Астанада Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр деп хабарлады turkystan.kz.
Baq.kz сайтының мәліметінше, бүгін сотта Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, қазір «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұловадан куәгер жауап алынады.
«Мен «Алтын адамның әлем елдеріне шеруі» атты халықаралық көрмені Үндістанда өткізуге рұқсат берген емеспін. Себебі 2020 жылдың басында коронавирус пандемиясы басталып, көптеген елде шектеулер басталды. Осыған орай барлық шетелдік сапарларды, театрлық қойылымдарды, кинофестивальдерді, оның ішінде көрмелерді тоқтата тұруға кеңес бердік», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Оның айтуынша, осындай жағдайға орай 2020 жылдың 6 наурызында барлық республикалық, облыстық және бағынысты ұйымдарға хат та жіберілген.
«Шетелге шығуға ешкімге рұқсат бергенім жоқ. Оның ішінде Үндістан да бар, себебі бұл мемлекет 2020 жылғы жоспарда жоқ еді. Көрме материалдарының ол жаққа кеткені туралы мен кейін білдім. Сөйтіп Үндістанда локдаун жарияланып, барлық іс-шаралар тоқтатылды. Сол кезде көрменің материалдарын елге шұғыл түрде қайтару ұсынылды. Ал көрме өтуі тиіс қалған 4 мемлекетке бөлінген қаражат республикалық бюджетке қайтарылды», – деп атап өтті ол.
Еске салсақ, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылғы мамырда тұтқындалды. Ол «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесіне бөлінген миллиондаған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді.
Сонымен қатар, бұған дейін адвокат Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуді өтінді. Ол экс-министрдің денсаулық жағдайы жақсы емес екенін, зейнет жасындағы адама екенін алға тартты.