Танымал шоумен Нұрлан Қоянбаев ана тілі туралы орынсыз қалжыңдап, жұрттың "қаһарына ұшыраған" әзілкеш Азамат Мұсағалиевке қолдау білдіріп, "өз қандасымызды өзектен теппеуге" шақырды.
"Бірнеше күннен бері ТНТ арнасының арнайы бейнорлигінде айтқан әзілі үшін Азамат Мұсағалиев бауырымызға ауыр сөздер айтылып, жазылып жатыр. Мойындау керек, әзіл сәтсіз әрі орынсыз. Бірақ, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды деген сөз бар емес пе?!
Кеше ғана бәріміз мақтан тұтып, қошемет көрсетіп жүрген бауырымызды бір қателігі үшін жерге ұрғанымыз жақсылықтың нышаны емес. Жығылғанға жұдырық емес, демеу болу азаматқа лайық іс. Бір қателесті екен деп өз бауырымызды өзектен теппейік. "Әр қазақ менің жалғызым" деген неткен әдемі сөз. Осы сөзді бір-бірімізге іс жүзінде көрсетіп жүрейікші", - деп жазды Нұрлан Қоянбаев", - желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, "Камызяки" КВН командасының капитаны Азамат Мұсағалиев ресейлік ТНТ арнасының эфирінде көрсетілген промороликке түсіп, қазақ тілі туралы әзіл айтқан.
Қазақ жігіттерінің бұл әзілі жұртқа ұнамай қалса керек, өз ана тілі туралы орынсыз қалжыңдаған әзілкештер өткір сынның астында қалған болатын.