Жамбыл облысында көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер табылды. Ең қызығы, оны мектеп жасындағы балалар мал бағып жүріп кездейсоқ байқаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаракемер ауылының екі оқушысы Артем Муравьев пен Жұмабай Қасымхан құнды жәдігерлерді Төрткөл төбешігінен тауып алғандарын айтады. Ойнап жүріп ортағасырлық зергерлік бұйымдарды қоқыс деп мән бермепті. Кейіннен қызығып, жартылай көмілген тарихи олжаны қазып алып, өздері білім алатын мектеп мұғаліміне апарған.
«Достарыммен ойнап жүргенде тауып алдым. Төбешік басында жылтырлап жатыр екен, қазып алып, мектепке әкелдім», – деді мектеп оқушысы Жұмабай Қасымхан.
«Төрткөл төбесіне шыққан кезде ауыл әдемі көрінеді. Жүріп бара жатқанда аяғым шалынып қалды. Қазып,мектепке әкелуге асықтым», – деді мектеп оқушысы Артем Муравьев.
Тарих пәнінің оқытушысы аталған жәдігерлер жайлы ақпарат білу үшін Шерхан Мұртаза атындағы Руханият жане тарихтану орталығына барған. Ондағы мамандардың айтуынша, бағалы бұйымдар табылған аймақ – Ұлы Жібек жолының қосалқы тармағында орналасқан «Адахкент» елдімекені.
«Қалада кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Алайда жергілікті тұрғындардың тапқан жәдігерлері VII-XII ғасыр аралығын қамтыған қала тіршілігінен сыр береді», – деді тарихшы Сауран Қалиев.
Төрткүл қалашығынан табылған жәдігерлерге ұқсас заттар бұдан бұрын көне Тараз қалашығында қазба жұмыстарын жүргізу барысында кездескен. Олар қазір мұражай сөресінде тұр. Тарихшылар зерттеу жұмысын жүргізбек.