Соңғы сегіз жыл әлем бойынша бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болды. Бұған – Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым біріктірген алты жетекші халықаралық температуралық деректер базасының өлшеу нәтижелері дәлел, – деп хабарлады turkystan.kz БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылы орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі (1850-1900) деңгейден шамамен 1,15 °C жоғары болды. Сегіз жыл қатарынан жаһандық температура индустрияға дейінгі деңгейден кем дегенде 1 °C-ден ден жоғары болды. Париж келісімінде белгіленген 1,5°C шегінен асып кету ықтималдығы одан да арта түсті.
Ла Нинья салқындату құбылысының климатқа әсер етуінен 2022 жыл тарихтағы ең жылы жыл емес, жай тізімдегі бесінші немесе алтыншы жыл болды. Алайда, сарапшылардың пікірінше, салқындату әсері қысқа мерзімді болады. Бірақ атмосферадағы парниктік газдардың рекордтық деңгейінен туындаған ұзақ мерзімді жылыну үрдісін қалпына келтіре алмайды.
«2022 жылы біз бірқатар табиғи апатқа тап болдық. Соның кесірінен адамдар шығыны көбейді. Миллиондаған адам күнкөріс қажеттіліктерінен айырылды, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікке нұқсан келіп, инфрақұрылым бұзылды. Пәкістанның кең аумақтары су астында қалды, нәтижесінде адам өлімі мен үлкен экономикалық шығындар болды. Қытайда, Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада рекордтық аптап ыстық болды. Африкадағы ұзаққа созылған құрғақшылық әлі де гуманитарлық апатқа әкеп соғуы мүмкін, – дейді ДМҰ бас хатшысы, профессор Петтери Таалас.
Атмосферадағы парниктік газдардың рекордтық деңгейге жетуіне байланысты жаһандық жылыну және климаттың басқа ұзақ мерзімді өзгеру үрдістері жалғаса беруі ықтимал. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның «2022 жылғы жаһандық климаттың жай-күйі» туралы алдын ала есебінде ғаламдық жылыну, құрғақшылық және жойқын су тасқыны миллиондаған адамдарға әсер етіп, миллиардтаған доллар шығын келтіргені айтылған. Желтоқсан айының соңында қатты дауыл Солтүстік Американың көп аумағына әсер етті. Боран, қар және суық температура АҚШ-тың шығысында төтенше жағдайға әкелді. Жауын-шашын, таулардағы қардың еруі және су тасқыны елдің батысындағы аудандарға залалын тигізді.
«Біз төтенше жағдайларға дайындықты арттырып, БҰҰ-ның алдын ала ескерту жөніндегі мақсатының алдағы бес жылда орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде ДМҰ-ның 193 мүшесінің тек жартысында ғана тиімді алдын ала ескерту қызметтері бар. Африка және көптеген аралдық елдердің метеорологиялық бақылауларында үлкен олқылықтар әлі де бар. Бұл ауа райы болжамының сапасына айтарлықтай теріс әсер етеді», – дейді профессор Таалас.