Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мемлекеттік комиссия атқарған іргелі істердің қатарында архивтік материалдарды табу мен енгізуден бөлек, құпия құжаттар негізінде 31 томдық жинақ жарыққа шыққан еді.
Репрессияға ұшыраған ел азаматтары туралы әлі де ақпар жиналып, зерттеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәуле Қожықова – заманында күллі түркі халқының саяси өміріне атсалысқан Алаш азаматының ұрпағы. Әліппе дайындап, әр салада біліктілігімен көзге түскен Қоңырқожа – тарихтағы қырғыз этнонимін "қазақ" деп өзгерткен мемлекет қайраткері. Оның санамалап жатып, тауыспайтын келелі ісі тарихты өзгертуге атсалысқанымен, сол заманда өзінің оққа ұшуына да себеп болды.
"Атамды тұтқындауға келгенде менің әкем Құлахмет Қожықов әскерде еді. Сұлтан ағамның кішірек кезі, кетіп бара жатқан атамның аяғынан құшақтап алыпты. Сонда әскерилер Сұлтан ағаға "Жібер, сенің атаң жаман. Ол – жаман адам" депті. Миығынан күліп "Сен жақсы өмір сүру үшін, әкең өлуі тиіс" деген сөздер айтылған. Кейіннен, әкем де, аға-інілерін де "халық жауының" ұлы болғаны үшін талай рет аяқтан шалды", – деді Қ. Қожықовтың қызы Сәуле Қожықова.
Қыспақ көрсе де, әке атын ауыр жазадан ақтап алу үшін ағайынды Қожықовтар талай есікті тоздырған. Қазақ киносының төлқұжаты – "Қыз Жібектің" режиссері Сұлтанахмет Қожықов пен оның ағасы Құлахмет тек 1957 жылы әділдікке қол жеткізген еді. Ал сол кездегі "халық жауларын" айыптан тазарту негізінен тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жолға қойылды. Қазақстанда бұл жазамен 100 мың адам сотталып, 25 мыңы атылды десек, қазіргі мемлекеттік комиссияның негізгі ісі де - осы айыптыларды ақтау, тарихты түгендеу.
"Комиссияның құрамында жүріп, тағы бір нәрсеге көзім жетті: біз осы уақытқа дейін интеллигенция өкілдері ғана қудаланып келді дедік. Ал шын мәнінде, қудалауға алынған негізінен тек қана интеллигенция өкілдері емес, сонымен бірге дін өкілдерінің, орта шаруалардың да сотталғанын, қудалауға алынғанын байқауымызға болады", – деді тарих ғылымдарының кандидаты Зира Төленова.
Қарт тарихтың қанды беті жабылған, тәуелсіз тарихтың тәтті күні жалғасқан тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құрған еді. 11 топқа бөлініп, ақтаңдақ жылдың алуан саласын зерттеген мамандар "Бұл 3 жылда тың мәлімет көп, жаңа ақпар баршылық" дейді. Ал құнды деректер аталған комиссияның жұмысы толық аяқталғанда жария болады.