Ермек Тұрсынов "Шал" фильмінің сәтті шығу себебін айтты
Қазақстандық белгілі режиссер Ермек Тұрсынов өз фильмдерін мысалға келтіре отырып, кинематограф саласынан бизнеске келу жолдарын түсіндірді.
«Менің авторлық «Шал» және «Келін» фильмдерімді қазақстандықтар жақсы тамашалады. Көрермендер екі фильмді екі түрлі қабылдады. «Келін» фильмі туралы айтылған сындар көп болды. Ең бастысы селқос қарамады. Ал «Шал» көпшіліктің көкейінен шықты. Маған туындыны түсіру барысында сәл қиындау болды. Негізінде «Келін» — өте қиын картина, бұл қазақстандық көремендер үшін анайылау болды. Бірақ әлемдік аренада жақсы қабылданды», — деді Тұрсынов.
«Аталған туындылар өзін-өзі ақтады ма?» деген сауалға режиссер: «кино – қаражатты талап етеді, бірақ бірден ақтамайды», — деп жауап берді.
«Келінге» қарағанда, «Шалдың» табысы да, көрермендері де көп болды. «Келін» туындысы Америка компанияларына сатылды. Сондай-ақ «Оскор» номинациясына ұсынылды, 75 туындының ішінен 9 орынға ілінді. Ал, «Шал» оған жеткен жоқ, 2-ші, 3-ші турда шығып қалды», — деді режиссер.