2005 жылы қаза тапқан саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова ел алдына шығып, Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың досы, кейін қарсыласы болған күйеуі туралы айтты.
Бұл туралы Нұрбике Нұрқаділова Уақыт көрсетеді YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында Нұрбике Нұрқаділова Заманбек Нұрқаділовпен қалай танысқаны туралы айтты.
– Зәкеңмен студент кезімізде үйлендік. 27 жыл бірге тұрдық. Құдайға шүкір, екі баламыз бар. Қайрат 4-ші курста оқып жүргенімде дүниеге келді, одан кейін Құралай өмірге келді. Екеуіне де жақсы тәрбие бердік. Кейін түрлі жағдай болып, екеуіміз ажырасып кеттік. 1965 жылы үйленіп, 1995 жылы ажырастық. «Балаларың үшін, халқың үшін аман жүр» деп шығарып салдым, – деді Нұрбике Нұрқаділова.
Нұрқаділованың айтуынша, ол кезде белгілі саясаткердің қалың малға төлейтін қаражаты да болмаған.
– 1965 жылы 29 мамырда тойымыз өтті. Ол кезде Зәкеңнің маған беретін қалың малы да жоқ болатын. Заман сондай болды ғой. Екеуміз де студентпіз. Бізде махаббат пен кедейлік болды. Ал қазір барлығы есеппен үйленетін болып кетті ғой. Жалдамалы үйде тұрдық, Нарынқолдан туыстарымыз картоп беріп жіберетін. Студенттік степендияға өмір сүріп жүрдік, – дейді Нұрбике Нұрқаділова.
27 жылдан кейін Алматы облысының экс-әкімі жұбайымен 1995 жылы ажырасып, Заманбек Нұрқаділов әнші Мақпал Жүнісоваға үйленеді. Нұрбике Нұрқаділова бұл қадам жүрегіне ауыр тигенін айтты.
– Заманбектің кейінгі махаббаты есепке құрылған махаббат қой. Кейбіреулерге сол керек те болған шығар. Мақпалға қосу арқылы Зәкеңнің көзін құртқысы келгендердің қитұрқы әрекеті ме деп те кейде ойлаймын. Мүмкін Мақпалға сондай тапсырма берілді ме екен?! Оны кім біледі?! Заманбек менімен тұрған кезде жағасы кірлемей, үнемі ақ көйлек киіп жүретін. Ал Мақпалға кеткелі ақ көйлек кимейтін болды. Соны байқаған Қайрат пен Құралай әкелеріне ақ көйлек сатып алып берген кездер де болатын, – дейді Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі.
Нұрбике Нұрқаділова Мақпал Жүнісова туралы сөз қозғады.
– Заманбек менімен жүргенде қызметі өсті, дені сау болды, ішімдікке де құмар емес еді, толық та емес болатын. Қалай Мақпалға кетті, денсаулығына да, өзіне де, қызметіне де қарамай кетті. Зәкең барда да, ол өмірден кеткеннен кейін де Мақпал сөйлескен адамым емес, – деді Нұрбике Нұрқаділова.