Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының Қалам-Қарасу ауылында тұратын Қанат Тұрмағамбетов қарлығаш құсы отбасының мүшесіне айналғанын айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Белгілі журналист Жасұлан Айсағалиев Торғайға барған сапарында сыйлас ағасының үйіне барып, керемет көрініске куә болған. Үй ішіне салынған қарлығаштың ұясын видеоға түісіріп алып, Instagram-дағы парақшасына жариялады. Бейнежазбада оның таңданыс білдіріп, "бұл үйге құт әкеледі" деп ырымдап жатқанын көруге болады. Ал үй иесі абзал құс бөлмеге жыл сайын ұя салатынын айтады.
Қарлығаш ұя салған үй. Ұстазым, жездем, ел ағасы Қанат Тұрмағанбетовтің шаңырағындамын. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған шаңырақ, — деп жазды Айсағалиев видео астына.
Жалпы, қарлығаш қазақ үшін аса қадірлі құстардың бірі саналады. Үнемі адамдарға жуық жүреді. Қарлығаштың ұясын бұзбау үшін Төле бидің үйді жықпағаны туралы аңыз да ұлтымыздың осы құсқа деген ерекше құрметін білдіреді.