Қаңтар айында қазақстандықтар ғаламшарлар шеруін тамашалай алады. Бұл Күн жүйесіндегі планеталардың бір аймақта бір қатар болып тізіліп тұратын құбылысы, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Андрей Солодовник.
"Қазір қысқы жұлдызды аспан ерекше әдемі. Бұл әсемдік Орион аспанға баяу көтерілген кешкі уақыттан бастап, "қысқы" шоқжұлдыздардың орнына күн шұғыласы қылаң бере бастайтын таңғы ерте уақытқа дейін жалғасады. Бұл уақытта әсем Веганы ежелден белгілі және көз қарықтырар Сириусты ауыстырады. Бірақ аспан өзінің тұрақты жаңаруымен де керемет. Әдетте, бұл планеталардың қозғалысымен байланысты болады. Бүгін де таңға қарай Венера – түн аспанындағы Айдан кейінгі ең жарық "шам" жарқырай түсті", - деді Солодовник.
Ол кешкі аспанда Венера жалғыз емес екенін атап өтті. Онымен қатар бірнеше планета сап түзеп тұр. Жалпы, Меркурийден басқа барлық дерлік ғаламшар бір қатарда тұр. Өткен ғасырдың соңында мұндай құбылыс ғаламшарлар шеруі деп атала бастады.
"Қаңтар айының аяғында ашық ауа райы жиі болады. Сондықтан қаңтардың осы түндерінде аспанға көз салуға шақырамын. Батыста көкжиекке жақын жерде Сатурн қазірдің өзінде сағат 19:00-да көрінеді. Бірақ қалалық жерде ғимараттар кедергі жасауы мүмкін. Сол жақта және одан жоғарыда ең жарық ғаламшар Венера тұр. Шамамен оңтүстікке қарай Юпитер және көкжиектен жоғары Торпақ шоқжұлдызында – Марс (оңтүстік-шығыс) орналасқан. Алыста орналасқан планеталар Уран мен Нептун да жақындай түседі. Нептун Балықтар шоқжұлдызында Юпитердің сол жағында, ал сол жаққа қарай Тоқтыда Уран орналасқан", - деп мәлімдеді Солодовник.
Бірақ алыстағы планеталарды көзбен көру мүмкін емес. Уранды көру үшін бинокль, ал Нептунды көру үшін телескоп қажет.
Ғаламшарлардың осылай орналасуы қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Содан кейін Сатурн Күнге жақындап, көзге көрінбей қалады. Венера Күннен алыстап, Юпитерге жақындайды. Осылайша "ғаламшарлардың шағын шеруі" бірте-бірте өзгеріп, наурыз айының ортасына дейін жалғасады.
"Осы құбылысты тамашалап, мына өмір диван және телефонмен, сондай-ақ аптасына бес реттік жұмыс күнімен шектелмейтінін ұмытпаңыз", - деп кеңес берді ғалым.