Меккеге қажылыққа апарамын деп 100-ден астам адамды сан соқтырған Kausar Travel компаниясының басшысы ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
КТК арнасының мәліметінше, компания иесі Медет Мұратбайұлы қажылыққа баруға ниет еткен адамдардың әрқайсысынан кемі мың доллардан алған.
Алайда қаңтар айында кетуі тиіс азаматтар сол күйі Мекке мен Мединаны көре алған жоқ. Ал Алматыдан жолға шыққан 57 адамды турфирма Медина қаласындағы жатақханаға тастап із суытыпты.
Сондықтан қажылар жатын орын мен тамаққа қосымша қаржы шығындап, қайтар жолдың билетін де өз ақшасына сатып алған. Қазір Kausar Travel-ден жолдама алғандар жаппай полицияға арызданып жатыр. Сондықтан жәбірленушілер санын нақты айта алмаймыз дейді полицейлер.
Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаевқа Умраның сертификатын келіншегі тосынсый ретінде туған күніне сыйлаған. Талай жылғы арманы болған киелі сапарға ерлі-зайыптылар 17 қаңтарда ұшуы керек еді. Алайда түрлі сылтау айтқан Kausar Travel турфирмасы 57 адамды үш күн кешіктіріп, Медина қаласына жеткізіпті. Бірақ қонаүйге бара сала, турфирма өкілдері орын дайындаймыз деп, сол күйі ізім-ғайым жоғалған.
– «Сол жерде күтіп отырғанда қонақ үйдің егесі шықты да, бұл жерде сіздерге орын броньдалмаған, бұл жерде қазір бос орын жоқ деп айтқаннан кейін, қайтадан автобус шақырып, бізді қаланың шет жағындағы жатақханаға апарып жайғастырды. Таңертең жетіде экскурсия болады, дайындалыңыздар деді де, Kausar Travel өкілі кетіп қалды. Содан біз азанда тұрдық. Тұрсақ, Kausar Travel өкілдері де жоқ, автобус та жоқ, тамағы да дайын емес, ақшасы да төленбеген», – дейді Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаев.
Жат елде тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіп, өзге турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мединадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырып берген. Тіпті қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын алып берген. Ал елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы Медет Мұратбайұлы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен.
– «Бастан-аяқ есептесек, біз келіншегіміз екеуімізге миллионнан аса шығын кетті. Ол тіпті демеушілердің ақшасын есептемегенде, өз басымыздан миллионнан аса шығынға кеттік қой. Демеушілер көп көмектесті. Қонақүйлер, тамақ. Демеушілер болмаса, қонақүй бір күнінің өзі 180 доллар екен», – деді Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаев.
Кіші қажылығын әупірімдеп жүріп өтеген азамат Меккеде Kausar Travel алдап кетті деген 70 шақты адамды кезіктірдім дейді. Бұл аздай, Алматы мен Шымкенттен қасиетті сапарға аттана алмай отырғандар көп. Олар тіпті полицияға да арыз жазған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары Kausar Travel-дың басшысына іздеу салып, Медет Мұратбайұлы Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.
– «Мекке мен Медина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің басшысы ұсталды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды», – деді Шымкент қаласы Еңбекші ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Ерлан Ирбаев.
Турфирмаға алданғандардың нақты санын полицейлердің өзі айта алмай отыр. Себебі, бұған дейін ұша алмағандары бар, мерзімінен қалып ақшасын қайтара алмай жүргендерден өзге, алдағы ақпан айына ақша беріп қойған азаматтар да бар. Сондықтан қасиетті сапарға шығамыз деп сан соққандар саны күн санап көбейіп жатыр.