Қазақстанда зейнетақы 50 пайыз көтеріледі деген ақпарат тарап жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұған қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зейнетақы төлемдерін қайта есептеу арқылы 30-50 пайызға арттыру туралы ақпарат тарап жатқанын және мұның өтірік екенін хабарлады.
"Таратылған видеороликте зейнетақыны арттыру үшін 20 жылдан бастап еңбек өтілі және еңбек кітапшасында белгілі бір жазба болуы керек деп айтылады. Бұл жағдайда роликтің авторы оның қандай жазба екенін білу үшін сілтемеге өтуді сұрайды. Азаматтарға тексерілмеген сілтемелерге кірмеуге, сонымен қатар алаяқтар пайдалана алатын күмәнді интернет-ресурстарда өздерінің жеке деректерін қалдырмауға кеңес береміз", - делінген мәлімдемеде.
Министрлік азаматтарға тек ресми деректерді қолдануды, жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын ескертті.