Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы осы жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр атап өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Үлкен Алматы айналма жолында жалпы саны алты жолақты ақылы автомобиль трассасы болатыны және ол жолда сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етілетіні айтылды.
Алматыда және қала маңындағы кептелістерді азайту мақсатында ҮАААЖ-ында ақы алудың ашық жүйесі қарастырылған. Яғни, бұл жүйе айналма жолда шығар кезде және кіреберісінде шлагбаум қоюды қажет етпейді, – деді Жамбыл Бақтияр.
Журналистердің сұрағына жауап берген спикерлер ақылы жолдың 1 сағатқа 240 тг ұстайтынын атап өтті. Сондай-ақ қала, ауыл тұрғындарына бір айға обанемент берілетінін атап өтті.
Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына, мемлекет тарапынан қаржы бөлінбеді. Алматы-Қапшағай жолына қарағанда 2,5 қымбат деп жатыр. Біз түскен қаражаттарды жолға кеткен шығындарды өтеуге жұмсаймыз. Күніге осы жолмен жүретін тұрғындар бір айға обанемент ала-алады. Оның бағасы 1740 тг. Меніңше, бұл баға өте тиімді, тұрғындардың қалтасына ауырлық түспейді, – деді Жамбыл Бақтияр.
Айта кетейік, Үлкен Алматы айналма автомобиль жобасы концессия механизміне сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл дегеніміз, бір тарап екінші тарапқа объектілерді пайдалану немесе салу құқығын беретін келісім. Концессия әдетте мемлекеттер мен компаниялар арасында жасалады және белгілі бір шарттар мен мерзімдерге ие.
"БАКАД Инвестиции и Операции" ЖШС-нің пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев ҮАААЖ құрылысы барысында жоғары сапалы жабынға қол жеткізу үшін асфальтобетон төсеудің заманауи технологиялары мен әдістері қолданылатынын атап өтті.
Жол құрылысына жоғарғы сапалы материалдар мен жүк көліктерінің салмағын еш қиындықсыз көтере алатын асфальт жабындылары қолданылды. Бұл автомобильдердің тозуын азайтуға және оларды оңай басқаруына көмектеседі, – деді Нұрланбек Өмірбаев.