19 маусым – Дүниежүзілік мотоциклшілер күні. Қазақстанда екі доңгелекті көлік кең танымалдыққа ие болуда, бірақ, оған қоса жолдардағы қауіпсіздік мәселесі де ушығып барады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 2023 жылдың 5 айында ғана мотоциклдердің қатысуымен 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Аталған жол апаттары салдарынан он адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Барлығы 734 мотоцикл жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Негізінен маневр жасау ережелерін бұзу, апаттық жағдайлар тудыру, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту және қарсы қозғалыс жолағына шығу бойынша жауапкершілікке тартылады", – деп атап өтті Алматы ПД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда ең көп проблема тудыратын – электр скутерлер мен мопед жүргізушілері. Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 4 мыңнан астам мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 114 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 128 адам жараланған, бір адам қаза тапты.
Мопедтер мен скутерлерге қатысты проблемалар жайында Қазақстанның ең танымал байкері – KZBIKE бірлестігінің басшысы Дмитрий Петрухин айтып берді.
"Әрине, олар көпшіліктің жүйкесін тоздыруда: жаяу жүргіншілерді де, автокөлік жүргізушілерін де. Әрқашан мопедистермен сөйлескенде, бірінші кезекте олардың есерсоқ секілді қатты жүргізіп қана қоймай, артында отырған жолаушыларының арнайы бас киімдері жоқ екенін айтамын. Бұған қатаң қарау керек, бірақ ол үшін бұл көліктерді заңдастыру қажет", – дейді Дмитрий Петрухин.
Оның айтуынша, мопед жүргізушілерін Қазақстан көшелеріндегі қозғалыстың толыққанды қатысушыларына айналдыру қажет. Ол үшін мұндай көлік құралдарын тіркеп, барлығын техникалық байқаудан өткізіп, иелеріне жүргізуші куәліктерін алдыру керек.