Маңғыстаулық сарбаз әскерге шақырылғанына бірнеше күн өткенде қайтыс болды. Оқиға Жамбыл облысы Қордайда болған. Қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі inaktau.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, 22 сәуірде Мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Әлібек Қалбай Гвардейский кентіндегі қалалық типтегі әскери ауруханада қайтыс болды.
"Сарбаз таңертең сапқа тұру кезінде талып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Алайда ол есін жимастан қайтыс болды. Жауынгердің қайтыс болу дегері бойынша тексеру басталды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы Әлібек Қалбайдың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылының тұрғыны 18 жастағы Әлібек Қалбайдың туыстарының сөзінше, ол 13 сәуірде шақырту алып, ҚР Қорғаныс министрлігінің 30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге барған. Бөлімше Жамбыл облысы Қордай ауылында орналасқан.
"Міне қазір анасымен бірге мәйітханада отырамыз... Оны бірнеше рет ұрған, басында іздер бар. Бүгін Ақтауға ораламыз. 13 сәуірде ұстап алып, әскерге жіберді, 18 сәуірде әскери бөлімге ұшып шықты, ал кеше таңертең әскери комиссариаттан хабарлама келді... Бүкіл Қазақстан білсін - әскерде балалар өледі, олар соққы көреді. Ол қызмет еткісі келмеген еді, бірақ оны жұмысына іздеп барып үлкен айыппұлмен қорқытты...", - деді марқұмның туысы Динара Тілесова.
Туыстары бұл оқиға әділ тергелетініне үміттенеді.