Талдықорған білім бөлімінің бұрынғы басшысының денесі өзеннен табылды
Алматы облысы Қаратал өзенінен Талдықорған білім бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Барманованың денесі табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Orda.kz telegram-арнасына сілтеме жасап.
Кеше түнде жергілікті балықшылар Қаратал өзенінен әйелдің денесін тауып, бұл туралы Талдықорған қаласының полициясына дереу хабарлаған.
Полицейлер суға батқан әйелді Талдықорған қаласының білім бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Барманова деп таныды.
Тексеруден кейін өлімнің себебін анықтау үшін Талдықорған мәйітханасына әйелдің денесін жеткізді.
"Қаратал өзенінің маңынан әйелдің денесі табылды. Зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Бұл факт қалалық полициясына ресми түрде тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, қызметкерлер өлімнің себебін анықтайды" делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Роза Барманова Талдықорғанның білім бөлімін 2016 жылдан 2022 жылға дейін басқарған. Оның орнына Жандос Жолдыханов келген еді. Алайда ол 280 млн теңге пара алды деген күдік бойынша қамауда отыр.