Бұрынғы сотталушы несиенің заңсыз рәсімделгеніне сенімді, алайда кінәлілер әлі күнге дейін анықталмай, істің созылып жатқанына шағым білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Arnapress.kz-ке сілтеме жасап.
Тілеу Катранов колонияға 2009 жылы түскен. Несиені рәсімдеу кезінде ол Семейдегі «ОВ 156/15» мекемесінде болған, сотталушы ол жерден 2022 жылдың шілдесінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
2022 жылдың сәуір айында сотталушы өзінің атына 644 000 теңге сомасына онлайн-несие ресімделгенін біледі. Тілеу Катрановтың айтуынша, ол сол уақытта жазасын өтеп жатқандықтан телефон қолдануына мүмкіндігі болмаған және және физикалық тұрғыдан қарыз ала алуы мүмкін болмаған.
Несиелік келісімшарт 2021 жылдың 1 қарашасында жасалған. Ер адам шартты бұзу үшін банкке жүгінген. Алайда оған бұл үшін алдымен қарызды толық көлемде өтеу керек екені ескертіліп, бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.
Бостандыққа шыққаннан кейін Тілеу Катранов алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы прокуратураға арыз жазады. Өтініш Семей қалалық полиция бөліміне, ал 19 қазанда Әуезов полиция бөліміне жолданады.
Алайда кейінірек жәбірленушінің өтініші бойынша материал номенклатуралық іске есептен шығарылғаны анықталды (яғни қандайда бір құқықбұзушылық туралы деректер жоқ). Есептен шығару фактісі Әуезов полиция бөлімінің ресми рапортында расталды.
Сотқа дейінгі тергеу 2022 жылдың 4 қарашасында басталды. Тілеу Катранов тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін әу бастан қажетті шаралар қолданылмады деп санайды. Бұрынғы сотталушы колонияда бірге жазасын өтеп жатқан басқа сотталушыдан жауап алу қажеттілігі туралы мәлімдеді. Айта кетерлігі, кейінірек әлгі жауап алынуы тиіс жазасын өтеушіні басқа өңірге ауыстырғаны белгілі болды. Істе Әуезов полиция бөлімі аға тергеушісінің сотталушыдан (қазір елдің оңтүстігінде жазасын өтеп жатқан) осы іс бойынша куәгер ретінде жауап алу қажеттілігі туралы тапсырмасы бар.
«Жәбірленуші ретінде жауап алынған Катранов 2016 жылдан 2022 жылға дейін ОВ 156/15-те жазасын өтегенін көрсетті. 2022 жылдың сәуірінде оны мекеме бастығы шақырып, оған несие ресімделгені туралы құжаттың көшірмесін көрсетті. Алайда осы уақыт ішінде ол колонияда жазасын өтеп жатқанын және ұялы телефонға қол жеткізе алмайтынын ескере отырып, бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін айтты, сонымен қатар ол онлайн несие рәсімдеуді де білмейді. Кейінірек ол өзімен бірге жазасын өтеп жатқандардың бірі оны құжат үшін ұялы телефонмен суретке түсіргенін есіне түсірді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде қорғауға құқығы бар куәгер ретінде жауап алу қажеттілігі туындады», − делінген тапсырмада.
Алайда ұзақ уақыт бойы куәгерден жауап алу мүмкін болмаған. Жәбірленуші қала прокуроры Саид Аймұханның атына әскери анықтаушының әрекетсіздігіне шағым жазып, істі есептен шығару және куәдан жауап алмау фактісі туралы айтты. Сондай-ақ ол өтінішінде несие тек оның ғана емес, тағы алты сотталушының атына рәсімделгенін айтып, олардың аты-жөнін көрсетті. Оның айтуынша, олардың атына 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін қарыз ілінген.
«Менің ойымша, анықтау бөлімінің бастығы менің ісімді жасанды түрде созып жатыр. Жоғарыда айтылғандардың негізінде осы істі қарауды жеделдету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды сұраймын», - деп жазды Тілеу Катранов прокурордың атына жазған шағымында.
Прокурор шағымды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Прокуратура сотқа дейінгі тергеу барысын бақылауға алды.
«Қылмыстық іс материалдарын зерделеу іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығы қамтамасыз етілмегенін, яғни ҚР ҚПК-нің 24-бабының талаптары бұзылғанын көрсетті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында әскери анықтаушы факті бойынша барлық мән-жайды толық және объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттерін жүргізген жоқ. Тергеу үстірт жүзеге асырылған, осыған байланысты қала прокуратурасы жәбірленушінің дәлелдерін ескере отырып, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар берді», − делінген прокурордың жауабында.
Прокуратураға жүгінуден басқа, Тілеу Катранов Абай облысы ПД жеке қауіпсіздік басқармасының бастығына ресімдеуге қатысы бар банктік қарыздарды анықтау бойынша қызметтік тергеу жүргізуді сұрап өтініш жазды.
«№35 ИК қызметкерлері лауазымдық өкілеттіктерінен асыра пайдаланған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қабылдансын», − деп жазды ол өз мәлімдемесінде.
Бостандыққа шыққаннан кейін Тілеу Катранов жұмысқа орналасады. Алайда қазір ол өзінің күнкөрісін толықтай қамтамасыз ете алмай отыр − оның шоты бағаттаулы, ал несиені өтеу үшін жалақыдан пайыздар ұсталады.
Полиция департаментінде аталған дерек бойынша Семей қаласының Әуезов полиция бөлімі 04.11.2022 жылы ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданады», − делінген ПД жауабында.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сілтеме жасай отырып, ведомствода бұдан өзге еш мәлімет берілген жоқ, оған сәйкес қылмыстық істі тергеу барысы туралы мәліметтер жария етілуге жатпайды. Алайда қазір істі тергеу жәбірленушіден келіп түскен өтініштер мен дәлелдерді ескере отырып жүргізіліп жатыр деп сендірді.