе­сіне дейін жетті. Сәтін салғанда, депар­тамент бас­шылығы Бекен Төлеу­жанұлының осындай ұлтжанды әрекетіне түсіністікпен қарап, тәртіптік жазалаудан аман алып қалды. Сол тәртіптік кеңесте сөз алған Бекен Төлеужанұлы: «Егер де өзіміз қазақ бола тұрып, мемлекеттік тілді дамыту бары­сында патриоттық танытқан азамат­тардың үстінен арыз жазып, жазалау шараларына тартатын болсақ, онда тілдің проблемасын шешу үшін талай ғасырлар керек», – депті ашына.
Бірде Бекен Төлеужанұлының «Айқын» газетінде шыққан тіл проблемаларына байланысты «Рух пен ниет сай келсе» атты мақаласын және «Ана тілі» газетіне берген «Мені тілімді қолдағаным үшін жазаламақ болды» деген тақырыптағы сұхбатын оқып шығып, хабарластым. Ол кезде бала күтіміне байланысты демалыста бола­тынмын. Мақалада айтылған проблема­лар маған үлкен әсер етті. Бірден дауы­сымды танып, бала-шаға амандығын сұрап жатыр. «Демографиямызды дамы­тып, қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақты көбейтіп жатырсың ба?» – деп қалжыңдап қояды. Сол күні көңілім құлази отырып, күнделігіме мына жолдарды жазыппын: «...24.03.09. Бекен Төлеужанұлы! Сіздің мақалаңыздағы кеудеңізді керген асқақ рухты, көкірегіңізді кернеген ащы шын­дықты оқи отырып, ашынып кеттім. Тегі қазақ бола тұра, азаматтық рухы, қазақтық болмысы жоқ, «тырнақшадағы» қазақ жігітінің намыссыздығына, ой-жетесі көз алдындағы бір қарыс жерге ғана жететін, болашақ ұрпағының, ұлты­ның жағдайына немқұрайды қарайтынына кіжіндім. Алайда, аға, «осыған істер қан­дай амал бар?» деп ойланамын. Әрине, тұйықтан шығар жол қашанда табылады ғой. Күнделікті жұмыста өзге ұлтты қай­дам, өзіміздің кейбір қазақ жігіттерінің намыссыздығына куә болдым. Кей­біреу­лерімен қатты ренжісіп қалған күндерім де болды. Сіз «Семей» кеденіне ауысып кет­кенде «енді бізді кім қолдайды?» дегеніміз де – ақиқат. Көптеген мем­ле­кеттік меке­мелерде құжат жүгі бір аудар­машы­ның мойнына жүктеліп, содан аса алмай жатқан жоқ па? Жылататыны сол, мемле­кеттік тілге келгенде, заңда жазылған қатар қолданылатын «ресми» тіл бап­тарынан аса алмаймыз. Орыстіл­ділердің өзіне қажетін ғана екшеп ала алатын тармақтар жа­зылған бір жерде «Тілдер», тағы бір жерде «Тіл туралы» деп жазылған түсініксіз заңымыз бар. Оны өзімізге қарсы қару ретінде қолданып, тықыртқан жоқ па?..» деп аяқталмай қалыпты.
Бекен Төлеужанұлының тағы бір қыры – кеден органдарында қолданылатын нормативтік-құқықтық актілерді топ­тастырған, сыртқы экономикалық қыз­меткерлердің жиі қоятын сұрақтарына жауап беретін оқулықтың авторы екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Астанада Қар­жы полициясы академиясында сырт­тай оқып жүргенде, кеден саласында қазақ­стандық авторлардың оқулығы аз екендігіне көзіміз жетті. Кітапханашы қолы­мызға емтиханға нағыз «шпаргалка» деп Бекен Нұрахметовтің «Кеден ісі бойын­ша сұрақтар мен жауаптар» атты қазақ және орыс тіліндегі 2000 жылы «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген оқулықты ұстатты. Курстастарым қуанып кетті, ал мені мақтаныш кернеп: «Жігіттер, ол біздің департаментте істейтін Бекен Төлеужанұлы ғой. Мен танимын», – деп­пін. Олар маған: «Сен бақытты екенсің. Онда шақыртып кеңес алайық, бізді госқа автордың өзі дайындады демейміз бе?» – деп, қалжыңдасып жатыр. Осы уақытқа дейін оқулығы барын және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бер­діқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты екенін де білмеппін. Ұят-ай. Жұмысқа келген соң, Бекен ағаға курстастар атынан алғысымды білдірдім. «Оқулықтың маған көп көмегі тиді, мемлекеттік емтиханнан «бес» ал­дым, сізге рақмет», – дедім.
Бұл оқулық 2009 жылы кеден заң­намасындағы өзгерістер мен толық­тырулардың негізінде көпшіліктің сұрауы бойынша екінші мәрте жарыққа шықты. Кеден ісі саласында оқып жүрген студент­тердің қолына ұстап, сессияда жастап жатып оқитын оқулығына айналды. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін теоретик оқытушылардың дәрісінен практик кеденшінің оқулығы әлдеқайда сұранысқа ие екендігін өндірістік тәжіри­беден өтуге келген студенттердің айтқан­дарынан талай естідік. Қауырт жұмысқа қарамастан, оқулықты қайта қолға алып, өңдеп, тапсырмаларын жан-жақты қарастырған. Кеденде де про­фессорларға бергісіз, осындай өз кәсібіне берік, мықты маман бар. Жұмыста кездесетін ауырт­палықта, аудармадағы терминдердің қолданы­сында қиналғанда Бекен Төлеу­жанұлына жүгінетініміз анық. Қашан­да қолдау көрсетіп, рухыңды кө­теріп оты­рады. Соны­мен қатар қазақтың ақын-жазушылары, үзеңгілес достары өмірінен қызықты оқиғаларды айтып, шар­шаға­ныңды серпілтуге де уақыт табады. Кеден­де менен басқа қаншама жігіттер мен қыздардың «сол ағамыздың талай қам­қорлығын көрдім», «сол кісінің әділ­дігінің арқасында жұмыста аман қалған едім», «мені жұмысқа алдырған сол кісі еді» дейтіндері де аз емес. «Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын» демей ме. Тізе берсек, жетім­дерге жебеу болып, жанашыры жоқтарға ағалық қамқорлығын көрсеткен тұстары да жетерлік.
Біздің кейіпкеріміз кеден саласында тіл жанашыры ғана емес, білікті басшы екендігін талай мәрте дәлелдей білді. Атап айтсақ, 2002 жылдың 25 қаңтарында Елбасы барлық деңгейдегі әкімдермен өткізілген жиналыста сөйлеген сөзінде Қытаймен шекарада орналасқан кеден­дердің жұмысын қатты сынға алған болатын. Осы сыннан кейін Қытаймен шекарада орналасқан бес кеденнің бастықтары бір күнде қызметтерінен босатылды. Сол кезде Шығыс Қазақстан облыстық Бас кеден басқармасы басшы­лығының ұсынуы бойынша мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжанов Бекен Төлеужанұлына үлкен сенім артып, «Бақ­ты» кеденіне бастық етіп тағайын­дады. Сол жылдары «Бақты» кеденінде кедендік төлемдердің ай сайынғы мөлшері 3 миллион теңгеден ғана асқан екен. Бұл көрсеткіш Бекен Төлеужанұлының табанды да қағидатшыл басшылығының нәти­же­сінде 20 миллионнан асып, кедендік төлемдердің өсімі 600 пайызға көтерілді. Контр­абандаға қарсы күресте де бірнеше қылмыстық әрекеттердің беті ашылып, қаншама миллион теңгенің заттары тәр­кіленді. Бұл – негізгі қызмет саласындағы Бекен Төлеужанұлының бір қыры ғана.
Бекен Төлеужанұлы қызмет барысында еш нәрсені назардан тыс қалдырмауға тырысады. Әсіресе қызметкерлердің тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлуде ол кісіден үйренетін жағдайлар өте көп. Атап айтсақ, «Бақты» кеденінде бастық болып қызмет істеп жүрген кезінде сол кеденде жүргізуші болып қызмет істейтін Үсен Мұқышев есімді жігіт келіп: «Үй­ленейін деп едім. Көмектесетін әке-ше­шем де жоқ. Соған қолғабыс жасай аласыз ба?»  – деп өтініш айтыпты. Сол кезде Бекен Төлеужанұлы: «Сен ештеңеден саспа. Тек үйленем деген ойыңнан айнып қалып жүрмеші. Тойыңды өзіміз көтеріп аламыз. Марқұм ата-анаңның орнына бас құда болып өзім барамын», – депті. Сөйтіп, Бекен Төлеужанұлы айтқан сөзінде тұрып, Үсеннің құдалығына өзі бас құда болып барады. Бақты ауылында есте қаларлықтай үлкен той өтеді. Тойға атақты «Ғибрат шоу» тобын шақыртып, тойды Ғибрат Азубаевтың өзі жүргізіпті. Сол кезде бүкіл Бақты ауылының халқы риза болса керек. Ал Үсеннің жалғыз әпкесі көзіне жас алып, Бекен Төлеужанұлына аналық алғысын білдіріпті.
Бекен Төлеужанұлының аузынан «Ал­лаға тәубе», «Құдайға шүкір» деген сөз­дерді жиі естисің. Өзі таза дін жолында жүрмесе де, шариғат заңдарын, иман­дылық шараларын жақсы біледі. Бар нәр­сеге қанағатшыллық тұрғысынан қарайды. Құран да оқи алады. Осы орайда ол кісінің имандылыққа байланысты мына бір адамгершілік қасиетін ерекше атап өтуді жөн көрдім. Оқиға былай болған. «Бақты» кеденінде бастық болып жүрген кезінде өзінің қарамағында істейтін Серік Тезеков деген мықты азамат қабылдауына келіп: «Бекен аға! Ауылдан мешіт сал­дырсам ба деп ойлап жүр едім. Сол үшін кезекті еңбек демалысына жіберсеңіз», – деп өтініш айтады. Сол кезде Бекен Төлеужанұлы: «Мына ниетің керемет қой. Алланың үйін салу дегенің – үлкен имандылықтың бел­гісі. Сондықтан да сен еңбек дем­алысын алмай-ақ кете бер. Мен сені жұмыста бар деп есептеймін», – депті. Өкінішке орай, Серік Тезеков мешіттің іргетасын құйып біткен кезде кенеттен қайтыс болып кетеді. Енді сол мешіттің құрылысын аяғына дейін жеткізу мәселесі бірге жүрген жолдастарын қатты алаңдатады. Сол кезде Бекен Төлеужанұлы Серік марқұмды тани­тын және бірге қызмет істейтін жігіттердің басын қосып: «Азаматтар! Серік мар­құмның мешіт салсам деген ниеті жүзеге аспай қалайын деп тұр. Сондықтан да бәріміз жабылып, бірдеңе жасайық. Алланың алдында бізге де сауап болсын. Серік марқұм бақи дүниеде алаңсыз жатсын», – депті. Жігіттердің бәрі Бекен Төлеужанұлының бұл ұсынысын бір­ауыздан қолдапты. Сөйтіп, 2002 жылдың қыркүйек айында Аягөз ауданының Ақтоғай бекетінде сол мешіттің салтанатты ашылу рәсімі болып, Алланың халықты имандылыққа шақыратын тағы бір үйі бой көтерді. Әрине, мұндай шарапаттылық – кең пейілді, жүрегінде иманы бар адам­дардың ғана қолынан келетін іс.
Қызмет барысында біздер Бекен Төлеужанұлынан көп нәрсе үйрендік. Ол білікті ұйымдастырушы, еңбекқор және идеясы көп адам. Кеден саласында жүрсе де, қолынан қаламын тастамайды. Әріптес ағамыздың қаламынан шыққан әртүрлі жанрдағы мақалаларды бәріміз жапырыла оқимыз. Тіпті кейде сол кісі сияқты қолы­мыздан жазу келсе ғой деп те арман­даймыз. Сондықтан да біз кеден саласы­ның нағыз полковнигі деуге лайық осын­­дай адамгершілігі мол, ұлтжанды азаматпен қызметтес болып жүргенімізді мақтан тұтамыз.
Гүлназ БАЙҚАДАМОВА, ШҚО Кедендік бақылау департаменті ұйымдастыру жұмыстары және бақылау бөлімінің бастығы, филология ғылымының кандидаты

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста