Түркістан облысында 80 жастан асқан қария шаңырақ көтерді. Қарттар үйінде он жылдан бері тұратын Салтанат Ешанқожаева әжей мен Қашымбек Мұсақұлов қария отау құруға осыдан 4 ай бұрын шешім қабылдаған, деп хабарлайды «Алматы» арнасы.
Ерлі-зайыптылардың мәліметінше, олар 80 жастан асса да, өздерін сергек сезінеді. «Демалып отырсам, қасыма келіп «мені сені ұнатып қалдым» деді. Мен сенен үлкенмін ғой десем, «ештеңе етпейді, жасыңды бөлісіп аламыз» деп қалжыңдады», — деді әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Салтанат Ешанқожаева. Облыстық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 167 адам бар.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұнда бір-бірін ұнатып, отау құрғысы келетіндер жиі кездеседі. «Орталықта 120 ер, 54 әйел және 49 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Қазір келушілер саны азайды. Менің мұнда жұмыс істеп жатқанымызға 8 жыл болды. Осы аралықта байқағаным, отбасында әжелер қайтыс болған соң, атасын күтіп жасай алмай, осында алып келеді», – деді арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Дашти Каримов.