Тракторшы Архипов өрт кезінде қаза тапқандар тізіміне енгізіле ме
Абай облысында қайтыс болған тракторшы Сергей Архипов Семей орманындағы өрттен қаза болғандардың тізіміне енгізілмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
«Сергей Архиповтың денесі мен тракторы өрт болған аумақтан басқа жерде табылды. Ол өрт салдарынан қаза болмаған», - деді Ж. Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Абай облысындағы өрт аймағында жоғалып кеткен тракторшыға іздеу жарияланған болатын.
13 маусымда оның мәйіті өртті сөндіру орнынан 50 шақырым жерде табылды.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.